Биыл алғаш рет елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланбақ. Облысымызда пилоттық режимдегі саяси науқанды өткізу үшін таңдау Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарына түсіп отыр.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченконың төрағалық етуімен өткен кезекті сессия жұмысына облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Аймақ басшысы депутаттарды ҚР Президентінің азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейту бойынша бастамасын қолдауға шақырды.

— Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы – қоғамның ашық болуының негізгі шарты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға азаматтардың тікелей қатысуын кеңейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – қала мен аудандар әкімдерін сайлауды енгізу, — деді Асайын Байханов. 2021 жылғы ауыл әкімдерін сайлау мемлекеттік басқару саласына оң септігін тигізді. Мәселен, сайлау 99 ауылдық округте өтті, 46 елді мекенде басшылар жаңарды. VIII сайланған Павлодар облыстық мәслихатының IV кезектен тыс сессия-сында Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарының әкімдерін сайлау ұсыны-
лып, облыстық мәслихат депутаттары ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Сессияда «Павлодар облысының (қаласы, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұдан былай атақ ерекше еңбегі үшін «70 жасқа толған және одан жоғары жастағы, белгілі салаға кемінде 10 жыл еңбек сіңірген азаматтарға беріледі» деген шектеу алынып тасталып, белгілі бір салаға 20 жыл бойы еңбек сіңірген азаматтарға берілмек. Мәслихат сессиясының шешімімен Ақсу қаласының Жолқұдық ауылы Қанаш Қамзин ауылы, Алғабас ауылдық округі Қанаш Қамзин ауылдық округі және Успен ауданының Ольгин ауылы Қызылағаш ауылы болып қайта аталды. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Т.ӘБІЛДА.