Бүгінгі таңда еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастыруға, жаңа инвестициялық кезеңді бастауға және экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аудару керек.

Жалпы, заман қарыштап дамыған сайын адамзат баласының қажеттіліктері де күн санап артуда. Осы тұрғыдағы маңызды мәселелердің бірі — атом энергетикасын дамыту. Соның ішінде атом электр стансасын салу жайы соңғы бір жыл ішінде қоғамда кеңінен талқыланып келеді.

Президент Жолдауында бұл мәселенің халықпен бірлесіп шешілетіні, биылғы 6 қазанда республикалық референдум өтетіні атап көрсетілді. Сол себепті еліміздің ертеңі үшін алдағы маңызды іс-шараға жаппай қатысып, салмақты шешім қабылдауымыз керек. АЭС құрылысы бойынша бұл референдум қалыптасқан жалпыұлттық диалогтың тағы бір дәлелі және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Әділетті Қазақстан» идеясының нақты іске асуы болмақ. Елдің азаматтары мұндай шараға немкеттілік танытпай, белсенділік көрсетіп, өз ұстанымдарын білдіруі керек.

Жалпы, мамандар атом электр стансасының ең алдымен экономиканы дамыту, сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажеттігін алға тартып отыр. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — тәуелсіздікті нығайта түсу жолындағы аса маңызды қадам. Біз нағыз мамандардың сөзіне құлақ асуымыз қажет. Халық арасында оның қоғамға беретін оң әсерін, экологияға тиімді екенін түсіндіретін шараларды жалғастыра берсе, халықтың ой-пікірі де соған сай оң болары анық.

Атом электр стансасын салу – заманның талабы. Ол ғылым мен технологияның ілгерілеуіне де зор серпін береді. Түптеп келгенде, мұндағы ең басты мақсат — халықтың өмір сапасын жақсартып, Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтуға, болашақты баянды етуге бағытталған қадам.

 

Бақытбек БАТКЕЕВ, Павлодар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы,  Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы.