Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет пилоттық режимде сайланған әкімдердің бірі – Шарбақты ауданының тізгінін ұстап отырған Сержан Ерғалымұлы Иманқұлов. Оның осынау жауапты жұмысқа кіріскеніне тура бір жыл толған екен. Осы уақыт аралығында өңірде не өзгерді? Халық қамы үшін қандай жұмыстар атқарылды? Жалпы, ауданның қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы қалай? Бұл сұрақтардың жауабын аудан әкімінің өз аузынан естіген едік.
— Сержан Ерғалымұлы, алғашқы сауалымызды аймақтағы астықты ауданның ағым-дағы жиын-терім жұмыстарынан бастасақ. Қамба дәнге қаншалықты толды және оны сақтау мәселесі қалай шешілуде?
— Биыл бұл бағыттағы жоспар ойдағыдай орындалды деп айтуға болады. Аудан бойынша 206 мың гектар жерге егін егілді, оның ішінде 133 мың гектары — дәнді дақылдар. Бүгінгі күні астық толығымен жиналып, қамбаға жеткізілді. Өткен жаз жауын-шашынды, ылғалды болғандықтан егін де бітік шықты. Шамамен әр гектарынан 11,9 центнер өнім алдық. Ал майлы дақылдарға тоқталар болсақ, аудан бойынша 50 мың гектар жерге себілді. Оның орташа шығымдылығы гектарынан 8,8 центнерді құрады. Бүгінгі таңда өңірде дәнді дақылдар 100 пайыз жиналды. Бастысы, шаруалар ала жаздай төккен маңдай тердің ақталғанына дән риза.
Атап өтерлігі, біздің өңірде астық сақтау жағынан ешқандай мәселе жоқ. Себебі, Шарбақтыда 61 мың тонна сыйымдылығы бар 48 астық қоймасы салынған. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 50 мың тоннаны құрайтын элеватор бар.
— Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Мал азығын дайындау жұмыстары қалай жүріп жатыр?
— 2024 жыл шарбақтылық шаруалар үшін сәтті болды. Егінмен қатар, шөптің шығымы да жақсы. Нәтижесінде, қысқы мал азығы, яғни жем-шөпті артығымен жинап алдық. Нақтырақ айтсақ, қорымызда бір жарым жылға жететін мал азығы бар. Бүгінгі күні «жем-шөп жетпей қала ма?» деген қорқыныш жоқ.
— Су — тіршілік көзі дейміз. Бұл өңірде ауызсу мәселесіне қатысты қиындықтар бар ма?
— Қазіргі таңда Шарбақтыдағы барлық елді мекенде таза ауыз- су бар. Негізі, тұрғындар саны 200-ден асатын ауылдар жаппай орталықтандырылған сумен қамта-масыз етілген. Былтыр жыл соңында Малиновка, Сахновка және Сынтас ауылдарында 3 орталықтандырылған таза су станциясы қолданысқа берілді. Сондай-ақ, 6 ауылда кешенді блок-модульдер (КБМ) орнатылған. Бірақ мәселе де жоқ емес. Мысалы, Шарбақты ауылындағы орталықтандырылған су магистральдары Кеңес үкіметі кезінен бері келе жатқандықтан әбден тозығы жеткен. Келесі жылы оларды ауыстыру, жаңарту үшін жоспар жасалып, 2026 жылы бұл бағыттағы жұмыстарды қолға аламыз деген ой бар.
— Өзге салалардың тыныс-тіршілігіне ойыссақ… Бүгінде өңірде қан айналым жүйесі мен онкологиялық аурулардың өскені байқалуда. Мұның алдын алу үшін қандай қадамдар жасалуда? Жалпы, денсаулық сақтау жүйесінде қандай жұмыстар қолға алынуда?
— Өкінішке қарай, осы жылдың 1 қарашасына дейінгі жағдай бойынша өңірде қан айналым жүйесі аурулары 115,0 пайызға, онкологиялық сырқатар 118,1 пайызға өскені белгілі болды. Біз медицина саласының жұмысын жандандыру үшін қолдан келгенше барлық мүмкіндікті қарастырудамыз. Мәселен, тек ағымдағы жылы аудандағы емдеу мекемелеріне 17 жас маман еңбек етуге келді. Олардың осында сіңісіп кетуі үшін жағдай жасаудамыз. Соған қарамастан, ауданда маман тапшылығы мәселесі әлі де бар. Бүгінде Александровка, Галкин ауылдарындағы амбулаторияларда жалпы тәжірибе дәрігері жоқ. Орталық ауруханаға онколог, басқа да салалық мамандар ауадай қажет болып тұр. Өңірге жас мамандарды тарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ауданымызға тағы да дәрігерлер келеді деген үміттеміз. Осы орайда мемлекеттік «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы сәтті жұмыс істегенін атап өткен жөн. Бағдарлама аясында мамандарға көтермеақы беріліп, пайызсыз бюджеттік несие алуына мүмкіндіктер жасалды. Осындай жүйелі жұмыстарды ары қарай жалғастыру арқылы маман тапшылығы мәселесін толық жабуды мақсат етіп отырмыз.
