Қаңтар айының соңында жаңа Конституция жобасы жарияланған уақыттан бастап тұрғындар тарапынан 10 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш келіп түсті. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия оларды егжей-тегжейлі қарастырып, қосымша нормаларды енгізді.
Бүгінде 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия жұмысын жалғастырып, ұсыныстарды мұқият зерделеп, Ата Заң жобасының мәтінін жетілдіруде. Бұл ретте қоғамда қызу талқыға түскен 9-бапқа өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның Х отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты. Бұған дейін Конституция жобасының 9-бабының 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.
— 9-бап нақтыланып, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды. 50 және 51-баптарда «өтініш» деген сөздер «мәлімдеме» деп алынды. Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тіліндегі «является» деген сөз сызықшамен ауыстырылды. Осылайша, қазақ тілінде «болып табылады» деген сөздер алынып тасталды. Мұндай өзгеріс бірнеше бапты қамтып отыр. Бұл бағыттағы шаруамыз әрі қарай жалғаса беретін болады, — деді Бақыт Нұрмұханов.
Сонымен қатар, Конституция жобасының 8-бабында меншіктің екі нысаны танылады және тең қорғалады делінген. Олар – мемлекеттік және жеке меншік. Көптеген ұсыныста бұл норманың барлық меншік нысандарын қамтымайтыны айтылған. Осылайша, аталған баптың 1-тармағы «Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады» деп жазылды. Ал жобаның 14-бабының 2-тармағында адам құқықтары мен бостандықтары әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды деп көрсетілген. Көптеген азаматтар мен мамандар бұл норманы күшейтуді ұсынып, «адам құқықтары мен бостандықтары ҚР заңнамасының мазмұны мен қолданылуын айқындайды» деп қосуды сұраған. Бұл ұсыныстар ескеріліп, тармақ «Адам құқықтары мен бостандықтары әр адамға тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды, ҚР қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп жазылатын болды.
— Ал теңгені ұлттық валюта ретінде конституциялық тұрғыда бекіту ұсынысын жүзеге асыру үшін 2-бап жаңа тармақпен толықтырылды. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі, — деді Б.Нұрмұханов.
Конституция жобасының аза-маттық мәселелеріне арналған 12-бабы да нақтылауды қажет етеді деген ұсыныстар айтылуда. Атап айтқанда, 3-тармаққа Қазақстан Республикасының азаматы қос азаматтыққа немесе көп азаматтыққа ие бола алмайтыны, ал өзге азаматтықтың болуы заңда көрсетілген тәртіп пен шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болатыны туралы норма енгізіледі.
Сол сияқты комиссияға волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар көптеп түсті. Нәтижесінде қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңды және қоғамның дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы волонтерліктің маңыздылығын ескере отырып, ұсыныстар қолдау тапты.
Ал күні кеше Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның соңғы, яғни ХІІ отырысы өтті. Комиссия жетекшісі Эльмира Әзімова Ата заң жобасын референдумға шығаруды ұсынды.
— Комиссия мүшелерінің басым бөлігі жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдады. Комиссия Президент жанындағы консультативтік орган болғандықтан, көпшілік пікірін ескеріп, Мемлекет басшысына пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын. Референдум әрбір Қазақстан азаматына жаңа Конституция жобасы бойынша өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Жаңа Конституция мемлекеттілікті нығайтып, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Біз ортақ ниетпен, үлкен жауапкершілікпен маңызды жұмыс атқардық. Баршаңызға көп рақмет! – деп түйіндеді комиссия жетекшісі Э.Әзімова.
Егер Президент республикалық референдум өткізу туралы шешім қабылдаса, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия миссиясы орындалды деп есептеледі. Алайда жұмыс мұнымен тоқтамайды. Комиссия мүшелері жұмысын әрі қарай жалғастырып, халықпен кездесулер өткізеді.
***
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Президент жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына негіз қалайтынын айтты.
Кейін 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылады.
Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
