Өзгерістер нендей нәтиже берді?

Мам 2, 2025

Елімізде соңғы бірнеше жылда сайлау жүйесіне өзгерістер енгізілуде. Яғни, ел Президентінің тапсырмасымен саяси трансформация шеңберінде сайлау жүйесі де әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, түбегейлі түрленді. Орталық сайлау комиссиясы әлі де озық тәсілдерді енгізіп, саяси науқанның оңтайлы өтуіне, халық сенімін арттыру жолында аянып қалмақ емес.

Бұл туралы аймағымызға арнайы келген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті. Елордалық мейман Торайғыров университе-тінде студенттермен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелерімен жүздесті.

— Жалпы, бетпе-бет жүздесу, тікелей тілдесуді ешбір заманауи тәсілдер алмастыра алмайды. Тікелей қарым-қатынас болмаған жерде мәселе туындайды. Ал нақты мәселелерді білгісі келген адамға дәл осындай тікелей кездесулер көп түйткілдің бетін ашады. Сондықтан да өңірлерді аралап, кездесіп, ахуалдарды білуді жөн көремін, — деді Нұрлан Мәжитұлы. Содан соң сайлау жүйесінде қолға алынған басты өзгерістерге тоқталды. Саланы түрлендірудің бірінші кезеңінде атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Мәселен, 2019 жылғы сайлау заңнамасындағы өзгерістерге келсек, партияларды тіркеу кезінде партия мүшелері санына қойылатын шек 4 есеге төмендетілді. Бұрын 20 мың адам қатарында болуы тиіс еді. 2019 жылы 5 мың адамға түсірілді. Оған қоса, өкілетті органдарға өту кезінде бұрын партиялар кемінде жалпы дауыстың 7 пайызынан кем алмауы қажет болатын. Бүгінде бұл шек төмендетіліп, 5 пайызды құрады. Бұрын ҚР Парламентінде 3 қана саяси партия өкілі болса, бүгінде 6 партия бар. Парламентте әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастырылды. Тағы бір жаңашылдық, ауылдық әкімдерді тікелей сайлау енгізілді. Нәтижесінде, 2022 жылы Қазақстандағы 2500 ауылдық округтің 730-ында әкім-дерді халық өздері сайлап алды.

Н.Әбдіров сайлау жүйесін түрлендірудің екінші кезеңі 2022 жылы орын алғанын атап өтті. Бұл кезде конституциялық реформа жүзеге асты. Нәтижесінде президенттікке бір адам бір реттен артық сайланбайтыны енгізілді. Мажоритарлық сайлау жүйесі қайта оралды. Себебі, көпшілік партияға емес, нақты білетін адамға дауыс бергілері келетінін білдірді. Сонымен қатар, мандат қайтарылып алатындай қалыпқа келтірілді. Мәжіліске мүмкіндігі шектеулі жандар қосылды. Әкімдер сайлауына да өзгеріс енді. 2022 жылы пилоттық негізде елімізде 42 аудан, қала әкімдері сайлау арқылы таққа отырды. Енді биылдан бастап елімізде барлық аудан және облыс маңызындағы қалалардың әкімдерін де халық сайлайды. Тек креслосы босағаннан кейін сайлау өтеді. Сайлау барысын бақылауға ниетті ұйымдарды аккредиттеу мерзімі ұзартылды. Бұрын мандат бір саяси науқанға ғана берілсе, енді бір жылға беріледі. Демек, осы аралықта неше саяси науқан болса, солардың бәріне қатысуға рұқсаты болады. Нұрлан Мәжитұлы сайлау өткізу кезінде шетелдің араласуына тыйым салатын тармақ заңға енгізілгенін атап өтті. Бұрын мұндай тыйым заң жүзінде болмаған. Аумақтық сайлау комиссияларын кәсібилендіруге мән берілуде. Қазіргі таңда облыстық комиссияларда 7 адам, қалалық, аудандық комиссияларда 3 адамнан тұрақты жұмыс істейді. Бүгінде елімізде 85 154 адам сайлау жүйесінде еңбек етеді. Оларды электоралды кезең қарсаңында оқыту жұмыстары жүргізіледі.

Енді осы өзгерістердің біріне ғана тоқталсақ, мәселен, елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің 98 пайызы тікелей сайланады. Халық өзі таңдайды. Тек облыс әкімдерін Президент тағайындайды. Оның өзінде Мемлекет басшысы екі үміткерді ұсынады, жанама түрде олар да сайланады. Таңдауды аймақтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жасайды. Сонымен қатар, 88,5 пайызы депутаттардың мажоритарлық жүйемен, бірмандаттық жолмен сайланады. Оларды сайлаушылары таңдайды.

Н.Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы азамат, әділдік, демократия, сенім сынды басты құндылықтарға мән берілетінін атап өтті. Осылайша, азаматтардың референдумдар мен сайлау науқандарында еркін түрде таңдауын жасауына жағдай туғызуды мақсат еткен. Яғни, сайлаушылардың сенімін арттыру, азаматтардың электоралдық мәдениетін көтеруге басымдық береді. Осы ретте, ОСК жанынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қамтамасыз ету мәселелерін қаперге алатын жұмыс тобы құрылыпты. Тіпті, этикалық терминология түзу де көзделген. ОСК төрағасы қазіргі таңда сайлау жүйесінде атқарушы билікке барынша иек артпауға мән берілетінін де мәлім етті. Әкімдіктер саяси науқан кезінде тек материалдық-техникалық қамтамасыз ету тұрғысынан ғана қолғабыс жасайды, бірақ, ешбірі сайлау науқанына араласпайды, деді. Астанадан келген Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аймағымыздың аумақтық комиссиялары мүшелерімен кездесті. Олар тестілеуден өткізілмек. Олқы тұстары бойынша тиісінше семинарлар ұйымдастырылмақ.

Кездесуде сауалнама өткізілді. Бұл сауалнама сайлау жүйесіне қатысты ұсыныстарға жастардың, депутаттардың пікірін білу мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, павлодарлық жастар, депутаттар Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне сұрақ қойып, толымды жауап алды.

Сайлау науқандарын ұйымдастыруға көп жылдан бері үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Орталық Сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, «Құрмет грамотасы» және комиссия төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ, Нұрлан Мәжитұлы бастаған комиссия мүшелері Шарбақты ауданына арнайы барып, тікелей сайланған аудан әкімімен, аудан орталығының әкімімен кездесіп, сайлаушыларының да пікірлерін біліп, өзгерістің нақты іс жүзінде қандай нәтиже беріп жатқанын біліп қайтты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.