Кеше облыс орталығындағы «Достық үйінде» аймағымызда гендерлік саясатты жүзеге асыруға атсалысып жүрген іскер әйелдердің басын қосқан ауқымды форум өтті. «Ана алақаны» тақырыбын арқау еткен маңызды жиын облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен кәсіпте зор табысқа жеткен 150-ге жуық әйел қатысты. Сонымен қатар, құрметті қонақтардың қатарында Астана, Алматы қаласынан арнайы келген танымал кәсіп иелері де болды. Форумның шымылдығын Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева ашып, бизнестің биігіне жеткен әйелдердің еңбегіне зор баға берді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев гендерлік теңдікті сақтау, отбасылық құнды-лықтарды нығайтуға әрдайым баса мән береді. Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген асыл сөз бар.
Бүгінде нәзік жандылар еліміздің түрлі саласында табанды еңбек етуде. Аймағымызда қоғамдық өмірге белсене араласып, табысқа жетіп жүрген әйел көп. Мемлекет тарапынан кәсіп бастағысы келетін жандарға қаржылай қолдау көрсетілуде. Облыста 56 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 50 пайызында нәзік жандылар еңбек етуде. Жыл сайын кәсіпке бет бұрған әйелдердің қатары артып келеді. Биыл жалпы сомасы 20 млрд теңгеден астам қаржыға әйелдер қауымы ұсынған 301 жобаға қолдау көрсетілді. Мұндай мүмкіндік келесі жылы да берілетін болады.
Тұңғыш рет өткізіліп отырған әйелдер форумында әр кәсіпкер жұмысымен, тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланады деген ойдамын. Мұндай жиынды дәстүрлі түрде өткізуді ұсынамын, — деді Әйгерім Жаңбыртайқызы.
Ауқымды жиынға ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары Одағы жанындағы кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова арнайы қатысып, қоғамдағы әйел рөліне тоқталды.
— Павлодар қаласындағы ауқымды форумда әйелдер қауымымен қауышып отырғаныма өте ризамын. Бұған дейін нәзік жандылардың басын қосқан жиындар шағын бөлмеде ғана өткізілген еді. Сондықтан облыстық форум іскер әйелдердің еңбегінің жемісі деп білемін. Өндірісі қарқынды дамыған аймақта кәсіпке бет бұрған әйелдердің болмауы мүмкін емес. Бүгінгі форумға қатыса алмаған нәзік жандылардың қатары әлі де көп деген сенімдемін. Жиналғандардың қатарында кезінде кәсіпті енді ғана қолға алып, қазір ісін дөңгелетіп отырған жандар да бар. Қоғамда әйелдердің орны өзгерді. Өз өнімін облыс аумағында емес, республикалық деңгейге шығарған кәсіпкер көп. Отбасымен қатар бизнесті қолға алып, еліміздің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге ризамын, — деді Л.Рамазанова.
Шараға арнайы қатысқан қонақтардың қатарында «Lanzhou» тез тамақтану мейрамханалары желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майгарина да болды. Танымал кәсіпкер бизнеске 6 жыл бұрын бет бұрып, 60-тан астам тамақтану орнын ашқан. Жиналғандар алдында бизнестегі жетістіктерін айтып, білімі мен тәжірибесімен бөлісті.
Аймағымызда кәсіпте зор жетіс-тікке жеткен нәзік жандылардың қатарында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Махаббат Анаева да бар. Ол — тұңғыш рет дұрыс тамақтану ісін қолға алған кәсіпкер. Әу баста шағын дүкенде саудаға шығарылған қантсыз өнімдері қазір сұранысқа ие. Бүгінде «Eco shop» дүкенінде түрлі тағам әзірленеді. Тіпті, кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға жәрдемдесіп, олардың қолдарынан шыққан өнімді саудаға шығарып отыр. Сонымен қатар, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге де қол ұшын созумен айналысады.
Форумда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан 20-дан астам әйел облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар нәзік жанды ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының марапатына ие болды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.