Жыл басынан бері Павлодар облысында Әдеп жөніндегі кеңесте 18 мемлекеттік қызметшінің тәртібі қаралып, оның төртеуі қызметтен босатылған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Ескендіров мәлім етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңестің 6 отырысында 52 мәселе қаралған. Оның ішінде 20 тәртіптік іс, 32 профилактикалық сипаттағы мәселелер тыңдалған.
— Департамент 9 ай ішінде мемлекеттік органдарға 58 бақылау шарасын өткізді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласында 7200-ге жуық заңбұзушылық анықталды. Заңбұзушылықтардың бірқатары мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін, тәртібін бұзу фактілерін құрайды. Бұл ретте өз міндетін толық орындамаған 107 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 1161 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Азаматтар мен заңды тұлғалардан түскен
182 өтініш қаралды. Жұртшылық көп жағдайда жер, тұрғын үй қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерін және әдеп нормаларын дұрыс орындамауы жөнінде шағым түсірді, — дейді А.Ескендіров.
Асхат Батыржанұлының сөзінше, жыл басынан бері азаматтық сектор және ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері облыс мекемелеріне 90-ға жуық тексеру жүргізген. Нәтижесінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 20-дан астам заңбұзушылықтар мен әкімшілік кедергілердің орын алғаны анықталды. Мониторинг барысында бірқатар мекемелерде пандустар, тактильді жүйе және шақыру түймелері орнатылмағаны белгілі болды. Мұндай жағдайлар адамдардың мемлекеттік ұйымға келу жағдайын қиындатқан. Олқылықтар Атамекен кенті әкімінің аппараты мен Жетекші ауылы әкімінің аппаратында тіркелген. Тексеру кезінде мемлекеттік органдардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде көмекке мұқтаж 24 адамның құқығы қорғалды.
Атап өтерлігі, биыл 9 айдың ішінде облыс тұрғындарына 9 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 94 пайызы электронды форматта жүзеге асқан.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.