Өткен аптада Павлодар облысында АЭС салу мәселесін түсіндіру бойынша Халықтық штаб құрылған болатын. Оның құрамына облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, партия филиалдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қоғамдық ұйымдардың басшылары енді.
Жуырда іскер әйелдер қауымдастығы да атом электр станциясының құрылысын қолдау үшін халықтық штабқа қосылды. Павлодар облысы бойынша Қазақстан әйелдер күштері Альянсының төрағасы Раушан Даумова әріптестерінің атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы шешіміне қолдау білдірді.
– Атом электр стансасын салу – біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды мәселе. Бұл міндетті түрде референдумда шешілуі тиіс. Соңғы таңдау құқығы – халықта. Әр адам өз азаматтық ұстанымын білдіруі керек, – деді Павлодар облысы бойынша Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының төрағасы Аурика Дяк.
Бұған дейін халық штабына «JEBE» қоғамдық бірлестігі қосылған болатын.
— JEBE» қоғамдық бірлестігі осы уақытқа дейін елімізде орын алған бірқатар саяси, қоғамдық мәселелердің бел ортасында жүрді. Алдағы уақытта да солай болмақ. Біз еліміз үшін маңызды саналатын АЭС салу мәселесінде де қалыс қалмауды жөн санадық. Жұртшылықты ұстанымымызды айқындап, таңдау жасауға шақырамын, — деді «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов.
Павлодар облысы бойынша халықтық штабтың төрағасы Илья Теренченко аймақта қоғамдық пікір көшбасшылары, сарапшылар, жастар өкілдерінен тұратын үгіт-насихат топтары құрылғанын айтады. Штаб 300 мыңға жуық адамды қамти отырып, 1200-ге жуық үгіт-насихат іс-шарасын өткізуді жоспарлауда.
Бүгінде облыстық Халықтық штаб өкілдері Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС қызметкерлері мен жергілікті тұрғындармен кездесті. Сонымен қатар, штаб мүшелері Шарбақты, Ертіс, Ақтоғай, Аққулы аудандарына барды. Бұдан бөлек, жұмыс тобы «Қазхром» АҚ ұжымымен және Ақсу қалалық ауруханасының қызметкерлерімен кездесіп, атом электр стансасының құрылысын талқылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.