Өнім шығымды, құрылыс қарқынды

Там 21, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл Аққулы ауданында ауқымды іс атқарылуда. Шаруалар бақша дақылдарын жинауға кіріскен. Құрылыс жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Облыс әкімі Асайын Байханов ауданға жұмыс сапарымен барып, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын, жылу беру маусымына дайындығын, аграрлық сектордың дамуы мен әлеуметтік саланың жағдайын тексерді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Аққулының тәтті қарбызы

Аққулы ауданында республика бойынша қарбыздың шығымы жақсы. Өнімнің өсуіне тамшылатып суару технологиясы мен ауа райы қолайлы әсер еткен. Биыл қауын-қарбыздың алқабы кеңейген. Шаруалар қарбыз-қауын жинау жұмыстарымен айналысуда. Асайын Байханов аймағымызға белгілі «Алан» шаруа қожалығына ат басын тіреп, диқандардың жазғы еңбегімен танысты.

Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, соңғы жылдары қарбыз алқабы айтарлықтай ұлғайған. Былтыр ауданда 1190 гектар жерге қарбыз егілсе, биыл бұл көрсеткіш 1910 гектарға жетіп отыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 26 шаруа қожалығы тәтті өнім өсірумен айналысады. Шарбақты, Ямышев және Қарақала ауылдарында қарбыздың 62 түрлі сұрпы өсіріледі.

Шарбақты ауылдық округіндегі «Алан» қожалығының өзі ғана 50 гектар жерге қарбыз егеді. Мұнда 20-дан астам сұрып өсіріледі. Шаруашылық иесі Сәкен Темірғалиевтің айтуынша, бұл кәсіппен айналысып келе жатқандарына 30 жылға жуықтаған. Соңғы жылдары тамшылатып суару әдісін қолданып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік алған.

– Қарбыз өсіруді 1998 жылы бастадым. Көктемде жауын-шашын аз, құрғақшылық жиілеп кетті. Ерте өнім алу үшін ұңғымадан су шығарып, тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Егіс жұмыстары наурыз айында басталады. Наурыз айында жылыжайға тұқым себеміз, мамырда алқапқа отырғызамыз. Биыл өнім шығымы жақсы. Көрші ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтып отырмыз. Өнім тек облыс көлемінде емес, Астана мен Қарағанды қалаларына да жөнелтіледі, – дейді қожалық иесі.

Қожалықта шамамен 20-ға жуық қарбыз сорты өсіріледі. Маусымдық жұмысқа адамдар көрші ауылдан тартылған.

– Біздің өнім – экологиялық таза. Селитра қосылмайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар біздің қарбызды жақсы біледі, піскенін асыға күтіп, сатып алады. Оңтүстіктің қарбыздары арзан болғанымен, құрамында селитра көп болады, – дейді Сәкен Темірғалиев.

Сатылым шілде айынан басталған. Жергілікті экологиялық таза өнімнің келісі 200 теңгеден сатылуда.

Шаруаларға мемлекет тарапынан пайызы төмен және арзандатылған несие беріледі. Мысалы, «Кең дала» бағдарламасы мол мүмкіндік сыйлап отыр.

– Қазіргі уақытта қауын-қарбыз жинау жұмыстары басталды. Биыл республикадағы басқа өңірлермен салыстырғанда ауданның өнімділігі жоғары. Мұны маусым айындағы ыстық ауа райы мен тамшылатып суару технологиясының тиімділігімен байланыстыруға болады. Қарбызға  бастысы су мен күн қажет. Биыл бұл талаптар толық орындалды. Сондықтан өнім сапасы да, көлемі де жақсы, –  деді ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлім Бейсембеков.

Шаруалар мамыр айының соңында болған дауылды жел мен ұсақ бұршақ шаруашылықтарға зиян тигізгенін  жасырмады. Табиғаттың тосын мінезі болмағанда өнім қазіргіден де көп болатын еді деп болжайды. Десе де, республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда Аққулыда қарбыз мол шыққан. Сондықтан баға да көңілге қонымды.

