Елімізде әкімдер бір мезет жайлы креслоларын партаға алмастырмақ. Олай дейтініміз, «Әкімдер мектебі» ашылып, елді мекендерді басқарып отырған азаматтар жаппай оқытылады. Бұл айрықша мектепте қолда бар тетіктерін тиімді пайдалану арқылы өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақтың ары қарай жағдайын жақсартудың жолдарын меңгереді. Білмегенін білетіндерден үйренеді. Бүгінде өңір-өңірде бұл сабақтар басталып та кеткен.
Қажеттіліктен қолға алынды
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесінің өте өзекті болып тұрғанын айтып, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек екеніне аса мән берген еді.
— Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызмет-шілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өзекті. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Amanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыс істеуі тиіс, – деді Президент.
2021 жылы елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Халық жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді қатысты. Халық сайлаған соң оларға артылатын жауапкершілік те артты. Вице-премьер Қанат Бозымбаев бір сөзінде елімізде жаңа лауазымға келгендердің 60 пайызы бұрын әкім болмаған, кейбірі мемлекеттік қызметте де істемегенін мәлім етті. Әкімдер корпусы айтарлықтай жаңартылған. 2023 жылы пилоттық негізде аудан әкімдерінің сайлауы өткенін білесіздер. Қазақстанда 45 ауданның әкімі сайлау арқылы тағайындалды. Облысымызда Железин, Ақтоғай, Шарбақты аудандарының әкімдері сайлау арқылы таңдалған еді. Алдағы уақытта барлық аудан әкімдерін сайлау арқылы қызметке алу көзделіп отыр. Сондықтан, «Әкімдер мектебінің» қажеттілігі туындап отыр. Олардың біліктілігін арттыру түпкі нәтижесін ауылдық аймақтарды дамытуға оң әсер етеді деп күтілуде. «Әкімдер мектебі» жобасы аясында еліміз бойынша 2400-ден астам аудан, кент және ауылдық округ әкімі оқытылады деп жоспарланған.
Бізде дебасталды
Аймағымызға келсек, ауылдық округтер әкімдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған жоба биыл 17 ақпанда басталып кетті. Бұл бастама жергілікті басшылардың басқару дағдылары мен білімдерін жетілдіруге, жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімділігін арттыруға және Қазақстанның ауылдық аймақтарындағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Асхат Искендировтің айтуынша, аталмыш мектепте әкімдерге жан-жақты білім беріледі.
— Оқыту ауылдық аумақтардың экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеуге және оларды іс жүзінде жүзеге асыруға негізделеді. Әкімдер өз аумақтарының экономикалық мамандануын анықтауды, сондай-ақ өнім өндіруден бастап оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тізбекті құруды үйренеді. Цифрландырудың көмегімен олар тұрғындар, мал басы, жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайы және басқа да параметр- лер бойынша толық статистикалық ақпаратқа қол жеткізе алады. Атап айтқанда, оқыту үрдісіне экономика, қаржы, цифрлық технологиялар, жұмыспен қамту, салық, кәсіпкерлік мәселелерін қарастыру кіреді, — дейді Асхат Батыржанұлы.
Департаменттің мәліметінше, облыста 126 ауылдық округ әкімі бар. Бүгінде олардың жүзге жуығы оқуда жүр. Әкімдерді екі лекке бөліп оқытады. Бұл ретте, әкімдердің халықпен өзара іс-қимылы және цифрландыру жағдайындағы жұмыс тәсілдері бойынша практикалық аспектілерге ерекше назар аударылатын көрінеді. Бағдарлама онлайн және офлайн форматта білім алады.
— Оқыту ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында биыл 17 ақпан — 13 мамыр аралығында өтеді. Оқу жоспары жалпы ұзақтығы 240 академиялық сағатты құрайтын 17 модульден тұрады. Тақырыптар экономика, мемлекеттік басқару, бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алулар, экология, коммуналдық меншікті басқару, цифрландыру, тәуекелдерді басқару, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту салаларын қамтымақ. Ұстаздар құрамына Академия оқытушыларымен қоса түрлі саладағы облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, «Amanat» партиясының саяси менеджмент академиясының өкілдері, бизнес-тренерлер және сарапшылар кіреді, — дейді департамент басшысы.
Әкімдерді тікелей сайлау жүйесі жаңа санаттағы мемлекеттік қызметшілердің — сайланатын басқарушылардың пайда болуына алып келгенін білесіздер. Олардың арасында мемлекеттік қызметте бұрын жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар да бар. Сондықтан сайланған әкімдерді кешенді даярлау мәселесі өзекті болуда. Мәселен, облыста 126 ауылдық округ әкімінің 63,5 пайызы – мемлекеттік қызметшілер. Оған қоса, тікелей сайлау тәртібімен өзге саладан келгендер де бар. Атап айтқанда, 14 адам жеке сектордан, 32-сі бюджеттік ұйымдардан әкім тағына отырған. Бүгінде ауылдық әкімдердің орташа жасы – 47 жас. Осы орайда, «Әкімдер мектебінде» әкімдер жиі жіберетін кемшіліктердің алдын алуға назар аударылады. Әсіресе, мемлекеттік сатып алулар, құрылыс объектілерін қабылдау, бюджет қаражатын тиімді пайдалану бағытында біліктілікті арттыруға көңіл бөлінеді. Қызметтік әдеп нормаларын бұзбауға бағыт берілмек.
