Тұрғындармен байланыстың барлық түрін қолдануға мән беретін аймақ басшысы Асайын Байханов бұл жолы «Halyq radiosy» мен облыс әкімдігінің Instagram желісіндегі «Pavlodar region» парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Алдағы жоспарларымен бөлісті. Соның бірі тұрғын үй құрылысына қатысты болды. Облыс әкімі алда тұрғын үй құрылысын екі есеге арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өтті.
Жыл – жемісті
Бір жарым сағатқа жуық уақытта облыс әкімі өңірдің әр саласын қамтып шықты. Әр мәселенің себеп-салдарына дейін тоқталып, тарқатып айтып берді. Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, аймақтың өткен жылы қол жеткізілген елеулі көрсеткіштерін атады.
– 2025 жылы нәтижелі жыл болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өңір экономикасының 6 пайыздық өсімі қамтамасыз етілді. 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша аймағымыз — республикада екінші орында. 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Халық саны 200 адамнан асатын елді мекендер таза ауызсумен 100 пайыз қамтылды, – деді Асайын Қуандықұлы.
Сонымен қатар, облыста 32 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Үш ауылға жаңа мектеп салынды. Павлодар қаласында бір жаңа жайлы мектеп Достық шағын ауданында қолданысқа берілсе, екінші мектеп жуық арада ашылмақ. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығында айтарлықтай оң нәтиже барын атады. Былтыр 1 млн тоннадан астам картоп, 1 млн тоннадан астам астық жиналған. Суармалы алқап көлемі де артты. Жалпы, ауыл шаруашылығында 550 млрд теңгенің тауары өндірілген.
Тағы бір сұрақ Павлодар қаласын трамваймен қамтуға қатысты түсті. Яғни, былтыр жетуі тиіс трамвай вагондарының не себепті әкелінбегенін аймақ басшысы түсіндіріп берді. Бүгінде трамвай паркінде 110 вагон бар, оның тек 36-сы – бертін алынғандар. Қалғаны әбден тозған. Негізі, жаңа трамвайлар сатып алу үшін Еуропа қайта құру және даму банкімен келісім жасалған. Яғни, 24 трамвай сатып алуға 8 млрд теңге аталмыш банк берді. Бірақ, былтыр қазан айында зауыт өндірушілерінің бірі санкцияға ұшырап, конкурсты болдырмауға тура келген. Қазіргі таңда билік қайтадан конкурс жариялап, биыл трамвайларды қалаға жеткізуді межелеп отыр. Айта кетейік, бір трамвай жеткізілген. Одан бөлек, Асайын Байханов Достық шағын ауданын айналып өтетін трамвай жолы тартылатынын да тілге тиек етті.
Ақсу айтарлықтай абаттанады
Ақсулықтар айналасын жаппай абаттандырып, көшелерінің жарқырап тұрғанын қалайды. Бұл туралы аймақ басшысына өтініш білдірді. Шаһар тұрғындарының тілегі биыл орындалмақ. Яғни, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға инвестиция көптеп құйылмақ. Бірнеше жыл Павлодар қаласы мен Екібастұзға назар аударылды. Ақсуға көп қаржы бөлінбеді.
– Биыл Ақсуға инвестиция 2,5 есеге ұлғайтылды. Жалпы 7 млрд теңге бөлеміз, соның ішінде 3,5 млрд теңге абаттандыруға бағытталады. Мәселен, 1,7 млрд теңгеге көше жолдары мен тротуарлар асфальтталады, жарықтандырылады. Көгалдан-дыру жұмыстары жүргізіледі. 16 аула абаттандырылады. Жұмыстар көктемде басталады, – деді аймақ басшысы.
Ақсуда бүгінде 31 көпқабатты үй Павлодардағыдай жарықшамдармен безендірілген көрінеді. Жұмыстар жалғаспақ. Былтыр орталық көшелер толық жарықтандырылыпты. Қазіргі таңда көшелердің жарықтандырылуы 98 пайызға жеткен. Енді қалған екі пайызына да жарық жетеді.
Қаңғыбас иттер қайдан шығады?
