Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының мамандары, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға және бәс тігуге қатыса алмайды. Мұндай талап заңда бекітілген. Ережеге бағынбағандар қызметімен қош айтысады.

Облыс орталығындағы «Достық үйінде» мемлекеттік қызметшілермен ойын мекемелеріне барудан тартыну және құмар ойындарға қатысуға тыйым салу мәселелері бойынша өңірлік форум өтті. Шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Ескендіров, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерік Есенов және басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері  қатысты.

Маңызды жиында Асхат Батыржанұлы облыста құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметшілер тіркелмегенін айтады. Бірақ еліміздің өзге өңірлерінде мұндай фактілер орын алған. Биыл қыркүйек айында елімізде құмар ойындар мен лотереялық қызмет мәселелері бойынша заң күшіне енді. Құжатта мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салу, құмар ойындар өткізілетін мекемеге бару тәртібі бекітілген.
Заң ережелерін орындау мақсатында аймақта түсіндіру және профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда.

Павлодар облысы бойынша эконо-микалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерік Өмірбекұлы құмар ойынға әуес адамдардың саны көп екенін айтады.

— Мемлекеттік қызметшілер лудоманиядан аулақ болуы тиіс. Өйткені құмар ойынның емі жоқ. Құмар ойындарын заңсыз ашу ісімен айналысқандарға жаза қатаңдады. Мұндай адамдар 4 жылдан 7 жылға дейін сотталады.  Мысалы, Покер ойыны мыңдаған аудитория жинаған.  Ұйымдастырушыларға түскен табыс көлемі 100 млн теңгені құрайды. Ал мессенджерлермен ойнаған адамдардың саны 4 мыңнан асады. Бұл — тек еліміз бойынша қазан айында ғана тіркелген дерек. Жоғарыдағы 4 мың адамның ішінде мемлекеттік қызметшілер де бар, — дейді Е.Есенов.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастырушылық бақылау тобының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Серік Муслимов онлайн форматта бәс тіккен мемлекеттік қызметшілердің әрекеті банк арқылы бақыланатынын айтады.

— Онлайн форматтағы құмар ойынға бәс тігу мобильді банкинг арқылы жасалады. Төлем операциясында құмар ойынға шотты толтыру ұяшығы бар. Мобильді банкингтер құқық қорғау органдарының, мемлекеттік қызметшілердің сұранысы бойынша тексеріледі. Мысалы, мемлекеттік қызметші құмар ойынға салынған деген күдікке ілінсе, банктегі есеп- шотының көшірмесін әкелуі тиіс. Сол арқылы оның құмар ойынға барғаны не бармағаны анықталады, – деді Серік Муслимов.

Шараға қатысушылар мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойынға деген тәуелділікті жою, одан бойын аулақ ұстау мәселелерін жан-жақты талқылады. Заңға бағынбағандар жұмыстан шығарылмақ.

Атап өтерлігі, биыл облыс аумағында жасырын казино  ұйымдастырған адамдар тобы қолға түскен. Құрықталғандардың негізгі сервисі Павлодар қаласында орналасқан. Республика көлемінде жұмыс істеген топ қыруар қаражатқа кенелген.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.