Облысымыз он айда оң көрсеткішімен көш басынан көрініп отыр. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,8 трлн теңгеге жетпек. Оның ішінде өңдеу саласы 8 пайызға өскен. Дәл осы өнеркәсіптік өңдеу көлемі жағынан аймағымыз республикада үздік үштікке, шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша бестікке енген. Бұл жөнінде облыс әкімі Асайын Байханов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифингте мәлім етті.
Аграрлық сектормен – алда
Одан бөлек, аймағымызда 140 инвестициялық жобаның пулы түзілген. Олар іске асса, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылуы бек мүмкін. Ал ауыл шаруашылығы секторына тартылған инвес-тиция айтарлықтай артып, бұл көрсеткішпен өңіріміз елімізде көшбасшылық орынға шыққан. Осылайша, аймағымыз қолайлы инвестициялық климатқа ие екенін айғақтады.
— Соңғы он жылда өңір экономикасының құрылымы түрленуде. Әртараптандыру арқылы өнеркәсіптік-шикізаттық өңірден өңдеу саласы қуатты әрі ауыл шаруашылығы қарқын алған аймаққа айналып келеді. Бүгінде аграрлық секторға тартылған инвестиция бойынша елімізде көшбасшы орындамыз. Жыл басынан бері аграрлық өнеркәсіп кешеніне 192 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. 32 жоба іске қосылып, салада өнім өндірісі 21 пайызға өсті. Кешенді мемлекеттік қолдау нәти-жесінде суармалы алқап аумағы 179 мың гектарға жетті, — деді аймақ басшысы.
Осы орайда, облыс әкімі саланы екпінді әртараптандыру азық-түлік тауарлары бағасының қалыптасуына айтарлықтай оң әсер етіп отырғанын атап өтті. Айтуынша, бүгінде азық-түліктің 16 түрі бойынша баға орташа республикалықтан төмен болса, 8 түрі бойынша бағасы төмен өңірлердің бестігіне кіреді.
Экология ескерусіз емес
Аймақ басшысы өндіріспен бірге өңір тұрғындарын толған-дыратын экологиялық мәселеге барынша маңыз беріп, кеңінен тоқталды.
— Әрине, өнеркәсіптің өсуі өңірдің экологиясына әсер ететінін жақсы білеміз. Сондықтан, біз қалдықтар көлемін кезең-кезеңмен азайту міндетін қойдық. Бұл бағытта барлық ірі кәсіпорындармен кешенді шаралар мен соңғы «eco friendly» технологияларын қолдануды талап етудеміз. Бұл ретте, құны 178 млрд теңге болатын экологиялық шараларды ERG тобы аймағымыздағы 4 кәсіпорнында енгізуде. Нәтижесінде қалдықтарды 50 мың тоннаға немесе 57 пайызға төмендетеді. Мұнымен қоса, 2025-2027 жылдары аталмыш жобалар Павлодар мұнай-химия зауы-
тында, 3 жылу және 2 энер-гетикалық орталықтарда қолданылмақ, — деді аймақ басшысы.
Павлодарлықтардың зауыттардан шығатын қара түтінге қатысты шағым айтатыны туралы журналистің сұрағына жауап берген облыс әкімі бұл бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Мәселен, «Қазақстан алюминийі» кәсіпорны алты қазандықтың екеуіне заманауи сүзгі орнатқан. Алда тағы төртеуіне сүзгі салынса, облыс орталығында желсіз күні қалыптасатын түтіннен арылу мүмкіндігі туатын көрінеді.
Қоршаған ортаны қорғаудағы маңызды бағыттардың бірі комму-налдық қалдықтармен жұмыс екенін де еске салды. Аймақта салынатын алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені аталған мәселені шешуге оң ықпал етеді деп күтілуде. Жобаның инвесторы барлық құжаттарын әзірлепті. Сәтін салса, зауыт келесі жылдың соңына дейін іске қосылады деп көзделуде.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан экологиялық түйткілдерге қатысты да сұрақтар қойылды. Солардың біріне жауап беру кезінде қазірдің өзінде аймақта кәсіпорындардан шығатын 747 мың тонна қалдық көлемі 720 мың тоннаға төмендегенін атап өтті. Аймақ басшысы өңірімізде елдегі электр қуатының 42 пайызы, көмірдің 60 пайызы, алюминийдің 100 пайызы, ферро-қорытпа өнімінің 56 пайызы өнді-рілетінін еске салып, сәйкесінше, экологиялық жүйеге жүктеменің барын жоққа шығармады. Дегенмен, «eco friendly» технологиялары жылына 2,5-3 пайызға қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік берсе, 2023 жылға қарай оны 20 пайызға кеміте аламыз, деді облыс әкімі.