Ақсу ауылдық аймақтарының бірінен тұрғындар қаңғыбас иттердің үйір-үйірімен жүретініне шағым жасады. Тікелей эфир тізгініндегі тілшілер келіп түскен сұрақтар ішінде бұл мәселенің өзге де елді мекендерде өзекті екенін атап өтті. Аймақ басшысы қаңғыбас иттерді заң бойынша атуға, жоюға тыйым салынғанын еске салды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мамандар ұстап алып, арнайы қабылдау орнына жеткізеді. Онда тексеріліп, екпе салынып, чип тағылады. Одан кейін күшіктемеуі үшін стерилизация жасалады. Асырап алғысы келгендерге таратып, қалғанын қайтадан сыртқа жөнелтеді.
Осы орайда қаңғыбас иттердің қайдан қаптайтынын облыс әкімі Асайын Байханов айтып берді. Яғни, маусымдық мәселе екенін де сөз етті. Әсіресе, күздің аяғы мен қыста көбейеді. Оның сырына үңілген облыс әкімі мұны бау-бақша кезеңінің аяқталуымен байланыстырды.
– Көктемде бақшасына барған адамдар күшік асырап алып, жаз бойы қарауыл етеді. Маусым аяқталған соң саналы азаматтар өзімен бірге әкетсе, кейбірі жай ғана жөніне жібере салады. Міне, солар үйір болып жиналып, айналаға қауіп төндіреді. Сонымен қатар, құрылыс алаңдары үшін де осындай тәсіл қолданатындар бар. Балалары сұраған соң алып беріп, ойыны қанған соң оны да сыртқа жіберетін ата-аналар кездеседі. Әрі қарай олар көбейе береді, – дейді аймақ басшысы.
Былтыр облыста 650 итті құзырлы орган қызметкерлері ұстап, қабылдау орнына жеткізген. Олардың 214-іне жаңа қожайын табылған. Жүзден астамы стерилизациядан өткізіліп, ұстап алынған жерге қайта жіберілген. Қалғаны әлі де қабылдау орнында көрінеді. Аймақ басшысы стерилизациялауға мүмкіндігі жоқ азаматтарға арнайы орындарда қоғамның әлеуметтік әлжуаз топтары үшін тегін қызмет көрсету қарастырылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, асыл тұқымды күшіктер сататын азаматтарға ары қарай көбейтуді мақсат етпейтіндерге бірден стерилизация жасап беруді, мұның бәрі қоғам қауіпсіздігі үшін қажет екенін ескертті.
Көкдомбақта көпір салынады
Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылдық округіне қарасты Көкдомбақ ауылының тұрғындары көктемгі қарғын судан қажыған. Жылда мұнда Ащысу өзенінің суы еріген қар суымен толып, шағын көпірді шайып кетеді. Салдарынан қатынау қиынға соғады. Сондықтан олар берік көпір қашан салынатынын білмекке сауал қойды.
– Бұл жағдайды жақсы білемін. Мұндағы шағын көпір Ащысу өзенінен келетін қарғынсуға шыдас бермейді. Мәселені шешу үшін бұған дейін құзырлы органдарға жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тапсырма бердім. Жуырда мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Шамамен екі ай қаралады. Көпір күрделі құрылыс саналатындықтан сараптаманың талаптары жоғары. Сәуір-мамырда сараптамадан шықса, бюджеттен қаржы бөлінеді. Құрылысы 2027 жылы қолға алынады, – деді облыс әкімі.
Майқайың кентінен сауал жолдаған азамат елді мекенде балалардың қыста бұқаралық спортпен шұғылданып, қыс қызықтарын көруге еш жағдай жасалмағанын, бірде-бір сырғанақ қарастырылмағанын алға тартты.
– Майқайың кентінің инфрақұрылымы тозған. Көп назар аударылмады. Бұған дейін орын алған оқыс жағдайдан кейін мұндағы ахуал сараланды. Балаларға арнап жаңа музыкалық шығармашылық орталығы биыл бой көтереді. Қаржы бөлінді. Жер аяғы кеңіген соң құрылысына кірісеміз. Ал қыста білдей бір кентке сырғанақ жасамау қисынсыз. Өте орынды сұрақ. Қалада әр шағын ауданда жасалып жатыр. Аудан әкіміне тапсырма беріледі, – деді аймақ басшысы.