Аймақ басшысымен тілдескен шаруалар қауын-қарбызды облыс орталығында сату кезінде келеңсіздік туындайтынын айтты. Өнім артқан жүк көліктерін тәртіп сақшылары қалаған орынға қойғызбайды екен. Шаруаларға салық төлеуді міндеттеуде. Асайын Қуандықұлы алдағы уақытта шаруаларға өнім сататын арнайы орын белгіленетінін және тәртіппен реттелетінін жеткізді. Шаруалардың еңбегін жоғары бағалап, өнімнің мол әрі сапалы болуына тілектес екенін жеткізді.

Қазандықтар ауыстырылуда

Аймақ басшысы ауданда құрылысы жүргізілген әлеуметтік нысандардың жұмысын бақылап, жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Биыл аудандағы 5 мектептің қазандығы ауыстырылған. Асайын Байханов күрделі жөндеуден өткен Шарбақты ауылындағы мектептің жағдайымен танысты. Мұнда құны 48 млн теңге тұратын блок-модульді қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімі жылу құбырын оқшаулауды жылдамдатуды, қазандықты іске қосуда олқылықтарға жол бермей, жұмысты уақытылы аяқтауды тапсырды.

60 жылдық тарихы бар білім ошағында 170 бала білім алады. Мектептегі сынып бөлмелері, шатыры мен жылу жүйесі жаңартылған. Ауласы абат-тандырылған.

Ауданда жалпы саны 23 мектеп пен бір колледж бар. Руслан Мұқановтың сөзінше, биыл Шоқтал, Малыбай және Ямышев орта мектептерінде қазандық ауыстырылды. Сонымен қатар, Төсағаш мектебінде екі қазандық жаңартылды. 6 ауылдағы мәдениет үйлерінде жаңа қазандық орнатылды. Денсаулық сақтау саласында бір орталықтандырылған қазандық жұмыс істейді. 2023 жылы 3 қазандық орнатылған. Аудан орталығында 3 орталықтандырылған қазандық бар. Биыл бонустық трансферт есебінен  қосымша 4 қазандық сатып алынып, біреуі ауыс-тырылды. Барлық жабдықтар техникалық тексерістен өткен.

Облыс әкімі Асайын Байханов қазандықтардың техникалық жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Ол 7 жылдан артық пайдаланылған қазандықтардың қауіпсіздік тәуекелін ескеріп, дер кезінде жаңарту немесе күрделі жөндеу жұмыс-тарын жүргізуді тапсырды.

Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын  бөлім басшыларына жеке барып тексеруді және қыркүйектің 10-на дейін барлық нысан жылыту маусымына қосылуға дайын болуы керектігін ескертті.

Таза ауызсумен қамтылады

Ауданда биыл қолға алынған негізгі инфрақұрылымдық жобаның бірі – Аққулы ауылындағы су құбырын қайта жаңарту. Ауқымды іске облыстық бюджеттен 596,7 млн теңге бөлінген. Бүгінде тереңдігі 160 метрді құрайтын 4 ұңғыма дайын. Оның екеуі тұрақты жұмыс істесе, қалған екеуі резервке алынған. Электр желілерін салу, сорғы станциясына қоршау орнату жұмыстары орындалған. Жоба биыл қараша айында аяқталады деп күтілуде.

Аққулы ауылын ауызсумен қамту жобасы 3 жыл бұрын басталған. Бірақ жоба өз мақсатына жете алмаған. Облыс әкімі өткен жылы қыркүйек айында  аталмыш жобаны қайта қарастыру туралы тапсырма берген. Осыған сәйкес жобаға тиісті өзгерістер енгізілді. Аққулы ауылының халқын тәулігіне тұрақты түрде таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.

