Photo Valeriy BUGAYEV

Облыста 352 ауылдың 228-і бүгінде орталықтан-дырылған су құбырымен қамтылса, 94 елді мекен тұрғыны ауызсуды кешенді блок-модульден тұтынады. Төрт ауылда топтық су құбырынан тартылған колонкалар бар. Ал 26 елді мекен халқы ұңғыманың суын ішіп отыр. Осылайша, ауылдықтардың таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші жыл басында 98,2 пайызды құраған.

 

Ауылдарға ауызсу жетеді

Биыл Баянауыл ауданының Жалғыз қайың, Күркелі, Сәтбаев, Павлодар ауданының Қаракөл, Тереңкөл ауданының Қызылтаң, Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылдарында су құбыры тартылып, көрсеткіш 98,7 пайызға көтеріліпті. Бұл жөнінде облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар-масының басшысы Ержан Иманзаиповтың мәлімдеуінше, жыл соңына дейін 99,3 пайызға жетеді. Қазіргі таңда аймақта 12 елді мекенде су құбыры тартылуда. Кейбір жобаның мерзімінен кешігіп жатқаны айтылды. Әсіресе, Тереңкөл ауданында Песчан ауылындағы су құбырын қалпына келтіру жұмыстарына жауапты мердігердің жұмысы сылбыр көрінеді. Ақтоғай ауданындағы Шұға, Жоламан, Жамбыл елді мекендерінде, Железиннің Моисеевка ауылындағы жоба құрылыстарының кестеден кешігуі орын алған. Облыс әкімі Асайын Байханов әр аудан әкімінен су құбырларының құрылысы жайында жеке сұрап шықты. Ақтоғай ауданының басшылығының мәлімдеуінше, Жамбыл ауылында — жұмыстардың 90 пайызы, ал Жоламанда 80 пайызы аяқталған. Шұға елді мекенінде 70 пайызы іске асыпты. Үш жобаға да жауапты мердігер алғашқы екеуін аяқтаған соң бар күшін Шұғадағы құрылысқа арнамақ. Осылайша, қыркүйектің ортасына дейін ақтоғайлық үш жоба да аяқталады деп уәде етілді. Успен ауданының әкімі Қаратай ауылында су құбыры ағымдағы айдың соңына дейін, ал Вознесенка елді мекенінде қыркүйекте тұрғындар жаңа құбырдың суының дәмін татады деп сендірді. Аймақ басшысы үйлердің құбырға қосылуын жүз пайызға жеткізуді тапсырды. Ауыл халқы үшін маңызды жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асуын қатаң қадағалауды тапсырды.

Бүгінде облыста 5 ауылға су құбырын тартып, 5 ауылға КБМ орнатса, тағы бесеуін топтық су құбырына қосу жобалары жасалса, ауылдарды таза ауызсумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу мүмкін болмақ. Бұл көрсеткішке жету үшін жеті ауылды оңтайландырған жөн көрінеді. Республика бойынша аймағымыз ауыл халқын таза ауызсумен қамту жағынан алтыншы орында тұр. Тереңкөлдегі Песчан ауылының тұрғындарына да су құбырының уақытылы қолданысқа берілуіне күш салынбақ. Бүгінде мұнда 30 шақырымдық құбырдың 27 шақырымы ауыстырылған. Су станциясы жабдықталып, сорғылар орнатылуда. Облыс әкімі А.Байханов аудан әкіміне аталмыш ауыл тұрғындары қатты қалаған жоба құрылысының қарқынын күнделікті бақылауды жүктеді.

Баянауылда Шонай мен Шөптікөл ауылдарына су құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттарын жаңарту қолға алынған. 2021 жылы жасалған құжаттама ескірген. Аймақ басшысы Шөптікөл ауылының маңында ұңғыма қазғанда су шықпау қаупі барын еске салды. Аудан басшылығының ақпараты бойынша жобалаушы ұйым 1000 метрлік тереңдіктен су алуға болатынын алға тартуда. Алайда, бұл қымбатқа түспек. Сондықтан облыс әкімі өзге жолдарын да қарастырып, терең зерделеуді тапсырды. Мәселені шешудің бір жолы ретінде Шөптікөлден 4 шақырым қашықтықтағы Майкөбе ауылынан құбыр тарту мүмкіндігі қарастырылмақ.

