Елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтті. Мемлекеттің басты құқықтық құжатын қабылдауға дауыс беру үшін аймағымыздың тұрғындары таңмен таласа референдум учаскелеріне ағылды. Үлкені де, жасы да маңызды күні дауыс беруден қалыс қалмауға тырысты. Себебі, олардың әрқайсысы Ата Заңның ел ертеңін айқындайтын негізгі құжат екенін жақсы біледі. Бұл күні облыста 520 референдум учаскесі жұмыс істеді.
Таңмен таласа келді
Газетіміздің тілшілері референдум учаскелеріне арнайы барып, саяси науқанның барысына куә болды. Барлық учаскеде дауыс беру ҚР Әнұранымен басталды. Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте орналасқан №81 учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген Гүлнар Жанғазы таңдау жасау әрбір азаматтың заңды құқығы, оны пайдалану ертеңіміз үшін қажет қадам екенін айтады.
– Бүгін дауысымды беріп, таңдау жасадым. Әрдайым осындай шаралардан қалмауға, алғашқылардың бірі болып қатысуға тырысамын. Ел болашағы, балалардың келешегі үшін керек таңдау деп білемін, – дейді Гүлнар Садыққызы.
Бұл учаскеде зейнеткерлер Сейдахмет пен Айбарша Тайтақовтар да ертемен келіп, таңдау жасады. Олар жол жүруге асығып тұрса да, елдің азаматы ретінде ертеңгі күнге бейжай қарай алмайтындарын айтты. Тұрғындармен бірге аталмыш учаскеде Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков те таңдауын жасады.
Ал Павлодар қаласының М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында орналасқан №56 референдум учаскесінде дауыс берудің алғашқы минуттарында-ақ тұрғындар таңдау жасап үлгерді. Солардың бірі — Алтынай Қажыбаева. Ол ел болашағына қатысты түпкі шешімде әр азаматтың пікірі маңызды екенін алға тартты.
Барлық референдум учаскелерінде таң сәріден келіп, алғашқы дауыс берушілерге естелік сыйлықтар тарту етілді.
Аға буын да қалыс қалмады
87 жасқа аяқ басқан павлодарлық әже Мапруза Байғалова жасына қарамастан саяси науқаннан ешқашан қалып көрмепті. Сол әдетімен ел үшін маңызды күні Павлодар қаласындағы №75 референдум учаскесіне келді.
– Бүгін еліміз үшін мереке. Қанша жасқа келсек те осындай жиыннан қалмаймыз. Біз мемлекетіміздің абыройын көтеруге тиіспіз. Қазақстанымызды мақтан етеміз. Өйткені еліміз татулықты, бірлікті, ынтымақты жақсы көреді. Осы даралығымыз, бірлігіміз, ұлылығымыз, мәдениеттілігіміз әрі қарай да жалғаса берсін дегім келеді. Татулық, тыныштық мәңгі болсын, — дейді Мапруза Жармағамбетқызы.
68 жасына дейін еңбектен қол үзбеген әже әлі де ел ертеңі үшін алаңдап, шама-шарқынша үлес қосудан тартынбайды.
Билік өкілдері де маңызды күні халықты саяси науқанда белсенділік танытуға шақырып, өздері де елмен бірге таңдау жасады. Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласындағы Торайғыров атындағы мектепте орналасқан №10 референдум учаскесінде дауыс беріп, тарихтың жаңа парағы ашылған күн екенін атап өтті.
– Біздің елімізде тарихи күн. Ел тағдырына маңызды қадамдардың бірі – жаңа Ата Заңымызды қабылдау. Бұл Ата Заңның негізгі авторы – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Жаңа Конституция – адамдардың құқықтарын, қадір-қасиетін қорғауға, елімізді дамытуға оң әсер беретін басты құжат, – деді А.Байханов.
