Жылдағы дәстүр бойынша барша ел 30 тамыз — Конституция күнін атап өтеді. Мемлекеттік мерекеге орай облыста 400-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Оларды тамашалау барлық тұрғын мен қонақтарға тегін.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов мереке аясында әзірленген жоспарда облыстың қалалары мен аудандарында спорттық-бұқаралық және мәдени-демалыс іс-шараларын өткізуге ерекше орын берілетінін алға тартты.

— Әзірленген жоспар халықтың әртүрлі жас санаттарына бағдарланды. Мәселен, ана мен бала мәселелеріне және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Адам, бала құқықтарын қорғау, халықтың әлеуметтік осал топтары, отбасылық-демографиялық саясат саласындағы уәкілетті тұлғалармен кездесу жоспарланды. Кездесуде балаларға, адам құқықтарына, мүгедектігі бар адамдарға қатысты өзекті мәселелер, адамның конституциялық құқықтарын іске асыру аспектісіндегі гендерлік теңдік мәселелері талқыланады. Аймақтың барлық қала мен аудандарында Конституция күніне орай қайырымдылық және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы аясында 12 мыңнан астам баланы көмекпен қамту жоспарлануда. Оның ішінде 7 мыңға жуығы демеушілік қаражат есебінен, — деді Ә.Әбеуов. Ал облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саяуыш Сәдуақасов мереке шеңберінде өткізілетін мәдени шараларға тоқталды.

— Конституция күніне орай аймақ бойынша барлығы 400-ден астам шара өткізілмек. Облыстық мекемелерде көрмелер, танымдық сағаттар, кездесулер, радиохабарлар және т.б. шаралар өтеді. Олардың алды 25 тамыздан бастау алды. Көрмелерді тамашалау тегін. Сондай-ақ, 30 тамыз күні қаланың Орталық жағалауында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады. Онда сағат 19.00-ден 20.00-ге дейін жергілікті әншілер ән шырқаса, одан кейін кеш қонақтары Маржан Арапбаева, Тұрар және Темірлан мен Ернат өнер көрсетеді. Жалпы, мерекелік шаралар легі 5 қыркүйекке дейін жалғасын таппақ, — деді С.Сәдуақасов. Сол күні сағат 12.00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Ата Заңым – айбыным», сағат 18.30-да Екібастұз қаласының «Өнер» қалалық мәдениет сарайында «Айбары асқақ Ата Заң!» атты концерттік бағдарламалар өткізілсе, сағат 18.00-де Ақсу қаласының мәдениет және демалыс саябағында «Ақсу толқыны» музыкалық шарасы ұйымдастырылады.

Айдана БОРАНБАЕВА.