Берік Нұрқанов кабинетте отырғаннан гөрі ауылдарды аралап, елмен етене жүргенді жаны сүйеді. Күн сайын аппаратындағы азаматтармен лездеме өткізген соң тұрғындардың талап-тілегі, елді мекендерде межеленген жұмыстардың барысымен танысуға шығады. Осылайша, Шарбақты ауданына қарасты Александровка ауылдық округінің әкімі тағайындалған төрт жылда ауылдастарының сенімінен шығуға ниетті.
Берік Ерқұмарұлының әу бастағы мамандығы – мұғалім. «Дипломмен — ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2011 жылы аталмыш округке қарайтын Жаңаауылға тарих пәнінің мұғалімі болып орналасады. Үш жыл ұстаздық еткен ол 2014 жылы жергілікті мемлекеттік басқару мамандығын бітіріп, ауылдық әкімдікке бас маман болып жұмысқа кіріседі. 2018 жылға дейін мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, шыңдала түседі. Алайда, отбасылық жағдайға, баспана мәселесіне байланысты еңбек жолын бастаған ауылға кері қайтуға тура келеді. Яғни, шәкірттерге тарих пәнінен сабақ беруін жалғастырады.
— Шыны керек, ұстаздық етіп жүргенде бұрын мемлекеттік қызметте істегенімді білетін ауылдастарым ақыл сұрап, қандай жағдайда қай органға бару керектігін, қандай құжат қажеттігін жиі сұрайтын. Белсенділігімді де бәсеңдетпедім. Ауылда түрлі шаралар ұйымдастыратынмын. Бәрібір мемлекеттік қызметке бүйрегім бұрып тұрушы еді. Содан 2023 жылы ауыл әкімінің сайлауы өтерде Александровка, Жаңа ауыл елді мекендерінің тұрғындары маған әкім қызметі қолымнан келетінін айтып, қатысуға қолқа салды. Сайлауда жеңіп, бүгінде Александровка ауылдық округін басқарып отырған жайым бар, — дейді Берік Нұрқанов.
Ол сайлауалды бағдарламасын таныстырғанда да, қызметке кіріскеннен кейін де ауылдастарына құр уәде бермейтінін, бірақ, қолдан келгенше күшін салатынын уәде еткен. Ең бастысы, тәулік бойы байланыста болатынын айтқан көрінеді.
— Ел Президенті баршамыздан ашықтықты талап етеді. Халыққа жақын болуымыз керек. Біздің округке қарайтын үш ірі елді мекен тұрғындарының WhatsApp топтарындамын. Яғни, тұрғындармен әрдайым байланыстамын. Қандай да бір мәселе туындаса, соны шешуге асығамын. Ауылдастарыммен әрдайым ақылдасып отырамын. Аға буыннан кеңес аламын. Үлкен жауапкершілік бар. Мемлекеттк қызметші атына кір келтірмей, адал еңбек ету – басты мақсатым, — дейді округ әкімі.
Александровка ауылдық округіне Алексеевка, Жаңаауыл, Құрқамыс станциясы, Николаевка, Бөріктал, Коховка атты ірілі-ұсақты 7 елді мекен кіреді. Іскер әкім әр ауылдың ахуалымен таныс. Жыл сайын елді мекендерді көркейту жұмыстарына Үкімет, облыс басшылығы тарапынан қолдаудың күшейгеніне риза.
— Биыл Алексеевка ауылында 2 көшеге асфальт төселді. Мұнда ешқашан тас болмағанын айта кету керек. Александровка елді мекенінде былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының нәтижесінде әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, кіреберіс жолы, 5 көше асфальтталды, жарықтандырылды, — дейді Б.Нұрқанов.
Енді, міне, биыл Александровка ауылындағы саябақты қоршау қолға алынбақ. Оған қажетті материалдар округтің дербес бюджетіне түскен қаражатқа сатып алыныпты. Ал қоршауды орнату, дәнекерлеу жұмыстарын тұрғындар өздері атқармақ. Бұл да әкімнің өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақта азаматтарды ұйымдастыра білуінің бір көрінісі екені анық. Дербес бюджет демекші, қазынаға түскен қаржыны бөлуде жергілікті қауымдастықпен ақылдасып, шешеді. Есебін де беріп отыратынын айтады. Кейде қандай да бір жұмысқа жобалық-сметалық құжатты дербес бюджет есебінен жасап, ары қарай аудан, облыс қазынасына өтінім беруге әзір тұрады. Мұнда да ауылдықтардың қалауы ескеріледі, дейді әкім. Қыста қар тазалау, жолды ашу жұмыстарына да баса мән берілетінін айтады. Тұрғындар ұйқыда жатқан кезде бәрін реттетіп қоюға дағдыланыпты. Осылайша, ауылдықтардың қысы-жазы алаңсыз қатынауына жағдай жасалған.
Ауылдан шыққан іскер азаматтар да туған өлкелерінің өркендеуіне үлес қосуда. Мәселен, биыл Александровка ауылы мектебінің түлектері, ағалы-қарындасты Тимур мен Дина Серікбаевтар елді мекенге заманауи шағын футбол алаңын сыйға тартпақ.
Көркі кіре бастаған ауылдарға қоныс аударушылар да аз емес. Еліміздің оңтүстік өңірлерінен отбасылар қоныс аударып, орта толып жатқан көрінеді. Былтыр Алексеевкаға 2 отбасы, Александровкаға 1 отбасы көшіп келген. Биыл 10 адамнан тұратын отбасы келмек ниетте екен. Қазіргі таңда квота рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Отбасы демекші, Шарбақты ауданының Шегірен ауылының тумасы Берік Ерқұмарұлы «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен Семейден келген мұғаліммен шаңырақ көтеріп, бүгінде үш бала өсіріп отыр.
Айта кетейік, елімізде Мемлекеттік қызметші күні 2014 жылдан бері аталып келеді. Қазіргі таңда облыста 2436 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың орташа жасы – 42 жас. Орташа еңбек өтілі — 11 жыл.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