Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында

Нау 20, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік қызметке келгеніне — 6 жыл. Осы уақыт аралығында еліміздің ішкі және сыртқы дамуында іргелі бастамалар жүзеге асып, келелі жобалар қолға алынды. Әлеуметтік-экономикалық саладағы көрсеткіштер жақсарып, инфрақұрылымдық өзгерістер орын алды. Атқарылған ауқымды істер туралы толығырақ Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында кеңінен қамтылды.

Өндіріс көлемі өсті

Жалпы, соңғы алты жылда әлемдік деңгейде түрлі жайт орын алды. Коронавирусқа байланысты жарияланған пандемиялық кезеңді бастан өткердік. Қазіргі уақытта жаһандық геосаяси жағдайдың шиеленісіп тұрғаны жасырын емес. Осындай сын-қатерлерге қара-мастан елімізде экономикалық даму байқалып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Премьер-Министр Олжас Бектенов олардың қатарында негізгі мәселелерге тоқталып, алты жылда атқарылған істерді түйіндеді.

Бірден атап өтерлігі, Мемлекет басшысы отандық экономика мұнай саласына байланып қалмауы тиіс екенін әу баста қадап айтқан болатын. Сондықтан Үкімет те мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық берді. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, экономиканы әрта-раптандыру – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Сол себепті де осы бағытты ілгерілетуге айрықша көңіл бөлінді. Алты жыл аралығында оның нәтижесі де байқала бастады. Соның бір айғағы – шикізаттық емес салалардың экономикалық өсімнің негізгі күшіне айналуы. Үкімет басшысы атап өткендей, 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4 пайызға, құрылыста 96,3 пайызға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті. Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіш – шамамен 6 пайыздық өсім орын алды.

— Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3 пайызды құрады. Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мың бірлікті құраған жеңіл автомобильдердің саны
134 мыңға дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркелді, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody’s агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады. Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

— Мемлекет басшысының белсенді дипломатиялық күш-жігерінің арқа-сында өзге елдермен сауда-эконо-микалық ынтымақтастық дамып келеді. Нәтижесінде, соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті, — деді О.Бектенов.

Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға айрықша назар аударылды. Алты жыл ішінде саланы субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің
1,8 есе, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды. Былтыр астықтың рекордтық өнімінің жиналуы да мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.

Инфрақұрылымдық жаңғырту жалғасуда

Елімізде ерекше назар аударылатын тағы бір сала – инженерлік инфрақұрылым. Ұзақ жыл бойы бұл бағыт «көлеңкеде» қалып қойғандықтан, талай түйткіл туындағаны рас. Айталық, респуб-лика бойынша инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейі 65 пайызға, жекелеген өңірде тіпті 90 пайызға дейін жетті. Бұл көрсеткіштерді жақсартып, жаңа желілерді салу үшін алты жылда ауқымды іс атқарылды. Мәселен, 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу деңгейі 71 пайыз болса, қазір 61 пайызға дейін төмендеді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін Ұлттық жоба іске асырыла бастады. Бұл технологиялық апаттар санын 20 пайызға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40 пайыз азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді, — деді Үкімет басшысы.

2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14 пайызға өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ құрады. Халық санының өсуін, индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескерсек, алдағы уақытта бұл көлем артпаса, кемімейтіні анық. Сондықтан Президент тапсырмасы бойынша ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станция салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды.

Құрылыс демекші, Премьер-Министр бұл салада да рекордтық өсім барын тілге тиек етті. 2019 — 2024 жылдар аралығында барлығы 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қазақстандық ондаған мың отбасыға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етті.

Жолдардың құрылысы да қарқын алып келеді. Соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың
шақырым автожолды жаңғырту жұмыстары аяқталды. 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Басым міндеттердің тағы бірі – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтып, сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. 2019 жылы қалаларды сумен жабдықтау көрсеткіші 97,2 пайыз болса, бүгінде ол 99,7 пайызға жетті. Ал ауылдарда 86,4 пайыздан 97,8 пайызға өсті. Қазіргі таңда 6 256 ауылдың ішінен 5 523 елді мекен сумен қамтылды. Қалған 833 ауыл осы жылдың соңына дейін таза суға қол жеткізеді.

Әлеуметтік көрсеткіштер қалай жақсарды?

Президент биылғы Ұлттық құрылтайда еліміздің әлеуметтік мемлекет екенін атап өткен болатын. Бұл әлеуметтік көрсеткіштердің өсуі арқылы да анық аңғарылып отыр. Үкімет басшысы атап өткендей, соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл шамамен 2 миллион азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті. 600 мыңға жуық педагогтың жалақысы екі есе артты, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30 пайызға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20 пайызға көтеріліп, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы екі есе көбейді. Көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізіліп,  бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді.

Сонымен қатар, Олжас Бектенов әлеуметтік бағыттағы әр саланың даму барысына жеке-жеке тоқталып өтті. Айтуынша, 2019 жылдан бастап бүкіл ел көлемінде 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы сияқты маңызды мекемелер бар. Ал білім беру саласында атқарылып жатқан іс-шаралар мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жоюға, білім сапасын жақсартуға, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған. Соңғы алты жылда 1 367 балабақша ашылып, кезекте тұрғандардың санын 5 есеге қысқар-туға мүмкіндік берді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары 100 пайыз тегін тамақпен қамтамасыз етілді. 2019 жылдан бері елімізде рекордтық көлемде –
1 200 мектеп салынып, 1 миллионға жуық оқушы орны ашылды. Сол сияқты ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды. Биыл шамамен 200 мектептің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 мың мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың серпін берді. Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекемесін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды. Колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға көбейді. Ал жоғары оқу орындары студенттеріне арналған 62 мың орындық 251 жатақхана пайдалануға берілді, — деді Премьер-министр.

Ғылыми кадрларды қолдау да ерекше маңызға ие, әсіресе соңғы алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі алты есе өсіп, 46 пайызды құрағанын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түскенін байқауға болады. Ол үшін докторантураға бөлінетін білім беру гранттарының саны артып, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері кеңейе түсуде.

Спорттық инфрақұрылымға тоқталар болсақ, алты жыл ішінде өңірлерде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 58 бассейн салынды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 40-қа, яғни 481-ден 521-ге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 5,9 миллион адамнан 8,4 миллион адамға дейін өсті.

— Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды инте-ллектіні енгізу міндетіне басымдық беріп отыр. Бұл экономикалық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл сала бойынша еліміздің бәсекелестік артықшылықтары жетерлік. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олардың тиімділігі мен жедел дамуын қамтамасыз етті. Балабақшаларда «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян» және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, «Бизнестің цифрлық картасы» және басқа да жобалар әзірленуде. Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өсті, — деген деректерді келтірді О.Бектенов.

Байқағанымыздай, алты жылда атқарылған іс аз емес. Алда одан да ауқымды міндеттер тұр. Сөз соңында Премьер-Министр Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салып, еліміз зор әлеуетін тиімді пайдаланарына сенім білдірді.

Өз тілшіміз.