33 учаске жұмыс істейді

Нау 12, 2026

Железин ауданында алдағы референдум күні азаматтар 33 учаскеде таңдау жасайды. Ауданда дауыс беру құқығы бар 9647 адам тіркелген.

Жалпы, референдум күні 178 комиссия мүшесі қызмет етпек. Барлық мамандар арнайы оқудан өткен. Железин аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Асқар Сәденовтің мәлімдеуінше, ауданда алғаш рет дауыс беретін 37 азамат тіркелген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың таңдау жасауына да жайлы орта қарастырылған.

– Референдум учаскелерінде арнайы белгілер орнатылуда. Пандустармен жабдықталып, кіреберістерде шақыру түймелері қарастырылуда. Барлық учаскелерде арнайы белгілер, едендік тактильді таспалар болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұрыш жабдықталады, – дейді Асқар Таңжарықұлы.

Қазіргі таңда үйден дауыс беретін азаматтардан өтініштер қабылдануда. Олардың нақты саны 15 күні белгілі болмақ. Себебі, заң бойынша үйде таңдау жасайтын тұрғындар референдум күні 12.00-ге дейін өтініш білдіре алады. Тізімді түгендеу жалғасуда. Сондай-ақ, ауданда шақырту билеттері тұрғындарға толық таратылған.

Г.МАҒЖАН.