Павлодар қаласын дамыту қарқын алмаса, бір сәт те дамылдамақ емес. Осы бағытта іргелі жоспар бар. Соңғы үш жылда облыс орталығы мен оған қарасты 7 ауылдың дамуына 570 млрд теңгеден астам қаражат құйылған. Биыл да көшелерін көріктендіру, жаңа ғимараттар салу жалғасын таппақ. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға басымдық беріледі.
Ең әуелі — инфрақұрылым
Себебі, дәл осы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның тозуын аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар қаласы тұрғындарымен есептік кездесуінде шаһардың басты мәселесі екенін атап өтті.
– Жылу желілерінің тозу көр-сеткішін соңғы он жылда алғаш рет тоқтату әрі 82 пайызға дейін төмендету мүмкін болып отыр. Дегенмен, қала жаңа шағын аудандар мен жеке үйлер секторын жылуға қосу бойынша әлі де қызыл аймақта тұр. Осы ретте, тозу көрсеткішін төмендету және жылумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында соңғы үш жылда 3 ірі жылу магистралі тартылды, 60 шақырымнан астам құбыр жөнделді. Бұл жұмыстар қаланың бірқатар шағын ауданын тұрақты жылумен қамтуға, 1030 көпқабатты үй мен 60 әлеуметтік және коммерциялық мекеменің жылу режимін жақсартуға мүмкіндік берді, – деді А.Байханов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы 4 жыл бұрын қалада тұрғындар 6-7 ай бойы ыстық сусыз отырса, құйылған инвестициялар есебінен былтыр небары 6 аптаға дейін ғана ыстық су болмағанын атап өтті. Ендігі кезекте қаладағы үш жылу орталығын жаңғырту мықтап қолға алынбақ. Бұл кәсіпорындар басшыларына нақты тапсырма берілген. Яғни, инвестициялық бағдарламалар шеңберінде қолдағы қуатты арттыру жүктеліп отыр. Қаланың оңтүстік бөлігі үшін жаңғыртудың бірінші кезеңін 2027 жылы аяқтау межеленген.
Екінші жүйелі мәселе ескі үйлер деп көрсетілді. Билік Затон шағын ауданын жаңғыртуды қолға алуда. Мұнда 20 ескі үй сүріліп, орнына 9 көпқабатты үй салынбақ. Облыс әкімі құрылыс сапасына мән беруді ескертті. Қалада қар суы мен нөсер жаңбырдан соң үйлердің жертөлелерін су басудың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілген. Мәселен, Қ.Қамзин және Ш.Шөкин көшелерінде дренажды жүйенің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, суды бұру желілерін салу ісі де ілгерілеген. Элеватор және Лесозавод, Горторг, 2-ші Павлодар және МДС шағын аудандарында 13,5 шақырым сумен қамту және кәріз жүйесінің құбыры тартылған. Ал Толстой мен Минин көшелерінде кәріз жүйесі коллекторы қайта құрылды. Биыл Әуеқалашық шағын ауданында 9,5 шақырымдық инженерлік желінің құрылысы аяқталмақ.
Жалпы, соңғы 3 жылда аула аумақтарының 95 пайызы ойын алаңдарымен қамтылған. 38 көшеде 90 шақырым жол төселген. Жеке үйлер секторының 95 көшесінде 50 шақырым асфальті жоқ көшелерге тас жол төселген. 25 мектеп пен 48 балабақшаның, 8 медициналық мекеменің аулалары асфальтталған. 254 қоғамдық көліктің 231-і жаңарған. Биыл жартыжылдықта толық жаңарту тапсырылды.
