Бұған дейін екі мәрте ұйымдастырылған Президенттік жастар кадрлық резерві өз жемісін берді. Білімімен, біліктілігімен озық шыққан жастар мемлекеттік қызметте табысты еңбек етіп жүр. 1-30 қыркүйек аралығында іріктеуге өтініштер қабылданбақ. Ол үшін pkrezerv.gov.kz сайтында өтініш беру керек. Іріктеуге кімдер қатыса алады? Оның негізгі талаптары қандай? Осы және өзге де сауалдарға ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Иманқұлов жауап берді.
— Руслан Қазыбекұлы, алдымен Президенттік жастар кадрлық резерві жобасына кеңірек тоқталып өтсеңіз…
— Президенттік жастар кадр резерві – егемен еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосамын деген жастарға мүмкін-
дік беретін бірегей жоба әрі дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты. Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған азаматтардың кандидатуралары қаралады. Олар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады. 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша резервке 300 адам, 2021 жылы 50 адам алынды. Резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни жалпы санының 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Осы орайда 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компания-ларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Парламент Мәжілісі және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда. Жалпы, бүгінге дейін әртүрлі деңгейдегі лауазымдар барлық резервшілерге ұсынылып келеді.
— Осы жылғы іріктеудің ерекшелігі қандай?
— Биылғы іріктеудің ерекшелігі сол, мемлекеттік аппараттың түрлі саласына білікті кадрдың қажеттілігін ескеріп, бірнеше бағыт бойынша нақты іріктеу өткізіледі. Мәселен, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары қарастырылған. Бұл ретте, үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өтеді.
— Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар қандай?
— ҚР азаматтылығы бар, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі және мемлекеттік тілді кемінде В1 деңгейінде меңгерген болуы қажет. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған адамдар қатыса алмайды. Іріктеу ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы желтоқсан айында жарияланады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.