5 қараша күні Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарының әкімдерін сайлау өтеді. Саяси науқан қарсаңында барлығы 19 адам әкім атанудан үмітті екенін білдірді. Ендігі ретте олардың ұсынған құжаттары талапқа сай келер-келмесі сараланып, тіркеу жұмыстары жүргізіледі.
Белгілі болғандай, Ақтоғай ауданында әкім сайлауына 6 кандидат түседі. Железин ауданында 8 және Шарбақты ауданында 5 кандидат ұсынылып отыр. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында 9 үміткерді саяси партиялар ұсынғанын айтты. Олардың қатарында «AMANAT», «Respublica», «Ақжол», «Байтақ» және Қазақстан Халық партиясы бар. Сонымен қатар, 10 кандидат өзін-өзі ұсынды.
— Кандидаттардың қатарында 17 ер адам және 2 әйел адам бар. Олардың 11-і мемлекеттік қызмет саласында еңбек етсе, бесеуі коммерциялық, біреуі қоғамдық ұйымда қызмет атқарады. Тағы екі үміткер уақытша жұмыссыз. Аудан әкімі атануды қалайтын азаматтардың ең жасы 31-де, ал егдесі – 55 жаста, — деді Г.Аманжолова. Кандидаттарды ұсыну процесі 5 қазанда аяқталған болатын. Соның нәтижесінде бір үміткер мемлекеттік қызмет агенттігі қойған талаптарға сай келмейтіні белгілі болды. Ал басқа кандидаттарды тіркеу 10 қазанға дейін жалғасады. Содан соң үгіт-насихат жұмыстары басталмақ. Сайлау өтетін аудандардың қазіргі әкімдері тіркеуден өтіп, саяси додаға түсер болса, үгіт-насихат жұмыстары барысында еңбек демалысын алуы тиіс. Айта кетейік, үш ауданға әкімдер төрт жылға сайланады. 5 қараша күні аталған аудандардағы 91 елді мекендегі 32 мыңнан астам адам өз таңдауын жасап, аудан әкімін таңдайтын болады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.