Қажеттілігін қамтиды
Экологияны сөз еткенде, жаңадан іске қосылатын кәсіпорындарға қатысты халықта күмән туындайтыны рас. Жуырда өңірімізде «Ертіс» гидрометаллургиялық комбинаты салынатыны белгілі болды. Облыс әкімі жаңа өндіріс ауаға еш кері әсер тигізбейтінін мәлім етті. Жобаның инвесторы — Solidcore Resources plc компаниясы.
— Гидрометаллургиялық зауыт — үлкен жоба. Болашақта өңіріміздегі ірі салық төлеушілердің бірі болады. Экономикамызды 10 пайызға өсіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын 15 мың тонна алтын шығарса, нарықтық бағамен 550 млрд теңгенің өнімі өндіріледі. Мұнда көмір жақпайды, сыртқа ешқандай түтін шықпайды. Жұмыстың бәрі электр қуаты арқылы жүргізіледі, — деді Асайын Қуандықұлы.
Брифингте Майкөбе көмір кенішінің де жайы айтылды. БАҚ өкілдерінің бірі кеніш маңындағы тұрғындардың базынасын білдірді. Облыс әкімі компанияның кеніштегі ахуалды жақсартуға, техниканы жаңартуға инвестиция салмай келгенін жоққа шығармады. Жуырда құрылтайшыларымен кездесу өткізіліп, жағдайдың жай-жапсары талқыланбақ. Ал айналасындағы әр ауылдың тіршілігіне жеке-жеке тоқталған аймақ басшысы Шөптікөл, Сұлужон, Майкөбе елді мекен-дерінде өзгерістер орын алып жатқанын, әлі де жалғасатынын мәлімдеді.
Павлодар мұнай-химия зауытында қысқы отын өндірісін арттыру мақсатындағы жобаны аяқтау шегерілген. Мұның да себебі сұралды.
— «Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы келгенде кәсіпорынның құрылыс алаңына бардық. Қажетті қосымша жабдықты уақытылы жеткізуге байланысты мәселе туындаған еді. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Түпкі қуаттылығы әлі нақтыланады. Өндіріс көлемі 100 мың тоннаға ұлғаяды. Мұндай қысқы отын түрі минус 15 және одан төмен температурада қолданылады. Яғни, қолданылу мерзімі қысқа. Зауыт басшылығы бұл өндірілетін көлем еліміздің қажеттілігін толық қамтуға жетеді деп отыр, — деді аймақ басшысы.
Әуелгі күш — әлеуметке
Аймақ басшысы әлеуметтік саладағы ахуалды да баяндады. Облыс қазынасының 52 пайызы дәл осы саланың қажеттілігіне жұмсалады. Жұмыссыздық көрсеткіші 4,7 пайыздан аспайды. Оған биыл құрылған 26 мың жұмыс орны мен орташа жалақы көлемінің өсуі өз септігін тигізген. Бүгінде өңірде орташа жалақы 360 мың теңгені құрапты. Яғни, 9 айда 14 пайызға өскен. Қоғамның осал топтарына 443 грант үлестіріліп, олардың еңбекпен қамтылуына қолғабыс жасалды.
Қосымша білім беру мен балалардың бос уақытын ұтымды пайдалануларына айрықша назар аударылуда, деді облыс әкімі. Мәселен, жуырда балаларға арналған екі жаңа орталық ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан «Самғау» орталығы алдағы айда екібастұздықтарға қолданысқа беріледі. Павлодарда 1200 және 600 орындық қос мектеп салынуда. 2025 жылдың наурызында ашылады деп күтілуде. Жалпы, балаларға бағытталған инвестиция нәтиже беріп жатқанын айрықша атады. Өңіріміздің оқушылары ең үздік олимпиадалық команда атанды. Халықаралық, республикалық білім жарыстарынан өңір оқушылары 84 медаль тағынған. Мәдениет саласындағы жаңалықтарға тоқталған облыс әкімі биыл атақты жерлестеріміздің мерейтойлары абыроймен ұйымдастырыл-
ғанын, алғашқы «Ертіс-Баян» театр фестивалі өткенін атап өтті.
