Ала жаздай аймағымыздың түкпір-түкпірінде жол жөндеу жұмыстары қызу жүрді. Әлі де жалғасуда. Алайда оның нәтижесі қалай? Жоспар ойдағыдай орындалып жатыр ма? Қандай мәселе бар? Сондай-ақ, көп кешікпей күн суытып, эпидемиологиялық маусым басталатыны белгілі. Дайындық қалай? Бұл мәселелер аппараттық жиында жан-жақты талқыланды.
Жөндеу жүйелі жүргізілуі тиіс
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен өңірдегі жол жөндеу жұмыстары сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров ағымдағы жылы облысымызда жол жөндеу бойынша 116 жоба жүзеге асып жатқанын мәлім етті. Бұл мақсатқа түрлі деңгейдегі бюджеттен 25 млрд теңге қарастырылып, жалпы ұзындығы 413 шақырым жол жөндеу жоспарланған.
— Атап айтқанда, облыстық маңызы бар жолдар бойынша 78 шақырымды құрайтын 9 жоба, аудандарда ұзындығы 44 шақырымдық 6 жоба іске асырылуда. Ал өңірге қарасты елді мекендердің көшелерін жаңарту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 12,6 миллиард теңгенің 76 жобасы қолға алынуда. Сондай-ақ ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеу мақсатында 25 жоба қанат қақты. Бұған 6,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 116 жобаның 86-сы толық аяқталды, қалғаны жөнделуде. Жалпы, жұмыстардың 83 пайызы орындалды, — деді Қанат Қашкиров. Ол сондай-ақ, Павлодар қаласы, Ақтоғай, Май, Павлодар аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймағында жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау бойынша оң нәтиже барын атап өтті. Ал Екібастұз шаһары, Аққулы, Баянауыл, Успен және Шарбақты аудандарындағы жұмыстар аяқталу сатысында екені белгілі болды. Өкінішке қарай, Тереңкөл ауданында жол жөндеу жұмыстарының 40 пайызы, Железинде 50 пайызы ғана орындалған. Ертіс ауданындағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Өңірде жоспардың 63 пайызы іске асқан. Яғни, 11 нысанның 3-еуі ғана аяқталған, 6 жоба бойынша жөндеу жалғасуда. Ал 2 нысанда жұмыстар әлі басталмаған.
Басқарма басшысы Қанат Қашкировтың айтуынша, жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеуге 21 мердігерлік ұйым жұмылдырылған. Олардың жұмысы үнемі бақыланып отырады. Осы мақсатта ұлттық сапа орталығы белсенді жұмыс істеуде. Аталмыш мекеменің мұрындық болуымен тексеру шаралары жиі қолға алынуда. Мәселен, 1171 жол-құрылыс материалдарының сынамасы алынып, оның 983-і сәйкес келетіні, 144-і сынақ сатысында және қалған 44-і талапқа сай еместігі дәлелденген. Сонымен қатар, 101 ақау анықталып, оның 65-і жойылған.
Жиын барысында қиындық туғызып жатқан жобалар жайы да талқыланды. Солардың қатарында көпке созылған «Аққу-Қазы-Майқарағай» жолы бар. Мұнда ақаулар анықталып, астаналық мердігер «Арнайы құрылыс» компаниясымен келісімшартты бұзу мәселесі қаралуда. Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов осы аптаның ішінде сотқа дейінгі рәсімдер өтетінін айтып, содан кейін қайта конкурс жарияланатынын жеткізді. Осындай екінші жоба — Железин ауданындағы «Веселая роща – Мыңкөл» жолы. Бұған жауапты мердігер «Аза» ЖШС-нің енді ғана іске кірісетіні белгілі болды.
— Бұл — Железин ауданындағы ең маңызды жол. Қаржыландыру мәселесін шешіп, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру қажет, – деген аймақ басшысы аталған жобаны кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Аппараттық жиында келесі жылы облысымыздағы барлық елді мекеннің кіреберіс жолдары жөнделетіні айтылды.
– Соңғы екі жылдың ішінде 61 ауылдың жолы жөнделді. Мұндай жұмыстар биыл 31 елді мекенде қолға алынуда. Ал 2026 жылға дейін қалған 31 ауылға кіреберіс жол салынады, — деді Асайын Байханов. Сондай-ақ, ол келесі жиында ендігі жылы жүзеге асатын 31 жоба бойынша толық ақпарат ұсынуды талап етті.
Денсаулық – зор байлық
Алқалы жиында өңірдегі эпидемиологиялық жағдай да қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековтің айтуынша, осы айда эпидемиологиялық маусымға дайындық жұмыстары басталмақ.
Жалпы, биыл облыс халқының 11–12 пайызын вакциналау жоспарлануда. Ол үшін 80 мың доза сатып алынатын болады.
— Ең алдымен тәуекел топтарына жататын адамдарға тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі. Бұл санатқа созылмалы аурулары бар балалар мен ересектер, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, жабық мекемелердегі балалар, яғни интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлеріндегі адамдар жатады. Екпелер «СК-Фармация» ЖШС арқылы сатып алынады. Осы жылы облыс халқын иммунопрофилактикамен қамту үшін республикалық бюджеттен 1 миллиардтан астам теңге бөлінген, — деді Иран Шаметеков. Сонымен қатар, ол облыстағы емдеу мекемелерінің материалдық жағдайы жайлы да сөз етті. Оның айтуынша, өңір бойынша жұқпалы ауруларға арналған 339 төсек-орын бар. Оның 58-і ересектерге, 281-і балаларға лайықталған. Ал тұмау, ЖРВИ және COVID-19 аурулары асқынып, науқас саны артқан жағдайда қосымша орындар ашу мәселесі де қарастырылған екен.
— Бүгінгі таңда облыс бойынша ЖРВИ және тұмаумен ауырған 85 науқас стационарлық ем алуда. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін медициналық ұйымдарда дезинфекциялық режим қатаң сақталады. Сондай-ақ, тұмауға қарсы дәрілік құралдар, соның ішінде вирустан сақтайтын оксолин майы, қызуды түсіретін, иммуномодуляторлар, дәрумендер мен минералдардың жеткілікті қоры жасақталған, — деген басқарма басшысы облыс тұрғындарымен де ЖРВИ мен тұмаудың алдын алуға бағытталған түсіндіру шаралары үздіксіз жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соған қарамастан, ағымдағы жылы да ауырғандар аз емес көрінеді.
— Осы жылы жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозымен 3 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылды. Олардың қатарында 77 жүкті әйел мен 1 жасқа толмаған 936 бала бар. Сондай-ақ, пневмониямен стационарға түскендер саны 1 мыңнан асады. Оның ішінде 3 жүкті әйел мен 14 жасқа дейінгі 712 бала бар екені анықталды. Өткен жылы осы кезеңде ЖРВИ-мен ауруханаға жатқызылғандар саны 2 444 адамды құрады. Оның ішінде 11 жүкті әйел, 1 жасқа дейінгі 825 сәби бар. Пневмониямен 373 науқас түсті. Олардың қатарында 1 жүкті әйел, 14 жасқа дейінгі 251 бала болды, — деді басқарма басшысы.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің сөзіне қарағанда, өңірде жұқпалы аурулар бойынша жағдай тұрақты.
Облыс әкімі тұрғындар денсаулығы басты назарда болуы тиіс екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастыруды тапсырды.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.