Кеше Астанада Қазақстан Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды. 3-4 шілде аралығында өтетін маңызды шарада аталған Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ өзекті мәселелерді талқылайды.

Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысуда. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің төрттен бірі және жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылды. Бүгінде ШЫҰ-ға ресми түрде 9 ел мүше. Олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан. Ал биыл ұйымның елордада өтетін саммитінде Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Осылайша, мүше мемлекеттердің саны онға жетті.

5 жыл ішінде Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 56,5 пайызға өскен. Жақында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның ұйымға төрағалық етуін жоғары бағалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ төрағалығы Қазақстанға көшкен кезден бері 100-ден астам түрлі іс-шара мен кездесу, соның ішінде энергетикалық, цифрлық және туристік форумдар өткізілді. Ынтымақтастықтың түрлі саласында 30-дан астам құжат әзірленді.

«Ыстық экономика, суық саясат» қағидатын басшылыққа ала отырып, Қазақстан ШЫҰ инвестициялық қорын және экономикалық преференциялар базасын құру жөнінде ірі бастамалар көтерді.

Басқосуда Астана декларациясынан бастап, «Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы» және «Шанхай ынтымақтастық ұйымын жетілдіру туралы» бастамалар қабылданады.

Өз тілшіміз.