Экология ескеріледі
Көпшілікті толғандыратын маңызды бағыт экологияға да аймақ басшысы айрықша назар аударды. Әсіресе, қаланың жасыл желек қорының «қартаюы» алаңдатады. Павлодар қаласында қоршаған ортаның ластануына негізгі «үлесін» қосып отырған 400-ге жуық кәсіпорын бар. Атмосфералық ауаның жағдайын бақылайтын 7 стационарлық бекет орнатылған. Бүгінде «Қазақстан электролиз зауыты», «ПМХЗ», «Қазақстан алюминийі» және «Павлодарэнерго» кәсіпорындарында эмиссияны автоматты мониторингінің автоматтандырылған жүйесі орнатылған. Облыс әкімі осындай жүйені қалған барлық қала құраушы кәсіпорындарға орнату бойынша нақты талап қоюды құзырлы басқармаға тапсырды.
– Өнеркәсіптің қарқынды дамуы экологияға әсер ететінін жақсы түсінеміз. Сондықтан өңірдің индустриялық өсуін сақтай отырып, ластаушы заттарды азайтуға басымдық беріп отырмыз. ERG тобының төрт ірі кәсіпорнында 178 млрд теңге көлемінде кешенді экологиялық шаралар атқарылуда. Алда оған Павлодар мұнай-химия зауыты, облыстық орталықтың жылу-энергетикалық орталықтары толығымен қосылады, – деді облыс әкімі.
Қаланың өкпесі саналатын жасыл желек қорын көбейту көзделген. 2024-2025 жылдары кәсіпорындар санитарлық-қорғау аймақтары аумағында 13 мыңнан астам ағаш пен бұта егіпті. Аймақ басшысы бұл аздық ететінін кесіп айтты. Оған қоса, ағаштардың жерсінуі де тым төмен көрінеді. Бұл жөнінде экологтар жиі дабыл қағып, биліктен жағдайды оңалтуды талап етуде. Сондықтан, облыс әкімі қала басшысы Хасар Хабылбековке кәсіпорын басшыларына қатысты қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Яғни, кәсіпорындар көшеттердің күтімін күшейтуі керек.
Төртеуі – қала төрінде
Облыс орталығында қоқысты сұрыптаусыз көму мәселесі де көпшілікті мазалап келді. Енді бұл түйткіл шешіледі. Аймақта алғашқы қоқыс сұрыптайтын заманауи кешен салынуда. Ол жылына 150 мың тоннаға дейін қоқысты сұрыптайды. Кешеннің келесі кезеңінде азық-түлік қалдықтарын қордалауға бағыттап, ары қарай қаланы абаттандырудың қажеттіліктеріне қолданылатын органикалық тыңайтқыш алу көзделген.
Биыл аймағымызда бес ірі әлеуметтік маңызды нысан бой көтермек. Соның төртеуі облыс орталығында орналаспақ. Олар – мұз сарайы, көпфункционалды конгресс-холл, бассейні мен көркем гимнастика залы бар ірі спорт кешені, 20 мың орынға арналған жаңа футбол стадионы. Оған қоса, биыл көптен күткен аквапарк құрылысы күзде аяқталады. Осы ретте, аймақ басшысы шаһар әкіміне инклюзивті ортасы бар арнайы спорт кешенінің құрылысы қаланың келесі ірі инфрақұрылымдық нысаны болуы тиіс екенін оның орналасатын орнын айқындап, жобалауды бастауды тапсырды.
– Биыл қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандарды дамыту жалғасады. Шілдеде әуежайдың ұшу-қону жолағының былтыр басталған құрылысы аяқталады. Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салу жалғасады. Зеленая рощадағы облыстық оңалту орталығын реконструкциялау бойынша жобалар бақылауымда. Кітапхана жүйесін жаңғырту жалғасады. 8 кітапхананың үшеуі былтыр жаңарды, енді бесеуі биыл жөнделеді, – деді А.Байханов.
Сонымен қатар, 2026 жылы трамвай вагондары жаңарады. 10 вагон сатып алынбақ. Достық шағын ауданын айнала 4,9 шақы-рым трамвай жолы тартылады. 5,7 шақырым жаңа автомобиль жолы салынбақ.