Бірінші рет дауыс берді
18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқығын пайдаланған павлодарлық жастар да мұндай маңызды іске бейжай қарамау керектігін түсінгендей. Павлодар қаласының жас азаматы Асанәлі Искаков 18 жасқа толып, №81 учаскеде алғаш рет дауыс берді. Ол қазір Торайғыров университетінде газ-мұнай ісі мамандығын меңгеруде. Асанәлі елін мақтан етеді, мұндай шаралардан қалмау керек деп санайды. Әсіресе, жастар үн қосуы керек деген пікірде.
– Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің түлегімін. Алғаш рет дауыс бердім. Қазақстан Республикасының азаматымын. Сондықтан дауыс беру, таңдау жасау әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын. Бүгінгі таңдауымыз ертеңіміз үшін маңызды, – дейді Асанәлі.
Ал Торайғыров университетіндегі №86 сайлау учаскесінің төрағасы Рамиля Жаябаеваның айтуынша, учаскенің ерекшелігі –
оның маңында екі студенттік жатақхана орналасқан. Сондықтан дауыс беретін адамдардың едәуір бөлігін студенттер құрайды. Биыл бірінші рет таңдау жасау құқығына ие жастардың бірі – Регина Слободян. Ол дауыс беру әр азаматтың құқығы мен борышы екенін біледі. Жаңа Ата Заң ел дамуына үлес қосады деген үмітте. Алғаш рет таңдау жасаған жастар да құр қайтқан жоқ. Олардың әрбіріне учаске атынан сыйлық табысталды.
Жағдай жасалды
Дауыс беру күні баршаға бірдей жағдай жасалды. Мәселен, тіркеуі жоқ тұрғындарға республикалық референдумға қатысуға мүмкіндік берілді. Облыс бойынша тіркеуі жоқ тұрғындар дауыс бере алатын алты учаске жұмыс істеді. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы №11 референдум учаскесінде тұрғындарды тіркеуге қою тетігі бар. Соның аясында мүлде тіркеуі жоқ тұрғындар референдум учаскесіне келісімен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көмектесті. ХҚКО өкілі Ақмарал Душимованың айтуынша, тұрғын жеке куәлігін ұсынып, учаске мекенжайында тіркеледі. Олар референдум учаскесінде тіркеліп, дауыс берді. Ертеңінде тіркеуден шығарылады.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажеттінің бәрі қарастырылды. Әрбір учаскеде мүгедектігі бар азаматтардың таңдау жасауына аудио-бейне құралдар қойылды.
Саяси науқанның барысын байқаушылар бақылап, талапқа сай өтуін қадағалады. Павлодар қаласындағы №75 учаскеде
6 ұйымнан өкілдер тіркеліп, бақылау жүргізді.
– Таңнан бері бақыладық. Барлығы талапқа сай, өз реттілігімен өтті. Дауыс беруге келген азаматтар алдымен учаскелік референдум комиссиясы мүшелеріне жақындап, тізімнен есімдерін тауып, қолдарына алған бюллетеньмен кабиналарға аттанды. Сонда таңдауын жасап, бюллетеньді дауыс беру жәшігіне салды. Ешқандай ескерту, кемшілік байқалған жоқ, – дейді «Amanat» партиясы қоғамдық бірлестігі атынан бақылаушы Аяулым Бейсенбина.
Арзан өнім арқалай кетті
Аймақта жұмыс істеген барлық референдум учаскелері орналасқан мекемелердің аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда арзан бағамен табиғи, өңірімізде өсірілетін, өндірілетін өнімдер сатылды.
Мәселен, Павлодар қаласындағы №10 референдум учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындар өнімді нарықтағы бағадан анағұрлым арзанға ала алды. Жұмыртқаның 10 данасы 528 теңге, жылқы етінің келісі 3100 теңге, қызанақтың келісі 925 теңгеден сатылды. Сонымен қатар, сүт өнімдерінің түр-түрі, бал, жеміс-жидек, көкөністер саудаға шығарылды.
