Аймағымызда өңірлік жастар резервіне іріктеу аяқталды. 20 үміткер резервке алынды. Жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақса-тында іріктеудің сан түрлі сатысынан өтіп,
31 азамат соңғы құрылымдық сұхбатқа қатысып, жобаларын ұсынды. Өңірлік кадрлық резервке 20 квота бөлінген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің басшысы Асхат Ескендіровтің мәлімдеуінше, еліміз бойынша 11 505 адам тіркеліпті. Кейін олардың 5354-і іріктеуге қатысуға жіберілген. Ал Павлодар облысында әу баста резервке енуге 230 кандидат ниет танытқан. Барлық талаптар ескеріле отырып, 151-і іріктеудің алғашқы кезеңіне жолдама алыпты. Осылайша, наурыз-тамыз айларында кезең-кезеңмен тексеріліп, кандидаттардың білімі мен білігі таразыланды. Біздің өңірімізге жеті бағыт айқындалғанын бұған дейін жазғанбыз. Олар — индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру және экология бағыттары.
Аймағымызда үміткерлердің 135-і заңнаманы білуге арналған тестілеуден өткен. Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге 71 кандидат жіберілді. Құзыреттілікті бағалау кезеңі Астана қаласында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта Ассессмент-орталық әдісімен ұйымдастырылған. Оған облыс- тан 40 кандидат жолдама алған. Алайда, 39-ы қатысқан. Бұл іріктеуден кейін 31 жас азамат құрылымдық сұхбатқа қатысты.
— Нәтижесінде резервшілер барлық жеті негізгі бағыт бойынша анықталды. Әлеуметтік сала, экономика және қаржы, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары бағыттары бойынша 4 адамнан өтсе, индустрия және өнеркәсіп бағытында 3 адам, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, цифрландыру бағыттарында 2 адамнан және экология саласынан 1 адам өтті, — дейді Асхат Батыржанұлы.
Өңірлік кадр резервтеріне қабылданған адамдардың тізімі жобаның onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланған.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев құрыл-ымдық сұхбат кезінде үміткер-лердің тәжірибесіне, біліміне және құзыретіне баса мән берілгенін атап өтті. Үш тілде еркін сөйлейтін азаматтармен сұхбат та үш тілде жүргізіліпті. Ағылшын тілі бойынша IELTS бойынша балы 7,5-тен асатын азаматтар да кездескен. Бұл білім де үміткерлерді іріктеуде ескерілген. Кандидаттар жобаларын қорғады. Арасында бірден қолға алып, іс жүзіне асыруға болатын тың жобалар анықталған. Мәселен, резервке енген Самал Хамитова есімді үміткер мемлекеттік бюджеттің атқарылуын мониторингілеуге арналған бірыңғай бағдарлама-
лық өнім жасауды алға тартыпты. Дамир Төлеубаев жобалық-сметалық құжаттарды онлайн енгізу арқылы бюджеттік инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруды жеделдетудің жолдарын көрсеткен.
Қазіргі уақытта аймағымызда жергілікті атқарушы органдарда 232 бос жұмыс орны бар көрінеді. Оның ішінде 59 басшылық орын бос тұр. Өңірлік резервке өткендерге қызметке алуда басымдық беріледі. Күрделі іріктеуден өтіп, резервке қабылданғандарға жауапты жұмыстар сеніп тапсырылатыны сөзсіз. Бірақ, таңдау олардың өз еріктерінде. Бас тартуларына да, өзге өңірлерге қызметке тұруларына да жол ашық. Мемлекеттік аппараттың жемісті жұмыс істеуі үшін мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен құзыреттілігін арттыру — басым бағыттардың бірі, дейді Д.Ибраев.
Өңірлік резервке аймағы-мыздың мемлекеттік жергілікті, аумақтық органдардан, жекеменшік сектордан, сонымен қатар орталық органдардан үміткерлер қатысқан. Екі министрлік және ҚР Парламент Сенаты аппаратынан кандидаттар қатысып, резервке өткен. Сонымен қатар, жекеменшік секторда, әлеуметтік салада істейтін азаматтар да енген. Қабылданғандар екі жыл өңірлік резервте болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.