5 қараша күні Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарының әкімдерін сайлау өтеді. Бұл күні аудандарға қарасты елді мекендердегі шамамен 32 мың дауыс беруші өз таңдауын жасайды. Қазіргі уақытта әзірше тек екі кандидат өз-өзін ұсынып, Ақтоғай мен Шарбақты аудандарына жетекшілік етуге ниет білдірді.

Елімізде 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгені белгілі. Екі жыл аралығында бұл тәжірибе оң нәтижесін бергендіктен, енді аудан әкімдерін тұрғындардың тікелей таңдауы арқылы анықтау да қолға алынды. Облыстық мсәлихаттың шешімімен, біздің өңірде алғаш рет Ақтоғай, Железин мен Шарбақты аудандарының әкімдері сайланбақ. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, үш ауданда барлығы 91 елді мекен бар. Мұнда 46 мыңнан астам адам тұрады. Олардың қатарында 32 мыңнан астам тұрғын дауыс беру құқығына ие.

— Аудан әкімдерінің сайлауын өткізу үшін барлығы 91 сайлау комиссиясы құрылды. Оның төртеуі – аумақтық. Ал 87 сайлау учаскесінде сайлаушылар тікелей дауыс бере алады. Комиссиялардың құрамында 479 адам жұмыс істейтін болады, — деп атап өтті Г.Аманжолова. Қазіргі уақытта кандидаттарды ұсыну процесі жүріп жатыр. Саяси партиялар бір ауданда өзінің тек бір өкілін ұсына алады. Сондай-ақ, үміткерлердің өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік бар. Ол үшін сол аумақтағы дауыс берушілердің кемінде бір пайыздық қолдауын жинауы қажет. Бүгінде Ақтоғай және Шарбақты аудандарының әрқайсысында бір-бір кандидаттан өзін-өзі ұсынды. Ал саяси ұйымдар әзірше өз кандидаттарын белгілеген жоқ. Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну 5 қазан күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Одан соң кандидаттарды тіркеу басталмақ.

— Кандидаттар 350 мың теңге көлемінде сайлау жарнасын төлеп, жолдасы екеуі декларация тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынған кезде ғана тіркеледі. Егер саяси науқанның қорытындысы бойынша аудан әкімі атанудан үмітті азаматтар 5 пайыздан артық дауыс жинаса, жарна толығымен қайтарылады. Кандидатты саяси партия ұсынса, оның жарнасын сол ұйым төлейді. Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін сайлау қорын ашу көзделмеген. Яғни, үміткерлер жергілікті бюджеттен бөлінген сомаға ғана насихат шараларымен айналыса алады. Биыл әр кандидатқа бұл мақсатқа 500 мың теңге бөлінді. Жалпы, үш ауданда саяси науқанды өткізу үшін жергілікті бюджеттен 120 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылды, — деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы. Сонымен қатар, кандидаттың өзі тіркеуден өткен соң оның сенімді өкілдері де тіркелуі тиіс. Үміткердің бір сайлау учаскесіндегі сенімді өкілдерінің саны үш адамнан аспауы керек. Ал сайлау күні саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестік өкілдері саяси науқанның барысын бақылай алады. Биыл шетелдік байқаушылардың келуі күтіліп отырған жоқ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА