15 наурызда елімізде жалпыхалықтық республикалық референдум өтеді. Бұл саяси науқан барысында дауыс берушілер жаңа Ата Заңды қабылдауға қатысты таңдау жасайды. Ал бұған дейін жер-жерде жаңа Конституция жобасы мен құжаттың басым бағыттары кең көлемде талқылануда. Өткен сенбі күні осындай ашық диалогтың бірі өңірлік коалицияның фронт-кеңсесінде де ұйымдастырылды.
Елімізде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы құрылған болатын. Оның құрамына бес жетекші саяси партия мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйымның өкілдері енді. Біздің облыста да коалицияның өңірлік филиалы құрылды. Таяуда оның фронт-кеңсесінде қоғам өкілдерімен «Білім алу құқығы: ашық диалог қоғаммен» атты кездесу өтті.
Кездесуге коалиция мүшелері, академиялық қауымдастық өкілдері, студенттер және облыс орталығының белсенді тұрғындары, барлығы 200-ден астам адам жиналды. Коалиция мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жарқынбек Амантай, Ислам Сұңқар және Торайғыров университетінің проректоры Салтанат Әубәкірова жаңа Конституцияның білім беру мен шығармашылық еркіндікке қатысты негізгі нормаларына жан-жақты тоқталды.
Бұл ретте мемлекет мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беретін 33-бап болды. Бұл тек білімге қол жеткізу құқығы ғана емес, сонымен қатар адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық басымдық екені айтылды. Осы орайда Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар «тегін» сөзін «ақылы емес» сөзімен алмастыруға қатысты мәселеге тоқталды.
– Конституцияда «тегін» деген сөзді «ақылы емес» деп ауыстыру қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірақ бұл өзгеріс азаматтардың құқығын кемітпейді. Мәселен, мемлекет білім беру мен медициналық қызметтерге қаражат жұмсайды. Яғни, мұғалімдер, мектеп инфрақұрылымы, оқу құралдары бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Сондықтан қызмет толық «тегін» деп айту заң тұрғысынан дұрыс емес. Дегенмен, азаматтар үшін бұл қызметтер қосымша төлемсіз беріледі. Бастысы, мемлекеттік кепілдіктер өзгеріссіз қалады. Соған сәйкес, әрбір қазақстандық бастуыш және орта білім алуға құқылы, ал жоғары білім алу мемлекет гранттары және конкурс арқылы қолжетімді. Білім беру сапасын арттыру үшін шетелдік тәжірибелерді енгізу арқылы студенттердің білім сапасы мен адами капиталдың деңгейін көтеруге де мүмкіндік бар, — деді Ислам Сұңқар.
Сонымен қатар, кездесу барысында 23-бапқа ерекше назар аударылды. Аталған бапта сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні, ал зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Спикерлер бұл нормалар ғылымның, білімнің және креативті индустриялардың дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратынын, еркін ой мен авторлық құқықты қорғауға жағдай жасайтынын атап өтті.
Өңірлік коалиция төрағасы Илья Теренченко жаңартылған Конституцияның 96-бабы адамға бағытталғанын және азаматтардың құқықтарын қорғауға негізделгенін атап өтті. Ол коалиция мүшелері жастармен бірге түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, шалғай ауылдарға барып, тұрғындармен кездесіп, диалог өткен әрбір елді мекенді картада белгілеп отырғанын да тілге тиек етті.
Жалпы, ашық диалог мазмұнды әрі қызықты өтті. Қатысушылар көкейдегі түрлі сауалын қойып, ұсыныс-ойын ортаға салды. Өзекті мәселелерді де ашық көтеріп, тікелей жауап алды. Ал кездесу соңында облыс белсенділері арасында бастау алған игі бастама — референдумға ұлттық киіммен бару челленджі қолдау тапты. Кездесуге келушілер де дәстүрге құрмет пен ел болашағына деген жауапкершіліктің символы ретінде бұл бастамаға атсалысты.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
