6 қазанда аймақ тұрғындарының Республикалық референдумда таңдау жасауы үшін 520 учаске қызмет етпек. Сонымен қатар, 21 учаске азаматтардың уақытша болатын орындарында дауыс беруі үшін ұйымдастырылмақ.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолова мәлімдеді. Жалпы, облыс бойынша 534 референдум комиссиясы іске кіріскен. Оның біреуі — облыстық, 13-і — аумақтық, қалғаны — учаскелік комиссиялар. Бұл комиссиялар құрамында 3430 адам қызмет етпек.
Қазіргі таңда дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер учаскелік комиссиялардың қолына өткізген. 20 қыркүйектен бастап азаматтар тізімдегі деректерін тексеріп, аты-жөні енгізілмеген немесе қате енгізілген болса, дәлсіздіктерді түзете алады. Қай учаскеде
таңдау жасайтынын Call-орталықтар немесе WhatsApp желісіне мәліметтерін жіберу арқылы біле алады. Бұл орталық пен әлеуметтік желінің байланыс нөмірлері әр аудан, қала әкімдіктерінің сайтында көрсетілген.
Г.Аманжолованың айтуынша, референдум күні дауыс беретін орнын ауыстыруды жоспарлап жүрген азаматтар өзі тіркелген мекенжайы бойынша есептен шығару куәлігін ала алады. Ол үшін жеке куәлігін көрсету керек. Мұндай есептен шығару куәліктері 5 қазан күні 18.00-де аяқталатынын ескеру қажет. Ал учаскеге барып таңдау жасау мүмкіндігі жоқ азаматтар 6 қазан 12.00-ге дейін жазбаша өтініш беру арқылы үйде дауыс беруге өтінім түсіре алады. Мұндай мүмкіндік денсаулық жағдайына, келе алмайтын азаматтарға, сырқаттанған туысына қамқорлық жасайтын адамдарға, сондай-ақ, тұратын мекенінде референдум учаскесі жоқ шалғай жерде тұратындарға беріледі.
Әрбір азамат өзі үшін ғана дауыс береді. Өзгелер үшін таңдау жасауға тыйым салынған. Бюллетеньдер азаматтар тізімі бойынша әрі жеке куәлікті көрсету негізінде беріледі. Бюллетеньде бір ғана сұрақ болады. Яғни, таңдау жасайтын тұрғындар «Сіз Қазақстанда Атом электр станциясы құрылысына келісесіз бе?» сұрағына «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді.
— Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін учаскелердің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Барлық учаскелерде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар ұйымдастырылады. Онда компьютерлер орнатылады, құлаққаптар, ұлғайтқыш шынылар және референдум туралы материалдар қолжетімді форматта қарастырылады. Зағип және көзі нашар көретін азаматтар үшін бюллетеньге арналған трафареттер дайындалады. 30 учаскеде көзі нашар көретін 46 адамның брайль шрифтін қолдануына жағдай жасалады. Құлағы естімейтін азаматтарға сурдо-аудармашылар қарас-тырылады. Облыс орталығы мен Екібастұз, Ақсу қалаларында инватакси жұмыс істейді, — деді Гүлнәр Қабиденқызы.
Азаматтарға референдумға әдеттегідей шақырту қағаздары таратылады. Бірақ, биыл алғаш рет шақырту қағаздары атаулы болады. Яғни, әркімнің аты-жөні жазылып, саяси науқанға шақырылмақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.