Қалалықтардың қалауы
Қаладағы жоспарлармен танысқан тұрғындар талап-тілектерін жаудыртты. Мәселен, Усолка шағын ауданының тұрғыны Темірғали Әлжанов бірқатар мәселелерді алға тартты. Айтуынша, №25 мектеп маңында жаңадан төселген жаяу жүргіншілер жолымен көліктер жүйткіп, оқушыларға қауіп төндіруде. Аймақ басшысы қала билігіне полиция қызметімен бірлесіп, жағдайды реттеуді жүктеді. Сондай-ақ, Усолка тұрғыны білдей шағын ауданда бірде-бір әлеуметтік дүкеннің жоқтығына шағымданды. Облыс әкімі Асайын Қуандықұлы қалада 150 әлеуметтік сауда нүктесі бола тұра, Усолка шағын ауданының назардан тыс қалғанына таңданыс танытты. Құзырлы мекемелерге 10 күн ішінде мәселені шешуді тапсырды.
Тағы бір тұрғынды суды үнемдеу мәселесі мазалайтын көрінеді. Ол көлік жуу орындарында сұраусыз суды ағызуды тыюды, ауыл шаруашылығында да жаңа тәсілдерді пайдалануды сұрады. Облыс әкімі биылдан бастап заңнамаға сәйкес көлік жуу орындарына елімізде жаңа талап қойылатынын, яғни, олар алдағы уақытта қолданылған суды қайта тазартып, кәдеге жаратуға көшетінін атап өтті. Ал ауыл шаруашылығында тамшылатып суару технологиясы жарамайтын дақылдар барын ескертті. Әйтпесе, аграрлық секторда соңғы кезде барынша тиімді технологиялар іске қосылған.
Руслан есімді қала сыртында жылы аялдамалар қарастыруды өтінді. Облыс әкімі орнату оңай болғанымен, оған күтім жасап, уақытылы таңертең ашып, түнде жауып отыру қиын екенін ескертті. Себебі, қараусыз аялдама үйсіз адамдардың мекеніне айналып кету қаупі бар. Бұл ретте, қала маңындағы ауылдық әкімдіктер мұндай міндетті мойнына алса, орнатуға болады, деді.
Семей полигоны ардагерлері 29 тамыз – Семей полигоны жабылған күні осы қасіреттен қаза болған жандарға тағзым етер ескерткіш, стелла салып беруді сұрады. Облыс әкімі мәселе шешімін табады деп сендірді.
Ал Лесозавод шағын ауданының тұрғыны Татьяна Пироженко орталықтандырылған жылу жүйесіне қашан қосылатындарын сұрады. Айтуынша, кезінде жер телімдері үлестірілгенде уәде етілгенімен, мұндағы тұрғындардың үшінші буыны әлі пеш жағып отыр.
– Ондай мәселе бар, мойындаймыз. Қалада 25 мың жеке үй бар. Олардың үштен біріорталықтандырылған жылу жүйесінсіз. Бізге алдымен жылу көлемін арттыру қажет. ЖЭО-1 қуатын арттырды, бірақ, оны біз Достық шағын ауданын дамытуға сақтап отырмыз. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 кәсіпорындары тарапынан да мәміле бар. Желілер құрылысын жүргізу қажет. 2026 жыл деп уәде ете алмаймын, бірақ, 2027 жылы іске кірісеміз, – деді А.Байханов. Жалпы, 2028 жылға дейін МДС, Горторг, Зеленстрой, Лесозавзод, Радиозавод шағын аудандарына жылу желілерін тарту жоспарлануда. Галина Асылбекова қаланың кіреберісі Торайғыров көшесін Лермонтов көшесіндей жаңғыртуды алға тартты. Аймақ басшысы алдымен Естай көшесіне реновация жүргізу жоспарланып отырғанын, келесі кезекте Торайғыров көшесі қолға алынатынын айтты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
