Әкім атанудан үміттілер көп

Мам 2, 2025

Облыстағы ауылдарда жыл басынан бері 18 ауылдық округтің әкімі сайланды. Бұл орыннан барлығы 70 адам дәмелі болғанымен, тек 62 азамат кандидат болып тіркелді. Яғни, бір орынға орта есеппен алғанда үш үміткер «таласты». Нағыз қызу бәсеке Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылдық округі әкімінің сайлауында болды. Бұл елді мекендерге жетекшілік етуге бірден бес адам ниет танытты.

Жалпы, Павлодар облысында барлығы 3735 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Тағы 344 орын әзірше бос тұр. Сондай-ақ, осы жылы барлығы 48 ауыл әкімі сайланады. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Асхат Ескендіров айтты. Асхат Батыржанұлының сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің қата-рында 35 жасқа дейінгі 1 мыңнан астам жас маман, 2597 қыз-келіншек бар. Сонымен қатар, 39 зейнеткер әлі де еңбек етіп келеді. Олардың қызметін жалғастыру аса қажет болған тұста басшылық бір жылға келісімшарт жасап, мерзімін ұзарта алады.

— Мемлекеттік қызмет саласының сапасын арттырып, кемшін тұстарды анықтау үшін түрлі тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Соның аясында 4 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Олардың қатарында жұмыс уақыты режимін сақтамау, іссапар ақысын уақытылы әрі толық көлемде төлемеу сынды олқылықтар жиі кездеседі. Айталық, 36 мемлекеттік қызметшіге іс-сапар ақысы берілмегені белгілі болды. Біздің департамент бұл іске араласқан соң ғана оларға жалпы сомасы 3,7 млн теңге көлемінде ақы қайтарылды. Мемлекеттік қызметшілердің тарапынан жіберілетін қателіктер де бар. Мәселен, 7 қызметші жеке кәсіпкерлігін уақытылы жаппағаны анықталды, — дейді А.Ескендіров.

Ал мұндай олқы тұстардың алдын алып, білімін жетілдіру үшін мемлекеттік қызметшілер ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасы мен докторантурасында оқи алады. Аталмыш академияның облыстық филиалы директоры Самал Жаргакованың сөзінше, 1 сәуірде оқуға құжат қабылдау басталды. Ол 25 маусымға дейін жалғасады.

— Биыл магистратураға 120, докторан-тураға 12 грант қарастырылып отыр. Бұл ретте біздің облыс академияда білім алған мемлекеттік қызметшілер саны бойынша елімізде үздік үштіктің қатарында екенін атап өткен жөн. 2023-2024 жылдары өңірдің 9 қызметшісі білімін толықтырды. Олардың бір жылдық оқуы барысында жұмыс орны, еңбек өтілі сақталып, соңғы бірнеше айдағы жалақысы көле-мінде шәкіртақы да төленеді, — деп атап өтті С.Жаргакова.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет, квазимемлекеттік сектор өкілдері мемлекеттік басқару академиясында ақылы түрде білім ала алады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Сурет zakon.kz сайтынан алынды.