Асайын Қуандықұлы ескі әлеуметтік нысандарды жаңартуды да ұмыт қалдырмайтынын айтты. Биыл 73 әлеуметтік нысанға жөндеу жүргізілген. Медициналық мекемелердің жабдықталуын жақсарту мақсатында 511 құрал-жабдық, 40 арнайы көлік сатып алған. Осылайша, ауруханалардың жабдықталу көрсеткіші 84 пайызға жеткен. Келесі жылы 100 пайызға жеткізу көзделуде.
Жайлы жағдай
Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жайы көпшілікті алаңдататыны рас. Жылу техникалық аудит пен гидравликалық сынақ негізінде анықталған ақауларға байланысты жөндеу жұмыстары жоспарланады. Аймақ басшысы биылғы жылу маусымына дейін үш қалада 31 шақырым жылу желісі жөнделіп, 9 шақырым магис-траль жаңадан салынғанын мәлім етті. Бұл шаралар апат қаупін төмендеткенмен, әлі де жаңартуды қажет етеді. Себебі, біздегі жалпы жылу желілерінің ұзындығы 1500 километрге жуық. Егер жылына шамамен 30-35 шақырым жөнделсе, әлі де аздық етеді. Дегенмен, аймақ басшысы гидравликалық сынақ тиісті деңгейінде өткізілгенін айтып, жылыту маусымы тұрақты өтетініне сенім білдірді.
Ал ауызсуға келсек, биыл 18 жоба іске асқан, қала тұрғындарын таза сумен қамту 98,5 пайызға жетсе, ауылдық мекенде бұл көрсеткіш – 99,3 пайыз. Келесі жылы 100 пайызға жетеді деп болжануда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 18 мың адам тұратын 15 ауылда 57 нысан жаңғыртылған.
Биыл облыста қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі 27 пайызға артқан. Әлеуметтік осал топтарға жалға берілетін 331 пәтер сатып алынбақ. Жолдың да жайы айтылды. Облыстық маңыздағы 616 шақырым тас жол жөнделген. Ертіс өзені арқылы өтетін алып көпір құрылысы басталды. 2027 жылы аяқталмақ.
Қалалық мекендерде жолау-шылардың жайлы тасымалы үшін қамқорлық толастамақ емес. Жайлы автобустар мен трамвайлар сатып алынуда. Аймақ басшысы соңғы екі жылда үш қалаға 218 жаңа автобус сатып алынғанын атап өтті. Жыл соңына дейін саны 250-ге жетеді. Қазіргі таңда үш қалада қатынайтын автобустардың 75 пайызы — заманауи, жайлы, үлкен класты.
Оған қоса, Президенттің тапсырмасымен облыс орталы-ғында трамвайларды жаңғырту жалғаспақ. Қалада 111 трамвай 14 маршрутпен қатынайды. Алдағы уақытта олардың 70-ін жаңарту жоспарланған. Еуразия қайта құру және даму банкімен келісімге сәйкес 25 жаңа трамвай алдағы жылдың жазында жеткізіледі. Павлодардың сапаржайынан кейін Екібастұздікі де ел танымастай өзгермек. Алдағы жылдың алғашқы тоқсанында жөндеу жұмыстары аяқталмақ.
Облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздікке көп көңіл бөлінеді, деді. Қазіргі таңда әлеуметтік нысандарға 5567 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 97 пайызы полицияның жедел әрекет ету орталығына қосылыпты. 2025 жылы «Ақылды қала» жобасы қолға алынады. Жасанды интеллектісі бар талдау платформасының көмегімен қоғамдық кеңістіктерде қауіпсіздікті күшейту көзделген. Яғни, 4 мың камера қоғамдық орындарда, көшелердің қиылыстарында, желілік жол тораптарында орнатылмақ. Аймақ басшысы барлық өзгерістер, жобалар тұрғындармен үздіксіз кері байланыс негізінде түзіліп, іске асатынын айрықша атап өтті. Биыл коммуникацияның түрлі арналары арқылы 60 мыңнан астам талап-тілек түскен. Олардың үштен бір бөлігі бірден шешімін тауыпты.