Денсаулық сақтау саласында сондай-ақ, медициналық меке-мелердің санын арттыру, жөндеу жұмыстарына басымдық берілуде. Айталық, ағымдағы жылы Арбиген ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Көп кешікпей пайдалануға беретін боламыз. Сонымен қатар, Сахновка ауылындағы медициналық пунктке толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл аудандағы үш дәрігерлік амбулаторияға облыс басшысының атынан көліктер тарту етілді.
Осылайша, соңғы екі жылдың ішінде Шарбақтыдағы барлық дәрігерлік амбулатория жаңа көлікпен қамтамасыз етілді.
— Естуімізше, аудан мектеп-терінің 50 пайызы орыс тілінде оқытады. Қазақ сыныптарының санын көбейту жоспарда бар ма?
— Әрине, мұндай мәселе бар. Шарбақты ауданы шекара шебінде орналасқан әрі осындағы тұрғын-дардың небары 48 пайызы ғана қазақ ұлтының өкілдері болғандықтан, бұл жағдайды бірден түбірімен шеше алмаймыз. Бірақ бүгінде өңірдегі барлық мектепке дейінгі мекемеде мемлекеттік тілде білім беретін топтар бар. Ертең ондағы балғындар қазақ сыныптарының табалдырығын аттайды деген үміттемін. Өйткені, қазақ тілін меңгеру — заман талабы! Сондықтан осы мәселе біртіндеп жүйелі түрде оң шешімін табады деп сенемін.
— Мәдениет саласын дамыту үшін қандай жұмыстар қолға алынуда?
— Осы салада да көп жұмыс атқарылып жатыр. Алдымен мәдениет нысандарын жаңғыртуға баса көңіл бөлінуде. Былтыр бір ауылдың, биыл тағы бір елді мекеннің мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы аудан орталығындағы мәдениет үйін жөндеп, заманауи үлгідегі мәдени мекеме етіп қайта ашуды жоспарлап отырмыз. Аудан мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
— Ауылдарда әлеуметтік нысандар салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жалпы, елді мекендерді гүлдендіруге арналған «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? Ауданның неше ауылы аталмыш бағдарламаның шапағатын көрді?
— Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында екі елді мекенде, яғни Шегірен және Шалдай ауылдарында бірқатар игі іс жасалды. Шегірендегі мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Жолдары жөнделді. Ал Шалдай ауылында дене шынықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оны осы жылдың соңына дейін пайдалануға береміз деген жоспар бар. Негізі, бұл екі жылдық жоба болған еді. Облыс әкімінің қолдауымен қосымша қаражат бөлініп, бір жылдың ішінде жаңа кешеннің құрылысы аяқталуда. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен ауылды жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен балаларға арналған ойын алаңы салынды. Келесі жылы Алексеевка ауылында осындай жұмыстар қолға алынады деп күтілуде. Бүгінгі таңда қаржыландыру жүргізіліп, конкурстық шаралар өтуде.
Жалпы, ауданымызда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Кезең-кезеңімен өзге ауылдар да бұл бағдарламаның жемісін көреді деген үміттеміз.
— Бүгінде көп адам үшін баспаналы болу басты мәсе-леге айналып отыр. Бұл ретте, аудандағы тұрғын үйге мұқ-
таж жандардың жағдайы қаншалықты ескерілуде?
— Баспана мәселесі әрдайым назарымызда. Осы жылдың басында 2 пәтер сатып алуды жоспарлағанбыз. Облыстық бюджеттен қосымша қаржы қарастырылып, нәтижесінде биыл көпбалалы 6 отбасына жаңа пәтерлер берілді. Үйлердің сапасы тамаша,
тұрғындар көңілдерінен шықты.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 169 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға жататын 137 адам бар. Келесі жылы тағы да қаржыландыру мәселесі шешілсе, салынатын пәтерлердің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен келіс-сөздер жүргізудеміз. Егер қаражат жетсе, 100 пәтерге дейін салуға болады.