Қала да қамтылады

Аймақтағы үш қаланың да халқын таза ауызсумен қамту мәселесіне мән берілуде. Құзырлы басқарманың мәліметінше, қалалықтарды сумен қамтудың биыл 11,1 млрд теңгенің 12 жобасы іске асуда. Оның алтауы сумен қамту, тағы алтауы су бұру жұмыстары бойынша қолға алынған. Бұл жобалар іске асса, қалалықтарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетпек. Ержан Иманзаиповтың айтуынша, 2025 жылға 17 жобаға ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтінім берілмек. Мәселен, Павлодар қаласында 10 жоба әзірленуде. Қала әкімінің мәліметінше, оның жетеуі биыл жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан шықса, үшеуі келесі жылдың алғашқы тоқсанында дайын болмақ. Биыл қыркүйекте қаланың Әуеқалашық пен Элеватор аудандары сумен қамтылады. Екінші Павлодарда қолға алынған жоба да алдағы айда қолданысқа берілмек. Ал Горторг шағын ауданындағы сумен жабдықтау ісі ағымдағы айда түйінделеді.

Ақсу қаласындағы жобаларды іске асыруда еш тәуекел жоқтығын мәлім етті шаһар басшысы. Екібастұз қаласында сумен қамту көрсеткіші жүз пайызға жеткен.

Отыздың оны салынды

Аппараттық жиында «Ауылдық жерде ден-саулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба-сының аймағымыздағы аяқ алысы да талқыланды. Аталмыш жоба аясында облыста 30 нысан салынады. Оның 10-ының құрылысы аяқталуға жақын.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұраттың айтуынша, жоба аясында 23 медициналық пункт, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 дәрігерлік амбулатория салынады. Құрылысы жүріп жатқан 10 медициналық мекеме құрылысына 1 млрд 338 млн теңге бағытталған. Оның 1,2 млрд теңгесі — республикалық қазынадан, қалғаны облыстық бюджеттен бөлінген. Ал қалған 20 нысанның 18-ін салатын мердігер анықталған. 2 мекеменің құрылысына конкурс жарияланыпты. Анықталған мердігерлер құрылыс материалдарын тасып, іске кірісе бастаған көрінеді. Бұл нысандардың құрылысына қажетті 335 млн теңге облыстан бөлінсе, 3 млрд теңгеге республикаға өтінім жіберілген.

Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан нысандардың алтауы ағымдағы айда қолданысқа берілмек. Олар — Ақшиман, Ақжар, Арбиген, Жабағылы, Қарақұдық, Қызылағаш ауылдарындағы медициналық мекемелер. Шақа мен Шұға елді мекендерінің тұрғындары жаңа медициналық пунктке қыркүйек айында бара алады. Ал Мыңкөл мен Байет ауылдарында құрылыс қазан айында аяқталады деп күтілуде. Соңғы екеуінің құрылысы кестеден кешігуде.

Құзырлы басқарма басшылығы Байет ауылындағы мекеме құрылысына жауапты мердігермен кездесіп, ағымдағы аптада жұмыс қарқынын күшейтуді ескерткен. Нәтиже байқалмаса, қосалқы мердігерлермен жұмыс істеу талабы қойылыпты. Облыс әкімі Асайын Байханов Железин ауданындағы Мыңкөл мен Екібастұздағы Байет ауылдарындағы нысандарды қатаң қадағалауға алуды тапсырды. Ұлттық жоба еліміз үшін маңызды екенін еске салды. Әкімдер тікелей жауапты екенін де ескертті. Құрылыс жұмыстарын қара күз бен қысқа қалдырмау қажеттігін атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.