Әуежай «әлегі»
Тағы бір айта кетерлігі, Павлодар әуежайында ұшақ-тардың ұшу-қону жолағын жаңарту басталды. 2025 жылдың қазанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Егер бұл жұмыстарды 2025 жылы жүзеге асырмаса, кейін аймағымыздан ұшақпен қатынау тіпті қиынға соғатын көрінеді. Сондықтан, 2025 жылдың жазында павлодарлық әуежайдың жолағы жөндеу жұмыстарына жабылады, сәйкесінше, қатынау да тоқтатылуы мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, негізі жобаның бірінші кезеңі биыл көктемде басталуы тиіс еді. Бірақ тендерге қатысқан компаниялар арасындағы сот ісі бөгет болды.
— Иә, жаз әрлі-берлі қатынайтын маусым екені түсінікті. Бірақ біз жөндеуге тоқтатпасақ, онда кейін ешқандай ұшақты қабылдай алмай қалуымыз мүмкін. Себебі, 2026 жылы ұшу-қону жолағына сертификат берілмейді. Бұл жайында бізге ескертті. Аталған жұмыстар —
мәжбүрлі шаралар, — деп атап өтті облыс әкімі журналистердің сұрағына жауап беру барысында.
Жалпы, ұшу алаңын жаңартуға 16,5 млрд теңге жұмсалмақ. Аймақ басшысы осындай қыруар қаржы жұмсалған соң бұл жолақ болашақта алып ұшақтар қабылдауға қауқарлы болғанын қалайтынын атап өтті.
— Болашақта транзитті де пайдаланған жөн. Себебі, бізде әуе керосині бойынша бәсеке-лестік жағдайымыз жеткілікті. Бұл өнімді Павлодар мұнай-химия зауыты өндіреді. Біздегі керосин өзге әуежайлардан қарағанда арзанырақ. Оған қоса, әуежай ғимаратын қайта қалпына келтіруді, кеңейтіп, эскалатор жасауды жоспарлап отырмыз. Жоба жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Алдағы наурыз айында жоба сараптамадан шығуы тиіс, — деді Асайын Байханов.
Брифингте Баянауылдағы әуежайға қатысты да сұрақ түсті. Облыс әкімі аудандағы әуежай кішкентай ұшақтарды қабылдауға дайын екенін мәлім етті. Алайда, туристік маусымның қысқалығынан қатынау шығынын ақтай алмайтын көрінеді. Ал алып ұшақтар қабылдауға қауқарсыз. Жалпы, әуежайды қайта жаңғыртуға қатысты ой жоқ, деді аймақ басшысы.
Жеке бақылауында
Аймақ басшысына кейінгі кезде балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректерінің жиілеуіне байланысты да сауал бағытталды.
— Кез келген зорлық-зомбылық, оның ішінде балаға қатысты болғанда жаның қынжылады. Бір жыл бұрын Бесқауға ауылында Милана Давыдовамен болған оқиғадан кейін кеңейтілген кеңес өткіздік. Екі қорытынды шығарылды. Соның біріншісі, жағдайларды анықтауды қолға алу қажет деген тоқтам жасалды. Бізге балалар зорлық немесе буллинг жайын естісе немесе өздері ұшыраса, қорықпай, ол жайында айтатындай ақпараттық тұрғыда жұмыс істеу керек деп шештік. Аймақтағы 365 мектепте осы бағытта жұмыстар қолға алынды. Екіншіден, биылғы 30 оқиғаның 25-і үйінде орын алған. Яғни, балалар мейірім мен қамқорлықты сезініп, барыншы қауіпсіздікте болуы тиіс шаңырақтарында зәбір көрген. Тағы бес жағдай үйден тыс жерде өз келісімдерімен жасалған. Бірде-бір оқиға мемлекеттік мекемеде тіркелген жоқ, — деді А.Байханов.
Облыс әкімі 30 оқиғаның 16-сын мемлекеттік органдар, нақтысы, психологтар мен педагогтар ашқанын айтты. Қалғанын ата-аналар анықтаған. Бұл да — ата-аналармен тығыз байланыс жүргізудің нәтижесі, деді. Сонымен бірге, аталған оқиғалардың тең жартысына жуығы 2017-2021 жылдар аралығында орын алғаны белгілі болып отыр. Қазіргі таңда облыста барлығы 576 жайсыз отбасының 1362 баласы тізімге алынған. Биліктегілер енді барлық жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізбек. Балалармен жұмысты күшейту көзделуде. Облыс әкімі барлық оқиға мұқият тергеп-тексеруді қажет ететінін, оның әрбірі өзінің тікелей бақылауында екенін мәлім етті. Сонымен қатар, ата-аналар жауапкершілігі де сөз болды. Мәселен, Майқайыңдағы жағдайға келсек, қыз екі жыл бұрын анасына, кейін бөлек тұратын әкесіне де өгей әкесінен зәбір көріп жүргенін айтқанымен, оны ешкім елемеген екен. Осы орайда, өгей әкемен, толық емес жайсыз отбасыларда тұратындарды жиі бақылап отыруға мән берілмек.
