Өңірдегі әлеуметтік дүкендерді бірінші кезекте керек азық-түлікпен қамтуға «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тікелей жауапты. Бұл мекеме сауда орындарындағы өнім бағасын тұрақтандыруы да тиіс. Алайда бұл бағыттағы жұмыс кемшін түсіп жатыр.
Таяуда облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өткен жылғы және жыл басынан бергі жұмысы қорытындыланған жиын өтті.
Жалпы, былтыр «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2,6 миллиард теңге бөлініп, оның 1,8 млрд теңгесі игерілді. «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 10 млрд теңге игі іске жұмсалды. Сондай-ақ, жыл ішінде корпорацияның қатысуымен жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге екі инвестициялық жоба іске асырылды. Ал агроөнеркәсіптік кешен саласына 4 млрд теңгеге несие берілді.
«Павлодар» ӘКК негізгі жұмыс бағыттарының бірі – тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамту. Бүгінде тұрақтандыру қорында 2,3 млрд теңгеден астам сомаға 11,1 мың тонна азық-түлік қоры бар. Бұл өнім 203 серіктес дүкенге жөнелтіледі. Корпорацияның тұрғын үй құрылысы саласында да үлесі бар. Өткен жылы оның қатысуымен 43,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл қорытындысы бойынша ӘКК кірісі жоспарлы 130 млн теңгенің орнына 310 млн теңгені құрады. Бұл жоспарлы көрсеткіштердің екі есе артқанын көрсетеді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бүгінгі күні 2,2 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 10,5 мың тонна өнім бар. Жақын арада жұмыртқа, тұз, макарон және ерте өсетін көкөністерді қосымша сатып алу жоспарлануда. ӘКК-нің 2024-2025 жылдарға арналған салымдары мен инвестицияларының жалпы көлемі 11,8 млрд теңгені құрайды. Негізгі бағыттардың қатарына трамвай басқармасының жарғылық капиталын ұлғайту, тұрғын үй құрылысын дамыту, қант зауытын салуға инфрақұрылым құру, шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын қолдау жатады.
Ал биыл 13 млрд теңгеден астам сомаға өнімдер мен қызметтерді орындау жоспарланған. Оның ішінде 11 млрд теңгеден астам сома тұрғын үй құрылысы саласындағы жобаларды іске асыру есебінен алынады деп күтілуде. Олардың қатарында Назарбаев көшесі, 309а (420 пәтер), Ладожская көшесі, 2 (96 пәтер) тұрғын үйлерінің құрылысы бар.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бүгінгі күні 2,2 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 10,5 мың тонна өнім бар. Жақын арада жұмыртқа, тұз, макарон және ерте өсетін көкөністерді қосымша сатып алу жоспарлануда. ӘКК-нің 2024-2025 жылдарға арналған салымдары мен инвестицияларының жалпы көлемі 11,8 млрд теңгені құрайды. Негізгі бағыттардың қатарына трамвай басқармасының жарғылық капиталын ұлғайту, тұрғын үй құрылысын дамыту, қант зауытын салуға инфрақұрылым құру, шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын қолдау жатады.
Бұл ретте аймақ басшысы ӘКК жұмысының бірқатар бағыт бойынша нәтижесі төмен екенін сынға алып, жұмысқа көңілі толмайтынын білдірді. Айталық, корпорацияның басты міндеттерінің бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру болғанымен, қазіргі уақытта қабылданып жатқан шаралардың жүйелі әсері байқалмайды.
— ӘКК-нің басты міндеттерінің бірі — негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру. Алайда, қабылданып жатқан шаралардың жүйелі әсерін көріп отырған жоқпыз. Сонымен қатар, мен әрбір бағыт бойынша тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) анықтауды тапсырдым, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өткен жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы және агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар аясында берілген бюджеттік несиелерді қайтару мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырғанын атап өтті. Осы бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар туралы нақты есептерді ұсынуды талап етті.
Құрылыс мерзімдерін сақтау мәселелері де көңіл көншітпейді. Бұл бағытта жүйелі мәселелер баршылық. Асайын Байханов атап өткендей, мердігерлік ұйымдардың жұмысына бақылаудың әлсіздігі, жұмыстарды орындау мерзімдерінің сақталмауы жұмысқа кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты құрылыс жобаларының іске асырылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Жиын барысында қант және крахмал зауыттарын салу, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен трамвай паркін дамыту, Павлодар мен Ақсу базарларын жаңғырту, басқа да ірі жобалар қозғалды.
Түйіндей келе, аймақ басшысы ӘКК жұмысының нәтижелілігін арттыру, мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейту, бюджет қаражатын қайтару және өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық жобалары бойынша жұмыстарды жандандыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.