Әзірлік мығым

Нау 12, 2026

Шарбақты ауданында алдағы референдумға әзірлік жұмыстары ойдағыдай жүруде. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға саяси науқанның мән-маңызын түсіндіретін бейнероликтер көр-сетіліп, басқа да жұмыстар қолға алынуда.

Аудан әкімінің аппарат басшысы Гүлнара Жәкишеваның айтуынша, Шарбақтыда 26 учаске құрылған. Онда 140 комиссия мүшесі мен 7 аумақтық сайлау комиссиясы қызмет көрсететін болады.

– Қазіргі таңда Шарбақты ауданында 17 989 адам бар. Олардың қатарындағы 12 224 азамат дауыс беру құқығына ие. Сонымен қатар, 221 жас алғаш рет өз таңдауын жасайтын болады. Ал мүгедектігі бар 129 жан бар. Олардың ішінде құлағы естімейтін 23, көзі нашар көретін 86, арбада отырған 20 адам бар. Бұл санатқа жататын тұрғындардың ел қатарлы саяси науқанға үн қосуы үшін барлық жағдай жасалған. Негізі, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған жандар мен қарттар денсаулық жағдайына байланысты өз үйлерінен дауыс беруге өтініш білдіруде. Орта есеппен 300-ге жуық адам үй жағдайында өз таңдауын жасайды деп күтілуде, – дейді Гүлнара Ескенқызы. Оның айтуынша, референдум өтетін күні ауданға қарасты 5 шағын ауылдың тұрғындары үшін арнайы көліктермен тасымалдау қызметі ұйымдастырылатын болады. Мәселен, Құрқамыс ауылының адамдары Алексеевкаға, Көрбұлақ ауылының тұрғындары Маралдыға, Ботабас ауылының дауыс берушілері Шегіренге, Татьяновка ауылының халқы Малиновкаға және Шошқалы елді мекенінің азаматтары Садықащы ауылына келіп, референдумға үн қосады.

Бастысы, саяси науқанға әзірлік мығым, дейді Шарбақты ауданының аумақтық референдум комиссиясының мүшелері.

Н.ШОДЫР, Шарбақты ауданы.