Ал Железинде орын алған оқиғаға байланысты жауап беру барысында облыс әкімі бұл дерек жалпы бала асырап алушылардың абыройына нұқсан келтірмеуі тиіс деген пікір білдірді. Бүгінде аймақта 970 баланы отбасылар асырап алған.
— Төрт баланың әкесі ретінде мұндай жаңалықтарды өзгелер сияқты мен де ауыр қабылдап, күйзеліп қаламын. Жағдайды жақсартуға күш саламыз. Бірақ бұл тек мемлекеттік органдардың қолынан келмейді. Мұнда әрбір азаматтың қатысуы қажет. Немқұрайлық танытпауымыз керек, — деді аймақ басшысы.
Орта толсын!
Оңтүстіктен солтүстікке азаматтарды көшіру бағдарламасының барысына байланысты сұраққа жауап берген облыс әкімі еңбек күші тапшы өңіріміз үшін бастама аса қажет екенін кесіп айтты.
— Өңіріміз еңбек күші тапшы аймақтар қатарына жатады. Бос жұмыс орындары бар. Бағдарлама осы тұрғыда бізге айтарлықтай көмектеседі. Көші-қон болған соң белгілі бір себептермен олардың біразы кері қайтады. 2017 жылдан бері 21 мың адам көшіп келді. Олардың 16 мыңы ішкі көші-қонға қатысты болса, 5 мыңы – қандастар. 2023 жылдан бері 6 мың адам қоныс аударды. Оның ішінде 300 адамға жуығы кері көшкен. Бұл — шамамен 0,5-0,7 пайыз. Өңіріміздегі көші-қонның теріс сальдосын ескерсек, бізге бағдарлама аса қажет, — деді облыс әкімі.
Себебі, өндірістік өңірде экономиканың өсімімен бірге кадрлық әлеует те кеңи түсуі тиіс. Қазіргі таңда өңірлік экономиканың қысқа мерзімді индексі — 6,5 пайыз. Президент тапсырған 6 пайыз төңірегінде. Енді оны еселеу үшін де күш керек. Аймағымыз урбанизация үрдісі үдеген өңірге жатады. Себебі, халықтың 71 пайызы қалалық мекенде тұрады. Әр ауылға шаққанда біреуіне орта есеппен 700 адамнан келеді. Оңтүстікте кемі 3 мың адам тұрады. Ал ауылдардағы инфрақұрылым бірдей. Сондықтан біздегі ауылдарды сақтап қалу үшін көші-қон бағдарламасымен тыңғылықты жұмыс қажет, деді А.Байханов.
Бөлінбеген абзал
Облыс әкімі аймағымызға мемлекеттік органдарды басқаруға Астанадан мамандар шақырудың мәнін түсіндірді.
— Біз Астана, Павлодар деп бөлінбейміз. Тұтас елміз. Бөлінгенді бөрі жейді. Орталықтан тартқан азаматтар сол салаға тәжірибесіне сүйене отырып, серпін береді. Жергілікті кадрлар да бар. Оларды үйретіп, дайындауға уақыт керек. Астанадан ғана емес, өзге өңірлерден де шақы-рамыз. Мәселен, денсаулық сақтау басқармасын алматылық азамат басқарып отыр, —
деді А.Байханов.
Сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты сұраққа жауап берген аймақ басшысы құзырлы департаментпен бірлесе жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Нақтысы, әр салаға кең талдау жасалып, сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдер анықталады. Жуырда спорт басқармасына қарасты барлық мекемелерге талдау жүргізіліпті. Нәтижесінде, жем-
қорлық тәуекелдері көрінген жағдайда оған жол бермеудің нақты іс-шаралар жоспары бекітілетін болды. Мұндай жұмыстар әр басқармада жүргізілуде.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев, Есенжол Исабек.