Өзара тәжірибе алмасты

Там 28, 2025

Таяуда еліміздің 15 өңіріндегі мәслихат өкілдері біздің облыста бас қосты. Басты мақсат – жаңғыртудан өткен жергілікті мәслихат жұмысымен етене танысып, өзара тәжірибе алмасу. Үш күндік семинар барысында жаңа жобалар барысы, депутаттардың халықпен, атқарушы орган өкілдерімен бірлескен ісінің нәтижесі талқыланды.

Бүгінде елімізде өкілетті биліктің орны күшейіп келеді. Қазіргі таңда аудан-қалалық, облыстық мәслихаттардың елдің дамып, өркендеу жолындағы орны ерекше. Әсіресе, ел арасындағы күрмеулі мәселелерді, сайлаушыларды толғандыратын түйткілдерді шешуге баса мән беретіні байқалады. Бұл ретте Павлодар облысындағы мәслихат жұмысы өзгелерге үлгі боларлық. Біздің өңірдегі мәслихаттарды жаңғырту жобасы бүгінде өзге өңірлерде де сәтті жүзге асырылуда. Аталмыш тәжірибенің ауқымын кеңейте түсіп, оны одан әрі тарату мақсатында облыс орталығында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытудағы мәслихаттардың рөлі тақырыбын арқау еткен семинар ұйымдастырылды. Оған еліміздің 15 өңіріндегі қалалық мәслихат төрағалары арнайы келді.

Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мәслихатты жаңғырту жобасының қандай бағыттарда жүзеге асырылып жатқанын айтып, тәжірибемен бөлісті.

— Біздің мәслихат құрамында барлық партия өкілдері, атап айтқанда 32 депутат бар. Олардың қатарында бір депутат – өзін-өзі ұсынған кандидат. Мәслихат жанында «Аманат» және «Ауыл» партия-ларының фракциялары жұмыс істейді. Атап өтер ерекше жайт, мәслихаттың құрамында 7 тұрақты комиссия бар. Ел көлемінде тек біздің аймақта жастар саясаты мәселелері бойынша жеке комиссия құрылған. Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын басталған мәслихаттарды жаңғырту жобасы өз жемісін беруде. Өзге өңірлерден жиналған әріптестерімізбен осы жоба аясында жинаған тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз, — деді И.Теренченко.

Бұл ретте Павлодар қалалық мәслихатындағы жаңа тәсілдер ерекше қызығушылық тудырды. Солардың бірі — 2ГИС анықтамалық қызметімен орнатылған өзара әріптестік. Соған сәйкес, бүгінде тұрғындар қосымшаға өз мекенжайын енгізіп, өз округінің депутатының байланыс деректерін ала алады. Сонымен қатар, депутаттар жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдана бастады. №9 округтің депутаты Серік Құсайыновтың цифрлық көмекшісі пайда болды. Ол депутатқа келіп түскен сауалдарды өңдеп, тұрғындардың деректерін қабылдап, заңға сәйкес алғашқы жауаптарды беруге қауқарлы. Бұған дейін осындай жолмен 16 сауал қаралды. Олардың басым бөлігі коммуналдық шаруашылыққа қатысты болды.

— Бұған дейін осы іспетті кез-десулер Қызылорда, Ақтөбе, Көкшетау мен Қарағанды облыстарында өтті. Ендігі ретте біз де өз жұмысымыздың барысын көрсетіп, жобаларды таныстыруға әзірміз. Сайлаушылармен 2ГИС қосымшасы арқылы байланыс орнатумен қатар, өзге де бастамалар бар. Мәселен, жақында Генерал Дүйсенов көшесінің бойында халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда Азаматтарға арналған үкімет қызметтері көрсетіліп қана қоймай, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік мекемелердің көмегіне жүгінуге болады. Мұндай жаңашылдық кейбір қалаларда ғана бар. Сол сияқты біздің де әріптестерден аларымыз бар. Айталық, Қызыл-орда қаласының билігі көпқабатты тұрғын үйлерді боямай, сыртын түрлі түсті кірпішпен қалауға көшті. Бұл әлдеқайда тиімді. Осындай жаңа тәжірибелерді білу үшін осындай семинарлар қажет, — дейді қалалық мәслихат төрағасы Қобланбек Қожин.

Мейман депутаттар жергілікті мәслихат өкілдерінің халықпен байланысының оң жолға қойылғанын жоғары бағалады. Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы тілдесудің өзі пайдалы екенін алға тартты.

— Павлодар облысында жергілікті билік пен мәслихаттар тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жат-қаны байқалады. Облыстық әкімдіктегі ахуалдық орталық жұмысымен танысу арқылы әр саланың сарапталып, көрсеткіштердің електен өтіп, әр бағыт бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынғанын аңғардық. Әсіресе, депутаттардың заманауи технологияларды халықпен байланысты нығайтудың тетігі ретінде пайдалануы көңілге қонымды. Тікелей эфир арқылы тілдесу, 2ГИС қосымшасы көмегімен байланыс орнату -сайлаушылар мен депутаттарды барынша жақындастыратын тамаша мүмкіндік. Оны басқа аймақтар да алдағы уақытта пайдаланады деп ойлаймын, — деді А.Даржанова.

Семинар қатысушылары Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековпен кездесіп, қаланың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалармен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан электролиз зауыты, Азаматтарға арналған үкімет жұмысымен танысып, Орталық жағалауға, жаңа көпірдің құрылыс алаңына барды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.