Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тізімі бойынша өңірімізден сайланған ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ажар Сағындықова өңірлерді аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, назарға алуда. Халық қалаулысы сайлаушылардың осы өтініш-тілектерін биік мінберден биліктің құлағына жеткізбек. Сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Ажар Бақытқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде қандай жұмыстар атқарудасыз?
— Жалпы, депутат ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінде мемлекеттегі маңызды мәселелерге қатысты заң жобаларын қараймыз және әзірлейміз. Осы уақытқа дейін 5 депутаттық сауал жолдадым. Қазіргі таңда депутаттық демалыста болсам да, өңірлердегі сайлаушылармен кездесудемін. Бүгінге дейін Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарына жол түсіп, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайттым. Бұл жүздесуде айтылған тілектер алдағы уақытта тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында септігін тигізетін болады.
— Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде қандай мәселелерді көтердіңіз?
— Біздің комитетте экологияға қатысты еліміздің барлық мәселелері қарастырылады. Соның ішінде, Екібастұз жылу-электр станциясында орын алған апаттық жағдай – мен үшін өзекті проблемалардың бірі. Сондықтан эколо-гия мәселелері және табиғат пайдалану комитеті профильді министрліктер, әкімдіктер мен энергетикалық компаниялар басшылығының қатысуымен отырыс өткізіп, «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС жылу-энергетикалық орталығына бардық. Сонымен қатар, Мәшһүр Жүсіп және Абай көшелеріндегі Екібастұз жылу магистральдарындағы жөндеу жұмыстарына тексеріс жүргіздік. Бүгінде комитет депутаттары аталған жайт бойынша келіп түскен барлық ұсыныстарды ескере отырып, осы саланың толыққанды жұмыс істеуі үшін заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өзім Павлодар облысының тумасы болғандықтан, Екібастұз ЖЭО-ның құрылысын жіті қадағалауға алып отырмын. Сондай-ақ, комитетіміз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзін іске асыру шеңберінде «Электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа моделін әзірлеу мәселелері туралы» көшпелі отырыс өткізді. Осы уақытқа дейін экологиялық проблемалар және оларды шешу жолдары, «Азаматтық қорғау туралы» заңнаманы жетілдіру мәселелері, газ саласына қатысты тақырыптар әрдайым талқыланып тұрады.
— Сіз Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайландыңыз. Қазіргі таңда партияның сайлауалды бағдар-ламасы қаншалықты жүзеге асуда?
— Сайлауалды бағдарламаны аз уақытта орындау мүмкін емес. Дегенмен, I сессияның басынан бері фракция депутаттары партиямыздың сайлауалды бағдарламасында көтерілген маңызды тақырыптар бойынша 27 сауал жолдады, оның ішінде 16-сы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды.
— Сіз көп жылдан бері саясат пен мәдениет саласын қатар алып келдіңіз. Аталған саланы дамытуда неге басымдық беру қажет?
— Мәдениет – кез келген елдің адамгершілік қағидаларының айнасы. Барлық елде дамудың жетекші ресурсы – азаматтардың өзара сенімі. Алайда, бұл кезекте, біздегі жағдай көңіл көншітпейді. Жауапкершілікті бөлісе білу, айналаңда алдауға және айлакерлікке жол бермеу, қате ойға ерік бермеу – адамның моральдік тұрғыда өзін дамытуының нәтижесі. Сонымен қатар, мәдениетке қорған болып қана қоймай, оны нарықтық қатынастардың қорлауынан алып шығу керек. Өйткені мәдениет пен нарық – үйлеспейтін ұғымдар. Мемлекет елдің болашағы үшін рухани-адамгершілік жағдайды қалыптастыру жауапкерші-лігін өз мойнына алуы қажет. Ал бұл тек мәдениет арқылы қалыптасады.
— Павлодардың тумасы ретінде өлкемізді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқару қажет деп білесіз?
— Күні кеше депутаттардың аймақтардағы сайлаушылармен кездесуі барысында Павлодар облысы бойынша 20 шақты кездесу өткіздім. Бүгінгі таңда өңірде қолға алынуы тиіс шаруа көп. Басты мәселелер – жылу-электр орталықтарының қысқа дайындығы, жергілікті халықты сумен қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалардың облыста жүзеге асырылуы, жергілікті халықты әлеуметтік қолдау, оның ішінде, мүгедектігі бар адамдар құқығының қорғалуы. Оны шешу үшін жергілікті атқарушы билік пен мәслихат бірлесіп жұмыс істеп, мәселені дұрыс көрсете білуі тиіс.
— Мәжіліс жұмысы тиімді болуының алғышарты неде?
— ҚР Парламенті Мәжілісінің жұмысы тиімді болуы үшін бізге өңірлерден уақытылы әрі шындыққа жанасатын ақпараттар түсуі өте маңызды. Бұл Мәжіліс депутаттарына Үкіметтің қызметін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Мәселен, Үкіметтің берген есебін біздің фракция қабылдауға қарсы болды. Себебі, жоғары аудиторлық палата 2022 жылы 238 млрд теңге сомасында заң бұзушылықтар анықтағаны туралы есеп берді. Құқық қорғау органдарына 482 материал жіберілген. Аудиторлық палатаның есебінен осындай деректерді тыңдай отырып, Үкіметтің бюджеттің орындалуы туралы есебімен келісу мүмкін емес. Себебі, бюджет қаражаты қалай жұмсалып жатқанын дұрыс бақыламау және «жалған» индикаторлар Үкімет ұсынып отырған есепті «безендіруге» ғана негізделіп отыр.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Торғын ОРАЗАЛЫ.