Бұрнағы күні облыс орталығындағы Достық үйінде Конституция күніне орай «SARAP» эксперттік клубының «ҚР Конституциясы және цифрлық демократия: жаңа технология арқылы азаматтық құқықты нығайту» атты аймақтық жиыны өтті. Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, заңгерлер, жастар белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алқалы жиында елдегі демократия тәжірибесі, азаматтардың электрондық өтініштерін қарау, цифрлық кеңістіктегі азамат құқығын сақтау, ондағы үрдістер мен сын-қатерлер мәселесі талқыланды. Алдымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс тек сайлау мен референдум кезінде ғана емес, күнделікті шешім қабылдау процесінде де маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, 2019 жылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясы ұсынылып, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын жаңа институттар іске қосылды. Соның аясында қоғамдық кеңестер, Ұлттық құрылтай, петициялар, қоғамдық тыңдаулар өткізілуде.

— Қазақстандық қоғамдық даму институты тікелей министрліктің қолдауымен 2021 жылдан бері «Sarap» эксперттік клубының 49 отырысын өткізіп, 1500-ге жуық адам қатысты. Биыл отбасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, гендер, азаматтық қоғам, Құрылтай тақырыптарын 10 өңірде талқыға саламыз. Осылайша өңірлер мен орталықты байланыстыратын сарапшылар пулын құру көзделген. Жақында Көкше жерінде Құрылтай өткізу, Семейде азаматтық жауапкершілік мәселесін талқыладық. Енді 50-ші отырысымызда Павлодар облысының сарапшыларымен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз, — деді О.Бейсенбаев.

Сонымен қатар, басқарма төрағасының орынбасары бүгінгі таңда Қазақстан цифрлық дамудың даңғыл жолына түскенін, электронды үкіметті дамыту индексінде (БҰҰ) еліміз 28-орынға ие екеін еске салды. Оның сөзінше, 2022 жылы ШЫҰ, ТМД елдері арасында цифрлық қызмет көрсету бойынша біздің еліміз көшбасшы болды.

— Өздеріңіз білетін «E-Otinish» бірыңғай жүйесіне 25 009 мемлекеттік орган мен ұйым қосылған. Оның ішінде 19 794-і – жергілікті атқарушы органдар. «E-Otinish»-пен 2021 жылғы 1 шілдеден бастап осы күнге дейін 7,8 млн өтініш түскен. «Smart Data Ukimet» арқылы биылғы 1 қаңтардан бастап 2,3 млн өтініш тіркелген. Яғни, бүгінде барлық өтініштің 70 пайызы электронды түрде келіп түседі. Бұдан байқайтынымыз, «Big Data Analytics» және «Data Science» құралдары азаматтық белсенділікті зерттеуге, оны оңтайландыруға, тиісті шешім қабылдауға жол ашып отыр. Жалпы, азаматтық қатысуды кеңейту және конституциялық құқықтарды қамтамасыз ету үшін цифрлық технологияларды шет мемлекеттер белсенді түрде қолданады. Мысалы, Эстонияда азаматтарға интернет арқылы дауыс беруге мүмкіндік беретін «i-Voting» жүйесі, сондай-ақ, электронды петициялар мен пікірталас алаңы енгізілді. Исландия азаматтардың басқаруға тікелей қатысуы үшін «Better Reykjavik» платформасын пайдаланады. Саяси партиялар сайлаушылардың қатысуын арттыру үшін цифрлық құралдарды да енгізуде. Жалпы, цифрлық технологияларды мемлекеттік басқаруға, оның ішінде саяси партиялар жұмысына енгізу азаматтардың қатысуын кеңейтуге, оларға деген сенімді арттыруға көмектеседі, — деп толықтырды ол.

Жиын барысында облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко Павлодар облысы бойынша бірнеше көрсеткішке тоқтала кетіп, «Smart Data Ukimet» платформасында, 10 000 адамға шаққанда Павлодардағы өтініш саны жоғары болмаса да 15 орында, аймақтардағы шағымдардың үлесі бойынша (лауазымды адамдардың әрекетіне/әрекетсіздігіне) 2-орында келе жатқанын айтты. Павлодар облысы бойынша барлық шағымның төрттен бірі денсаулық сақтау және білім беру саласына қатысты екен.

— Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың азаматтардың құқықтарын жүзеге асыру мен қорғауға айтарлықтай әсері байқалуда. Жаңа технологиялар азаматтық құқықтарды нығайтудың, азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуына ықпал етудің және құқықтық қорғау деңгейін арттырудың қуатты құралы болып табылады. Цифрлық демократия азаматтық құқықтарды жүзеге асыру мен қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып беруге ықпал етуде. Цифрландыру жағдайында қоғамның табысты дамуын қамтамасыз ету үшін конституциялық тетіктер өзгерістерге бейімделуі тиіс. Қоғамдық үрдіс цифрлық кеңістікке кең таралғанын, жаңа мүмкіндіктердің ашылғанын ескерсек, сонымен қоса ақпараттық манипуляция, инфодемия, деректердің құпиялылығы, кибершабуыл сияқты сын-қатер де күшеюде. Бұл цифрлық кеңістіктегі этика мен нормаларды да қайта қарауды қажет етеді, — деді ол.

А. МҰҚЫШЕВ.