Әбестігі жоқ
Елімізде «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынатыны туралы ақпарат тарағанда әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылды. Кейбірі әкім ретінде сайланған соң ол азаматтар соған лайықты, бәрін білуі керек, сәйкесінше, оқытып, қаржы шығындау артық деген пікір де айтылды. Осы ретте, ардагер әкімдердің біріне хабарласып, кезінде қалай болғанын сұраған едік. 18 жыл әкімдік қызмет атқарған баянауылдық Қорабай Шәкіров оқудың ешқашан артық етпейтінін кесіп айтты.
— Біз де қызмет барысында үздіксіз оқумен болдық. Ешкім бәрін біліп тумайды. Совхоз директоры қызметінде жүргенде де Алматыға дейін айлап оқитын курстарға жіберетін. Бұл оқуда талай майталман мамандар дәріс оқыды. Бағыт-бағдар берді. Облыс орталығына да жиі оқуға барып тұрдық. Адам оқымаса, білімін дамытпаса, ісі де ілгері баспайды. Түрлі курстарға шалғай ауылдардан барған әкімдер өзгенің тәжірибесін естиді, озық ойларын тыңдайды. Содан түйгенін өзі басқарып отырған ауылын дамытуға пайдаланады. Одан бөлек, жылда жаңа заң нормалары шығып жатады. Оның да жөнін сала маманы түсіндіріп, ескеруі тиіс тұстарын айтып берсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Қателікке жол берілмейді. Сондықтан оқудан пайда болмаса, еш зиян жоқ. Соншалықты шығын да көп болмайды, — дейді Қорабай Шәкіров.
Үйреткен жөн
25 жыл тарих пәнінен сабақ беріп жүріп, бір күнде мемлекеттік қызметшілер қатарына қосылған Шарбақты ауданына қарасты Галкин ауылдық округінің әкімі Дәурен Нұрсейітов те «Әкімдер мектебіне» мұқтаж екендіктерін жасырмады. Себебі, ол ешқашан мемлекеттік қызметте еңбек етпеген. «Ауыл» партиясының аудандық филиалына төрағалық етіп жүрген шағында ауыл ақсақалдары, партияластары ауыл әкімі сайлауына түсуге қолқа салады. Ұсынысты қабылдап, ауылдастарынан қолдау да таба кетеді. Сөйтіп, 2021 жылы сайлауда жеңіп, содан бері округке басшылық етіп келеді.
— Ауылдастарым сенім артып, тізгінді берген соң жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Әрине, бұрын мемлекеттік қызметте істеп көрмеген соң алғашында көп мәселені білмедім. Аудан басшылығымен, орынбасарларымен, бөлім басшыларымен тығыз жұмыс істеп, білмегенімді сұрап, үйреніп келемін. Аудандық көрсеткіштер орындалуы үшін әр ауылда нәтижелер оң болуы тиіс. Оған да мән беремін. Өзім де ізденіп, ойлап, ұғынуға тырысамын. Ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, кеңес алып жүремін. Бастапқыда түрлі құжаттарға қол қоюда, рәсімдеп, реттеуге неге басты назар аудару қажеттігін жақсы білмедім. Төрт жылда, әрине, көп дүниені біліп қалдым. Сұрап-білудің еш әбестігі жоқ деп ойлаймын, — дейді Дәурен Қалдыбайұлы.
Ол «Әкімдер мектебі» аса қажет екенін алға тартты. Себебі, мұнда ауылдарда жоба-жоспарлар жасаудың қыр-сырын білікті мамандар үйретеді.
— Әр ауылдың ерекшелігін, жағдайын, шамасын ескере отырып, тиімді әрі нақты іске асу ықтимал-дығы жоғары жоба жасауға қолға-быс жасайды. Жобалық-сметалық құжаттың да әрбір тармағына үңіліп, басты назарда ұсталатын тұстарды түсіндіреді. Әкімдікке енді ғана кіріскен азаматтар үшін бұл өте қажет. Мәселен, жолдың жобасын жасап, сметасына үңілгенде бәрін білмесең, ертеңгі күні жұмыстар аяқталып, қабылдауда опық жеуің мүмкін. Міне, осындай кемшіліктерге бой алдырмау үшін үйрену, оқудан өткен дұрыс деп есептеймін. Одан бөлек, басқа әріптестерімізбен кездесіп, ой бөлісу де, ортаға шығып сөйлеу арқылы да көп адам ашылады. Мұнда тұрғындармен дұрыс тілдесіп, орынды жауап беру машығын да меңгертеді. Мектептің сондықтан берері мол, — дейді Д.Нұрсейітов.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.