Биыл наурыз айында Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өткен болатын. Аталмыш алқалы жиында алты алаштың игі жақсылары мен сан түрлі саланың білікті мамандары бас қосып, ұлттық құндылық, мемлекеттік мүдде мәселелерін қаузағанын білеміз. Бүгінде бұл құрылтайдың құндылықтарын халыққа түсіндіру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Соның дәлеліндей аймағымызға арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыс активімен кездесті.
Павлодарлық зиялы қауым жиналған игі шараның шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Бұдан кейін облыс әкімі Асайын Байханов сөз алып, өңірімізде ел Президентінің ұстанымын насихаттауға бағытталған ауқымды идеологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
— Ұлттық құрылтайда бүгінгі күннің өзекті мәселелері көтерілді. Ел дамуының негізгі бағыттары айқындалды. Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», Жұмысшы мамандықтар жылы туралы тұжырымдамаларға басымдық беріліп, іске асуда, — деді аймақ басшысы.
Келесі кезекте облыс жұртшылығының атынан сөз алған ардагер ұстаз, ҚР Оқу ісінің үздігі Бақыт Бексейітова құрылтайға қатысты ой-пікірімен бөлісті.
— Ең алдымен мені Ұлттық құрылтайдың мүшесі етіп тағайындап, сенім білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Үміттеріңізді ақтауға бар күш-жігерімді саламын.
Жалпы, құрылтай – ел тағдырын, халықтың болашағын айқындайтын биік мінбер. Бұл – түрлі саладағы азаматтардың басын қосып, елдің тұрақтылығы мен кемел келешегі жолында ұлт мүддесін ойластыратын маңызды алаң. Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған басты міндет – ел ішіндегі бірлікті, қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық рухты нығайту және жастарды елшілдікке, еңбекке, білімге баулу. Бұл ретте, рухани құндылықтарымыз, тарихымыз, мәдениетіміз – басты тірегіміз екенін айта кеткен жөн.
Цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқан ұрпаққа ұлттық сана мен патриоттық сезімді жеткізудің жаңа жолдарын табуымыз керек. Тек сөзбен емес, нақты іспен, жобалармен, жаңа көзқараспен әрекет ету – біздің басты парызымыз.
Мен, өз тарапымнан, осы құрылтай алаңында әрбір ұсыныстың халыққа жетуіне, елге пайдасы тиетін шешімдердің жүзеге асуына атсалысамын деп нық сеніммен айта аламын, — деді Бақыт Мақанқызы. Сондай-ақ, ол өңіріміздегі ауылдық жерлердегі колледждерде студент саны өте аз екенін, ал бұл жағдай ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлау сапасына кері әсерін тигізетінін айтты. Аталған мәселені шешу жолдарын да ұсынды.
Маңызды басқосуда облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркеғали Жанғазы да сөз тізгінін алды.
— Бұл отырыс еліміздегі өзекті мәселелерді бірге талқылап, жұртшылықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеуге бағытталған маңызды диалог алаңына айналып отыр.
Президент Көкшетау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде мемлекеттің болашағына тікелей әсер ететін өзекті мәселелерді ашық көтеріп, қоғам мен билік арасындағы байланысты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамдық кеңестің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге серпін беруде. Көпшілік тарапынан айтылған мәселелерді облыстық қоғамдық кеңестің отырыстарында кеңінен талқылап, нақты ұсыныстар дайындаудамыз. Халықтың үнін есту, олар көтерген сұрақтарға бейжай қарамау – біздің негізгі міндетіміз. Әрбір ұсыныс-пікір мемлекеттік шешім қабылдауда маңызы бар бастамаға айналуы тиіс, — деді Еркеғали Жанғазы. Сонымен қатар, ол қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтардың жоғалып кету қаупі арта түскеніне алаңдаушылық білдіріп, оның алдын алу үшін өз құндылықтарымызды қадірлеп, жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесіне терең мән беру керектігін тілге тиек етті. Бұдан кейін баяндама жасаған Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Ризат Рахымжанов мекеменің атқарған жұмысы мен жастарды қолдау мақсатында қолға алынып жатқан іс-шаралармен бөлісті.
— Еліміздегі жастар ресурстық орталықтары өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының жолсерігі
бола отырып, Президент белгілеген міндеттерді белсенді түрде іске асыруда. Бүгінгі таңда аймағымызда 13 жастар орталығы жұмыс істейді. Олардың қай-қайсысы да мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша үздіксіз қызмет көрсетуде. Қазіргі күні өңірде 35 жасқа дейінгі 207 663 жас азамат бар, оның
70%–ы қалалық жерлерде, 30%–ы ауылда тұрады. Олар үшін жыл басынан бері 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, жастарға түрлі кеңестер берілді, жұмыссыздықты азайту үшін облыстағы 40-тан астам жұмыс берушінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкелері өткізіледі. Жалпы, орталық жастар өмірінің түрлі саласын қамтитын ауқымды және имидждік жобаларға белсенді түрде бастамашы болады әрі оларды іске асыруға қолдау көрсетеді, — деді Ризат Рахымжанов.
Жиынға қатысқан облыстағы жоғары оқу орындарының оқытушылары да ұлттық құрылтайдан ұтарымыз көп екенін айтып, шараның басым бағыттарына тоқталды. Қорытынды сөз алған ҚР Президен-тінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев павлодарлықтарға Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, қазақстандықтар үшін ұлттық құрылтайдың мән-маңызы зор екенін атап өтті.
— Бұл ауқымды шара идеологиямыз бен мемлекеттілігі-мізді айқындап отыратын алаңға айналды. Президенттің құрылтайдағы бағдарламалық баяндамасы да мемлекеттік маңызы бар құжат болып саналады. Мемлекет басшысы төртінші құрылтайда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жоспарына қол қойды. Аталған құжат 53 тармақтан тұрады және әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық салаларға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Бұған қарап, құрылтай құрылымының жетіліп келе жатқанын байқауға болады, — деген Мәлік Нұржанұлы облыс дамуына қатысты да пікір білдірді.
— Мен Президенттің кеңесшісі ретінде осымен 16-ншы өңір – Павлодар облысына табан тіреп отырмын. Бұл өлке ғылым-білім, мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың Отаны болып саналады. Сонымен қатар, өндірісті өңірдің экономикалық әлеуеті де жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көріп жүрміз. Ел игілігі үшін тың жобалар жүзеге асуда. Әлеуметтік маңызы бар түрлі нысандар мен тұрғын үйлер бой көтеруде. Жаңа жолдар да салынуда. Мәселен, 1543 шақырымдық облыстық жолдар салынып, жөнделген екен. Бұдан бөлек, Ертіс өзенінің үстінде жаңа көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – үлкен жетістік, — деді Президент кеңесшісі. Сондай-ақ, ол бүгінгідей ғаламды ғаламтор билеген заманда шынайы ақпарат алып, жас ұрпаққа саналы тәрбие беру үшін баспаөздің алар орны айрықша екенін де сөз етті.
— Газет оқу – ең үлкен мәдениеттің белгісі. Біз қоғамдық мәдениетті дамытамыз десек, баспасөзден қол үзбегеніміз жөн. Жастарды да осыған баулу қажет. Мемлекет басшысы да газеттердегі мазмұнды мақалалары үнемі оқып отырады, — деді Мәлік Отарбаев.
Шара соңында Президент кеңес-шісі Ертіс-Баян өңірінің ел-жұртына жақсылық тілеп, жиында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта назарға алынатынын мәлім етті.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.