Қызметке қабылдау тәртібі өзгерді

Сәу 2, 2026

Әр салаға заман талабына қарай түрлі өзгеріс енеді. Кез келген қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуына көңіл бөлінеді. Ол үшін озық технологиялар, тиімді тәсілдер қолданылады. Міне, сондай өзгерістің бірі мемлекеттік қызметке қабылдау бағытында орын алып отыр. Нақтысы, биыл 1-сәуірден бастап елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібіне жаңашылдықтар енгізілді. Яғни, мемлекеттік қызметке қабылдау толық автоматтандырылып, eqyzmet.gov.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта жүргізіледі. Бұл өзгерістің азаматтар үшін тиімділігі неде? Іріктеу қалай жүргізіледі? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бас маманы Айгүл Қайырқызы Әлімбаевадан білген едік.

– Айгүл Қайырқызы, мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді үміткерлер қандай кезеңдерден өтеді?

– Кандидат Мемлекеттік тіл мен заңнамаға қатысты білімі тексерілетін тестілеуден өтеді. Жеке қасиеттерін бағалау (ЖҚБ), конкурсқа қатысу (эссе/сұхбат немесе практикалық тапсырмалар — лауазымға байланысты) кезеңдерінен өтуі қажет. Жалпы, онлайн форматта өтетіндіктен барша азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді болмақ.

– Тестілеуді қашан тапсырады?

– Тестілеуді конкурс басталмас бұрын немесе өтінімдерді қабылдау мерзімі ішінде, сыртқы интернет-портал eqyzmet.gov.kz-те тапсыруға болады. Онлайн тестілеуге қатысу үшін жүйеге тіркелу қажет. Кандидат тестілеуге кемінде бір күн бұрын өтінім береді. Кандидат тестілеудің жүйе қалыптастырған кестесіне сәйкес өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады. Осы ретте, заңнаманы білуге арналған тестілеуде Конституцияға қатысты 15 сұрақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңнан 15 сұрақ, «Сыбайлас жем-қорлыққа қарсы күрес туралы» заңнан 15 сұрақ, Этикалық кодекстен 15 сұрақ келеді. 55 сұрақтың кемінде 30-ына дұрыс жауап беру қажет. Яғни, әрбір заңнама актісі бойынша 5 дұрыс жауаптан кем болмауы талап етіледі. Ал келесі кезең – кандидаттардың жеке қасиеттерін бағалау лауазым деңгейіне байланысты үш бағдарламадан тұрады. Біріншісі, басқарушы лауазымдарға арналған. Мұнда 10 құзыреттілік бағаланады. Екіншісі, басқарушы емес лауазымдарға қатысты, 7 құзыреттілік ескеріледі. Үшіншісі, жұмыс тәжірибесі талап етілмейтін төменгі лауазымдар үшін әлеуметтік интеллект, эмоционалдық интеллект, логикалық ойлауы (EQ-SQ-IQ) бағаланады. Айта кетейін, жеке қасиеттерін бағалау тестін бір ай ішінде үш реттен артық тапсыруға болмайды.

– Тестілеудің нәтижелері қанша уақытқа жарамды?

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін және заңнамасын білуге арналған тестілеу сертификаттары мен жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бір жыл бойы жарамды. Тиісті сертификатқа және жеке қасиеттерін бағалау қорытындысына ие кандидаттар осы кезең ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметке конкурсқа қатыса алады.

– Конкурсқа кімдер қатыса алады?

– Конкурсқа жеке қасиеттерін бағалаудан ең жоғары ұпай жинаған 5 кандидат қатыса алады. Басқарушы лауазымдарға үміткерлерге қосымша кезең қарастырылған. Яғни, олар көлемі 250 сөзге дейін эссе жазады. Онлайн түрде сұхбаттасады. Басқарушы емес және төменгі лауазымдарға үміткерлер қашықтықтан практикалық тапсырмалар орындайды. Мәселен, басқарушы емес лауазымдарға кандидаттар сараптамалық жазба дайындайды. Ресми хаттар жазып, өтініштермен жұмыс істейді. Төменгі лауазымдарға кандидаттар жалпы білім деңгейіне, логикаға және мемлекеттік органның ерекшелігін түсінуге арналған тапсырмаларды орындайды.

– Жеңімпаз қалай анықталады?

– Жүйе кандидаттардың ұпайларын автоматты түрде есептейді.

Жеке қасиеттерін бағалау және жалпы конкурс кезеңдерінің нәтижесі бойынша ең жоғары ұпай жинаған кандидат жеңімпаз атанады.

Конкурс қанша уақытқа созылады?

— Орташа есеппен 5-7 жұмыс күні: құжаттарды қабылдау 3 күн; конкурс кезеңдері 3-4 күн. Жалпы, конкурстық рәсімдерге барлығы небары 5-7 жұмыс күні жұмсалады. Құжаттарды қабылдау және қарастыруға 3 жұмыс күні, конкурстың өзіне 3-4 күнге дейін кетеді.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.