Қожайыны жоқ құбырлар
Павлодар қаласының тұрғыны иесіз инженерлік коммуникация желілерін балансқа алып, қызмет көрсету мәселесін қозғады. Облыс әкімі Асайын Қуандықұлы бұл шаруаның ұзақ мерзімді екенін бірден ескертті. Айтуынша, қазіргі таңда облыс орталығында 8 мыңдай желі бар. Оның 1200-і иесіз саналады. Соңғы жылдары 250 желі балансқа алынған, бұл жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Алайда, иелікке алу рәсімі, құжатын реттеу ұзақ уақыт алады. Яғни, оны билік тура қабылдай алмайды. Алдымен, құбырдың қандай екенін, қалыңдығы, диаметрі, қандай тереңдікте орналасқаны, ұзындығы, бәрі тексеріледі. Содан кейін ғана желінің «тағдыры» шешіледі.
Облыс әкімі иесіз құбырлар қалай пайда болатынын да мысал ретінде мәлімдеді. Мәселен, жеке үйлер секторында кәріз жүйесі тартылды делік. Сондағы тұрғындар негізгі көшеден үйіне, ауладағы моншасына құбыр тартып алады. Ал үй иесі құжатын алып, оны рәсімдегенше желі қожайынсыз саналады. Сондай-ақ, аймақ басшысы негізгі көшелердегі барлық желілер рәсімделгенін, қандай да бір құбырды бірнеше нысан тұтынатын болса, ондағы апаттық жағдайларға қаланың коммуналдық қызметі барып, ақауды жоятынын айтты. Бір ғана азаматтың ауласындағы желілерге үй иесі өзі қызмет көрсететінін де еске салды.
Тағы бір сұрақ облыс орталығына дренаж жүйелеріне қатысты түсті. Асайын Байханов қалада дренаж жүйесі жоқтың қасы екенін атады. Тек Қамзин көшесінде қысқа ғана жүйе бар. Яғни, Қамзин көшесі бойымен Нұрмағамбетов-Шөкин көшелері аралығында еді. Бұл аралықтағы дренаж желісі былтыр қалпына келтірілген. Толстой мен Ломов көшелері аралығындағы бөлікте де көпқабатты үйлердің жертөлелерін су басады. Жыл сайын осындай аумақтарды біртіндеп дренажбен қамтуға мән берілмек. Ломов-Сәтбаев, Торайғыров-Назарбаев көшелерінің қиылыстарында да су жиналып, жайсыздық туғызады. Облыс әкімі дренаж жүйелері кезең-кезеңімен қарастырылатынын, сондай-ақ, көшелерді қардан тазалау жұмыстары күшейтілетінін атап өтті.
Тікелей желіде кәсіпкерлердің бірі өңірімізде іске асатын ірі жобалар құрылысына жергілікті тауар өндіруші ретінде қатысуға ниет танытты. Ол үшін қандай қадам жасау қажеттігін сұрады. Облыс әкімі аймақта маңызды әлеуметтік ірі жобалар жүзеге асатынын айтты. Олар қазіргі таңда жобалау сатысында екенін мәлімдеді. Мәселен, Павлодар қаласында салынатын Мұз сарайының, Конгрес-холл құрылысына мемлекеттік сараптама дайын. Павлодар мен Екібастұздағы спорт кешендерінің сараптамасы сәуір-мамыр айларында әзір болады деп күтілуде. Содан кейін конкурс жарияланып, мердігер анықталады. Оған ірі құрылыс компаниялары тартылады.
– Осы ретте, біз, ең алдымен, жергілікті тауарларды пайдалану жайында сөйлесеміз. Әрдайым құрылыс материалдары өңірімізден болуы керек деген міндет қойылады. Қиыршықтас, құм сияқты инертті материалдар міндетті түрде өз өңірімізден алынады. Металл, кірпіш те аймағымызда шығарылады. Одан бөлек, жұмыс күші облыстың еңбек нарығынан тартылуы керек. Кәсіпкерлер ұсыныстарын қала әкімдігі, құрылыс бөлімдері арқылы білдіре алады, – деді аймақ басшысы.
Ең әуелі – экономика
Жылқы жылына жоспарларымен бөліскен аймақ басшысы ең әуелі экономикаға басымдық берілетінін атап өтті.
