Әкімдерге сынақ мерзімін енгізу керек пе?

Мау 12, 2025

Қазіргі таңда жергілікті билік жұмысына қатысты түрлі талап бар. Әкім-қаралардың қызметі де егжей-тегжейлі қаралып, сараланады. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек тағы бір ұсынысты ортаға салды. Атап айтқанда, облыс және республикалық деңгейдегі қала әкімдеріне екі жылдық сынақ мерзімін енгізу керек деп есептейді. Бұл аралықта инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын іске қосу сынды нақты көрсеткіштерге қол жеткізбесе, жылы орнымен «қош айтысуы» тиіс. Бұған қатысты көпшілік пікірі қандай? Ұсыныс орынды ма, қисынсыз ба? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Николай ДЫЧКО, облыстық мәслихат депутаты:

— Мен бірнеше аудан-қалаға басшылық еткен адам ретінде әкім жұмысын бір кісідей білемін деп айта аламын. Тереңіне үңілер болсақ, белгілі бір аудан-қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бір демде жақсартып, барлық көрсеткішті аз уақыт аралығында жақсарту – оңай іс емес. Ол қажырлы еңбекті және ұзақ уақытты талап етеді. Жалпы, әкім белгілі бір аумаққа басшылық ету қызметіне тағайындалған тұста алғашқы жылдағы жұмысы бұған дейінгі әкімнің белгілеп берген көрсеткіштеріне сай өріледі. Соған қарай әрекет етеді. Бұл – бір. Екіншіден, кейбір инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуы үшін бір-екі емес, үш-төрт жыл керек. Себебі, ол жобаның сметалық құжаттамасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Яғни, құжаттық жұмыстардың өзіне біраз уақыт кетеді. Осының барлығын ескере келе, әкімге, әсіресе облыстық, қалалық деңгейдегі басшыларға екі жылдық сынақ мерзімін белгілеу аздық етеді деп ойлаймын. Тым болмағанда төрт жылдық еңбегі ескерілуі тиіс. Содан кейін ғана қандай да бір байлам жасауға болады. Төрт жылдағы жұмысы нәтижелі әрі көптің көңілінен шығар болса, тағы төрт жылға ұзарту мүмкіндігін де қарастыруға келеді деп ойлаймын.

 

Жақсыбек ӘЛИН, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері:

— Шыны керек, қазіргі уақытта әкім болу қиын. Аудан, қала, облыс басшысына жүктелетін жауапкершілік зор, міндет көп. Барлық саланы бақылауда ұстап, істерді ілгерілету қажет. Билік бұқарамен үнемі байланыста болып, халықтың талап-тілегіне құлақ түріп, өтініштерді орындаудың жолдарын қарастыруы да тиіс. Яғни, әкімнің қызметі жан-жақты, сан салалы. Оны атқару үшін мықты білім мен мол тәжірибе керек.

Ал екі жылдық сынақ мерзімін енгізуге келер болсақ, бұл бастаманы құптаймын. Негізі, сынақ – бұрыннан келе жатқан тәжірибе. Бүгінгі таңда да бірқатар мекеме, ірі компанияда жарты жылдық, бір жылдық сынақ енгізілген. Осы уақыт аралығында қызметкердің білім-біліктілігі, еңбекке деген құлшынысы байқалып, бағаланады. Сол сияқты әкімдердің қызметіне сынақ мерзімі қарастырылса, артық болмас деп ойлаймын. Ол үшін алдымен көрсеткіштер рейтингі сынды бағалау механизмін ойластыру керек. Ал екі жылда басшы өзін жұмысы арқылы көрсете білуі тиіс. Бұл уақыт аралығында адамның қарым-қабілеті, қолынан іс келер-келмесі анық білінеді. Оған қоса, мұндай талап басшыларды қамшылап, өнімді іс атқаруға ынталандырады.

 

Алма ҚОЗБАЕВА, «Павлодар облысының азаматтық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі:

— Жалпы алғанда, әкімдерге сынақ мерзімін белгілеу дұрыс. Себебі, бұл басшыларды нәтижелі еңбек етуге жетелеп, оның соңы нақты көрсеткіштердің орындалуына, тұтастай алғанда халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Яғни, олар белгілі бір жоспарды ойдағыдай орындамаса, қызметінен айырылатынын жақсы түсінетін болады. «Әкім болдым» екен деп арқаны кеңге сала алмайды. Өз кезегінде мұндай жүйе мемлекеттік қызметшілердің деңгейін арттырып, білікті мамандарға жол ашар еді.

Бұл ретте тұрғындардың да жауапкершілігін ескеру керек. Жергілікті биліктің жұмысы олардың талап-тілектеріне байланысты атқарылады. Ал мұның бастауында сайлауға, саяси науқандарға қатысып, белсенді азаматтық көзқарас таныту жатыр. Тұрғындар қоғамға ортақ түйткілдер түйінінің тарқауын талап етіп, жұмыстардың барысын бақылап, бірлесе еңбек етуі керек. Әр әкімнің бағдарламасын жіті қадағалап, оның орындалуын назарда ұстағаны жөн. Сонда басшылардың да ісі нәтижелі болады деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.