Облыс әкімі инженерлік желі-лері жаңартылып жатқан аудандық аурухананың жұмысымен танысты. Мұндай ауқымды жұмысты жүргізуді аймақ басшысы 2023 жылы тапсырған болатын. Жоба бойынша медициналық нысанда сумен жабдықтау, кәріз  және жылу жүйелері жаңартылуда. Бүгінде жұмыстың 80 пайызы орындалған. Мамыр айының ортасында басталған ауқымды іс 15 қыркүйекте аяқталады. Аурухананың бас дәрігері Қайрат Мурзалин аймақ басшысынан ғимараттың барлық бөлмесін, едендерін ауыстыру үшін  көмек көрсетуді сұрады.

Аймақ басшысы медициналық мекеменің бос тұрған бөлмелерін тиімді пайдалануды ұсынды. 5 мың шаршы метр аумақтың тек 3 мыңға жуығы қолданылуда. Сондықтан бос бөлмелерді  ауданға келетін мамандар үшін пайдалануды тапсырды. Бұл ретте жатақхана жобасын әзірлеуді жүктеді.

Атап өтерлігі, ауруханаға биыл гинеколог дәрігердің келуіне байланысты соңғы 5 жылда аудандық ауруханада сәби дүниеге келген. Аймақ басшысы аудан тұрғыны Нұрбақыт Көбенді өмірге нәресте әкелуімен құттықтады.

Облыс әкімі ат басын тіреген нысанның бірі – «Айналайын» балабақшасы. Мекеме директоры Гүлбаршын Жеңісқызының айтуынша, бұрын әкімдік ғимараты болған нысан 2004 жылы балабақша ретінде қолданысқа берілген. Сол уақыттан бері ешбір жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Балабақшада 1-3 жас аралығындағы 56 бала тәрбиеленуде.  Жобалық-сметалық құжат дайын, мемлекеттік сарап-тамалық жұмыстан өткізілуде. Жоба құны 232 млн теңгені құрап отыр.

Балабақша жұмысымен танысқан Асайын Байханов білім ошағына келесі жылы қаржы бөлінетінін жеткізді.

Жаңа жобаларды таныстырды

2026 жылы Аққулы ауданында ілкімді іс жүзеге асырылады деп күтілуде. Руслан Мұқанов келесі жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 19 жоба жүзеге асырылатынын айтты. Бұл ретте мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, су құбырын салу, кіреберіс жолдарды асфальттау және балабақшаларды жөндеу жұмыстары қарастырылған.

– Білім беру саласында Қызыл-қоғам ауылындағы Сатыбалдин атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, оның құны – 484 миллион теңге. Мектеп 1986 жылы салынған, жобалық қуаты 190 оқушыға арналған. Қазір мұнда 48 бала білім алуда.  Сондай-ақ аудан орталығындағы «Айналайын» балабақшасын жөндеу жоспарланған, – деді Руслан Мұқанов.

Руслан Берекеліұлы мәдениет және спорт саласында да 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Бұл ретте Аққулы ауылында құны 1 млрд 227 млн теңге тұратын бассейн салу, Ямышев ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Шарбақты ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізу қарастырылған.

Ауданның жол инфрақұ-рылымын жаңарту да көзделген. Келесі жылға жалпы ұзындығы 7 шақырымнан асатын Аққулы, Баймолдин, Тақыр, Майқарағай және Шабар ауылдарындағы 5 кіре-беріс және ауылішілік жолдарды, сондай-ақ ұзындығы 5,2 шақырым «Шақа-Шоқтал» жолының учаскесін және аудан орталығының, Тілектес пен Қызылқоғам ауылдарының көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда.

Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды жаңғырту кезінде олардың қажеттілігі мен тиімділігін ескеру маңызды екенін атап өтті.

— Ең бастысы — іске асырылып жатқан әрбір жобаның қажеттілігін демографиялық ахуал мен халық санына қарай анықтау қажет. Әрбір бюджет қаражатын тиімді пайдалану маңызды. Біз ауданды барлық бағыттар бойынша дамытып жатырмыз. Әрбір жоба тұрғындар игілігіне қызмет етуі тиіс, — деді А.Байханов.

Суреттерді түсірген — Е.Исабек, В.Бугаев.