– Референдумға немереммен келіп, саяси науқанның ел үшін маңыздылығын түсіндірдім. Сонымен қатар, жәрмеңкеден азық-түлік сатып алдық. Бағасы қолжетімді, сапасы да жаман емес, – дейді Айман Қайыртасқызы.
Б.Момышұлы атындағы мектептің ауласында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен де дауыс берушілер бірден арзан бағалы азық-түлік арқалап, үйлеріне қайтты. Наурыз мейрамы қарсаңында көпшілік ұлттық тағамдарды көптеп сатып алды. Қоспаның келісі 3500 теңгеден, тарының, талқанның келісі 1500 тең-геден сатылды. Одан бөлек, тұрғындар жәрмеңкеден шұжық өнімдерін, ірімшік те таба алды. Жұмыртқа, бал, көкөністер сатылды. Сәбіздің келісі 127 теңгеге, қырыққабат 161 теңгеден, пияз 115 теңгеден, картоп 125 теңгеден саудаланды. Қарақұмық, күріш, макарон өнімдерін де көпшілік көптеп алды.
Аудандарда референдумға тұрғындар әулетімен барып та дауыс беріп, маңызды іске үлес қосты. Енді бір учаскелерде спорттық жарыстар өткізіліп, тұрғындарды саяси науқанмен қатар бұқаралық спортқа да шақырды, көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсат етілді. Мәселен, Ертіс орта мектебіндегі референдум учаскесінде дауыс беруге келген азаматтар арасында шахмат ойыны ұйымдастырылса, аталмыш ауданның И.Байзақов ауылында қол күрестіріп, үстел тенниісінен күш сынады. Екібастұз қаласындағы учаскелердің бірінде армрестлингтен турнир өтті. Өзге де аудандарда түрлі шаралар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Түрлі кейіппен келіп, ерекшеленді
Облыс жұртшылығы референдумға түрлі кейіпте келді. Кей өңір тұрғындары саяси науқанға түрлі костюммен келіп, көпшілікті таңқалдыруда. Бірі Қызыр ата болса, бірі робот итті жетектеп әкелген. Аймағымызда да жұртшылық назарын аудартқан тұрғындар аз болған жоқ. Әсіресе, Железин ауданының азаматтары тапқырлығымен тамсандарды. Мәселен, 18 жасар Нұрлан Нұрымов алғаш рет дауыс беріп, креативті ойымен көзге түсті. Ол Конституция бейнесіндегі костюммен келді. Сол арқылы кемел келешекке сенетінін білдірді. Екібастұздықтар да тың ойымен ерекшеленді. «Қайнар» ББК-де орналасқан №539 сайлау учаскесінде қала тұрғындары дауыс беруге ерекше киімдер — жылқы, қазақ жауынгері және «Екібастұз» стеласының бейнесінде келген. Осылайша, өздерінің азаматтық борыштарын орындап қана қоймай, бұл күнді жарқын әрі есте қаларлықтай етпек болған.
Павлодарлық JAS MAN де жұрт назарын бірден өзіне аудартты. Ол облыс орталығындағы №588 референдум учаскесінде таңдау жасады. Атап өтерлігі, бұл күні «Ertis Мedia» холдингі бастап берген «Референдумға ұлттық киіммен барамын» челленджі нақты көрініс тапты. Ою-өрнегі келіскен, алыстан көз тартар шапан, қамзолын киіп келген қауымның қарасы қалың болды. Кей учаскелік комиссия мүшелері де ұлттық нақыштағы бірыңғай киіммен ерекшеленді. Ертіс ауданындағы Егор мен Алина Шубиндер де заңды некесін қия сала учаскеге ұлттық киіммен барған. Павлодарда Естай атындағы мәдениет сарайында құрылған №11 референдум учаскесіне отандық эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың маскасын киген әртіс келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл идея дауыс берушілердің көңіл күйін көтеріп, мерекелік сипатты қалыптастырудан туындаған. Көпшілік онымен суретке түсті. Түрлі кейіпте келу көпшіліктің көңілін көтеріп, таңданысын тудырды.
Тілшілер тобы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