— Шарбақты ауданына көшіп келушілер қатары көбейген екен. Көші-қон бағдарламасы басталғалы бұл өңірге қанша адам қоныстанды және олардың тыныс-тіршілігі қалай?
— Көші-қон бағдарламасы басталғалы ауданымызға 1337 адам қоныстанды. Яғни, шамамен бұл көрсеткіш үш ауылдың тұрғынына пара-пар. Қоныс аударып жатқан ағайындардың көбі Шегірен, Маралды ауылдарына шоғырлануда. Негізі, көшіп келушілердің 70 пайызы аудан орталығын таңдайды. Бірақ біз олармен байланысқа шығып, кәсіппен айналысуы үшін ауылдық жерлерге баруға кеңес береміз. Себебі, ауылдарда жер бар, мал және егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Қазіргі таңда елді мекендердің жағдайы едәуір жақсарып келеді. Мәселен, Арбиген ауылына керемет емхана салынды. Елді мекен маңынан 2 мың гектарға жуық жерді қайтарып алдық. Егер осында алыс-жақыннан адамдар көшіп келсе, оларға осы жерлерді тіршілік жасау үшін үлестіріп береміз. Яғни, алдын ала қоныстанушылардың қамын жасаудамыз. Сол сияқты Есілбай, басқа да ауылдар бар. Біздің басты мақсат – қоныстанушыларды осындай шағын ауылдарға орналастырып, ондағы мектептердің жабылып қалмауына жағдай жасау. Бір мысал келтірер болсам, ауданымызда Марияновка деген оңтайландырылған ауыл бар. Мұнда небары төрт-бес үй ғана қалған еді. Көші-қон бағдарламасының арқасында бірнеше отбасы келіп, жаңа үй, қора салып, ел іргесі кеңеюде. Бұл ауылдың маңында жер көп, мал ұстауға өте қолайлы. Аудан тұрғындары кезінде қаңырап бос қалған Марияновкада жаңа үйлер салынып жатқанын естіп таң қалуда. Болашақта мұнда үй саны көбейеді деп сенеміз. Сол үшін мал өсіріп, егін салып, ел қатарлы бай-қуатты өмір сүргісі келетін ағайынды ауылға баруға шақырамын. Ал аудан орталығында тек сауда-саттық қана жасауға болатынын ескерткім келеді.
— Осы ауданға әкім болып сайланған кезде алдыңызға межелі мақсаттар қойып, жоба-жоспарлар жасаған шығарсыз. Қаншалықты орындалуда?
— Өзімнің сайлауалды бағдар-ламамда жол картасын жасаған болатынмын. Сол бойынша 2024 жылы ауданда 40 жобаны жүзеге асыру міндетін қойған едім. Тұрғындардың өтініші бойынша бұл жобалардың саны 60-қа дейін ұлғайды. Оған облыс басшысы қолдау көрсетіп, қосымша қаражат қарастырылды. Сөйтіп, тек ағымдағы жылға бекітілген 60 жобаның 58-і орындалды. Олардың қатарында мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, аулаларды абаттандыру, басқа да ілкімді іс-шаралар бар. Демеушілер тарапынан да көп көмек көрсетілді. Амандық болса, осы жылды қорытындылап, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан демеушілерімізді, жанашыр азаматтарды халық алдына шығаратын боламыз. Ел өз өлкесінің қолдау-шыларын, жомарт жандарын танып-білуі тиіс.
— «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген қағиданы қаншалықты ұстанасыз? Яғни, тұрғындармен жиі жүздесіп тұрасыз ба?
— Мен Президенттің жобасы бойынша халық сенім артып сайлап алған әкімдердің қатарынанмын. Сондықтан тұрғындармен әрдайым біргемін және бәріне қолжетімді адаммын деп айта аламын. Апта сайын аудандық газетке телефон, ватсап нөмірім жарияланады. Сол арқылы әр тұрғын маған тікелей байланысқа шыға алады. Сонымен қатар, бізде екі ватсап группа бар. Осы екі чатта 2 мыңнан астам аудан тұрғыны отырады. Олар сол жерде де сұрақтарын қойып, тиісті жауабын алып жатады. Қысқасы, халықпен біргемін.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Нұржайна ШОДЫР.