Әйелдер үлесі — әр салада

Қар 20, 2025

Елімізде гендерлік теңдікке ерекше көңіл бөлініп келеді. Қолынан іс келетін нәзік жандарды ілгерілетуде еш кедергі жоқ. Өңірімізде де осы бағытта жан-жақты қолдаудың барына қолдағы статистика дәлел. Қай саланы алсаңыз да, әйелдердің әлеуеті байқалады. Басшылық қызметке тағайындалып, бүгінде табысты еңбек етіп жүргендері аз емес.

Әлемдік тәжірибе, ғылыми зерттеулер әйел адамдардың басқарушылық әлеуетін және саяси мәдениетін дамыту елдің ғылыми-экономикалық өсуіне ықпал етеді деген ақпар да бар. Жалпы, гендерлік теңдік – адамзат қоғамын гендерлік сипатына қарай бөліп-жармау, теңдігін қамтамасыз ету, бірдей мүмкіндіктер жасап, әділетті болу тұжырымдамасы тұрғысынан туындағаны белгілі.

Облыстық статистика басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірімізде 748 203 адам тұрса, солардың 388 037-сі – қыз-келіншектер.

Аймағымызда нәзік жандардың мемлекеттік қызметте де, саяси-қоғамдық жұмыстарда да белсенділігі көрінеді. Мәселен, өңіріміздегі түрлі деңгейдегі мәслихаттардағы әйелдердің үлесіне келсек, облыста 190 депутат болса, олардың 55-і – әйел. Өңіріміздегі 13 мәслихаттың екеуіне әйел депутаттар төрағалық етеді. Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 9-ында аппарат басшылығы дәл осы әйелдерге сеніп тапсырылған. Облыстық мәслихатта 32 депутат ел игілігіне еңбек етсе, ерлермен бірге 6 әйел азамат көптің талап-тілегін тыңдап, белсенділік танытуда. Ал Павлодар қалалық мәслихатындағы әйелдердің үлесі еліміз бойынша ерекшеленеді. Себебі, мұнда 24 халық қалаулысының тең жартысы — әйелдер. Қоғамдық іске үн қосуда әйел депутаттар ерлерден қалыс қалмайды.

Мемлекеттік қызметте жүрген нәзік жандар қаншама?! Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, аймағымыздағы жергілікті мемлектетік органдарда 2231 мемлектетік қызметші еңбек етеді. Олардың 1537-сі – әйелдер. Яғни, 67 пайызын құрап отыр. Облыс әкімінің төрт орынбасары барын білесіздер. Бұл жауапты қызметтің екеуін әйел азаматтар абыроймен атқарып келеді. Облыс көлемінде аудан-қалалар әкімдерінің 29 орынбасары болса, олардың 10-ында нәзік жандар еселі еңбек етуде. Ауылды басқаруға да әйелдер жүрексінбей барып, бар білген-түйгендерін өздеріне сеніп тапсырған елді мекендерді өркендетуге жұмсап жатқанына ел куә. Олар үй шаруасымен бірге елдік қызметті қатар алып жүр. Аймағымызда 23 басқарма бар. Өңірдің түрлі саласының мұң-мұқтажын реттеп отырған білдей басқармалардың үшеуіне әйел басшылар жетекшілік етеді.

Аймағымыздағы гендерлік саясаттың айтарлықтай алда екенін өңірімізге келген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен де айрықша атап өтті. Облыстағы осы бағыттағы жұмыстарға оң бағасын берді.

Саяси-мемлекеттік қызметтен бөлек, кәсіпкерлікте бой көрсетіп қана қоймай, толағай табыстарымен көзге түсіп жүрген іскер жандар да баршылық. Оған да статистикалық мәліметтер дәлел бола алады. Өңірімізде әйелдер негізін қалаған әрі басқаратын ірілі-ұсақты 24 мыңға жуық кәсіпорын тіркелген. Бұл сандарға қарап, аймағымыздың экономикасына нәзік жандардың да айтарлықтай үлес қосып жүргенін аңғаруға болады.

Азаматтық секторда қоғамдық мәселелерді көтеруге, олардың шешу жолдарын ұсынуға әйелдер қауымының белсенді екеніне көпшілік куә. Сандар да соны меңзейді. Облыста 800-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелсе, солардың алты жүзге жуығын әйелдер басқарады. Оған қоса, 50 үкіметтік емес ұйым отбасылық және гендерлік саясат саласында қызмет атқаратынын атап өткен жөн.

Аймағымызда іскер әйелдердің қауымдастығының жұмысы — өз алдына бір төбе. Өңірімізден түрлі кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымға жетекшілік ететін 250 әйел басшы аталмыш қауымдастықта күш біріктіріп, ойларын ортаға салады. Оған қоса, бұл қауымдастық әйелдердің басқарушылық әлеуетін дамыту және бизнесте әйелдердің алға басуына қолдау көрсетудің түрлі бағдарламаларын іске асырады. Мәселен, «Менторингтік мүмкіндіктер» атты жоба шағын және орта бизнес субъектілерінің ауқымын арттыруға, қуатын күшейтуге көмек көрсетуге бағытталған. «Мастармайнд» жобасы арқылы бизнес саласында кез келген мәселені жылдам шешу көзделген.

Саясатта әйелдердің үлесін, белсенділігін арттыруға да күш салынып келеді. 2022 жылы осы мақсатта аймағымызда Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Мектептің қатысушылары коммуникация бағытында білімі мен тәжірибелік дағдыларын арттырады. Шешендік шеберлік те осында үйретіледі. Саясат беделін қалыптастыру тетіктері түсіндіріледі. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламасын әзірлеу тәжірибесін меңгереді. Осылайша, саясатқа бет бұрған әйелдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Бұл мектеп бүгінде мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмысқа ұсыну үшін 32 қыз-келіншекті кадрлық резервке дайындады. Жастар арасында көшбасшылық қабілеттерді дамыту мақсатында мектептің «Жас көшбасшы мектебі» атты жастар қанаты жұмыс істейтінін айта кету керек. Сонымен қатар, осыдан төрт жыл бұрын облыста әйел күштерінің альянсы құрылған.

Әйелдерді әр салада барынша ілгерілетуге ықпал ететін қолдау мен жәрдемнің түрлі шаралары қамтылған. Мұндай қолдаумен алдағы уақытта да өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірінде әйелдердің үлесі арта беретіні сөзсіз.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.