– Бәрі де экономикадан басталады. Сондықтан экономиканы дамыту – басты міндетіміз. Өскелең ұрпақты, көшіп келген азаматтарды, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту міндеті тұр. Ал жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру керек. Бүгінде бірнеше зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Павлодар қаласында алкилат өндіретін зауыт салынуда. Одан бөлек, алтын, жергілікті картоптан чипс, күнбағыс майын өндіретін кәсіпорындар құрылысы жүруде. Бұл өндіріс орындарына инженерлік инфрақұрылымдарды уақытылы жеткізіп беруіміз керек, – дейді облыс әкімі.
Екіншіден, облыс басшылығы тұрғын үй құрылысына ден қоймақ.
– Тұрғын үй құрылысын арттыруды мақсат еттік. Себебі, облыста үй кезегінде 26 мың адам тұр. Өткен жылы 1100 пәтер беріп, азайтсақ да, бұл — жеткіліксіз. Кейбір адамдар он жылдап кезегін күтуде. Жақын арада, әсіресе, үш қалада, аудандарда да тұрғын үй тапсыру көрсеткішін екі есеге ұлғайту керекпіз. Сондықтан осыған қажетті шешімдер қабылдап, жұмыс істеп жатырмыз, – деді А.Байханов.
Сондай-ақ, биылғы жоспарлардың ішінде әлеуметік маңызды ірі нысандардың құрылысын да атап өтті. Әлеуметтік салада да жоба-жоспар баршылық. Осы орайда, облыс әкімі аймақ оқушыларының білім бағытындағы жетістіктерін ерекше атады. Облысымыз өткен жылы республикада үздік олимпиадалық команда ретінде екінші орынды иеленді.
– Бұл – біз мақтанатын үлкен жетістік. Республикалық маңыздағы қалалардан оздық. Сонымен бірге, WorldSkills бойынша да мамандандырылған колледждеріміз екінші орынға ие болды. Колледждердегі білімнің қаншалықты жоғары екенінің белгісі. Биыл да осы деңгейден түспеу үшін еңбек етуіміз керек, – деді аймақ басшысы.
Желі арқылы бақылайды
Сұхбат барысында аймақ басшысына әлеуметтік желі арқылы жекесіне тұрғындардан күніне орта есеппен 100-130 шақты өтініш-ұсыныс түсетіні белгілі болды. Кейде, тіпті, 300, 600 хабарлама алатын кездер кездеседі.
– Әлеуметтік желідегі парақшалар тікелей әрі кері байланыс үшін аса қажет. Мұнда халық үні жатыр. Оларға құлақ асу керек. Кейде жай сұрақ емес, біреудің жанайқайы болады. Бұл желіде көтерілген мәселелер арқылы қарамағымдағы азаматтардың жұмысын бағамдаймын. Жұмысына баға беру үшін де қажет. Белгілі бір ауданнан сұрақ көптеп түссе, демек онда олқылық жіберіліп жатқанын аңғаруға болады. Әрине, барлық сұраққа өзім жауап бермеймін. Ол үшін құзырлы органдар бар. Бірақ, міндетті түрде оқып шығамын. Тұрғындарды не мазалайтынын білу, айналадағы ахуалды салмақтау үшін өте тиімді. Кешке немесе таңертең ерте кейде өзім де жауап беруім мүмкін. Ал қалған уақытта жауапты органдар береді. Барлық мәселені бақылауымда ұстаймын, – деді облыс әкімі.
Журналистің сауалына жауап беру барысында аймақ басшысы тайм менеджменттің маңызына тоқталды. Яғни, уақытын басқара білетін адам бәріне уақыт таба алатынын атап өтті. Облысқа үш жыл басшылық еткен кезеңінде түрлі күрделі кезең орын алды. Екібастұздағы апат еңсерілді. Инфрақұрылым айтарлықтай ілгерледі. Аймақ басшысы әлі де маңызды мәселелер аз еместігін айтты. Жетістіктер жеткілікті болғанымен, мәселелер де баршылық, деді. Әрқайсысы ретімен маңызына қарай іске асырылмақ. Әсіресе, жылу энергиясын өндіруді арттыруға маңыз беріледі. Өйткені, көп істі ілгерілетуде дәл осы жылу тапшылығы қолбайлау. Осы орайда, облысқа газ тартылса, жылумен қамтудағы біраз мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек. Бұл тақырып бүгінде Энергетика министрлігімен пысықталып жатыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
