Дәрігерлер тапшылығы қазіргі таңдағы өзекті мәселелер қатарында. Облысымызда ғана емес, республика көлемінде мамандар жетіспейді. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақтың медициналық мекемелері білікті кадрлармен қамтамасыз етілуде.   

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева мәлімдеді.

– Облыстың медициналық мекемелерінде 160 дәрігер, оның ішінде 58 бейінді маман және 12 жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді. Резидентура бағдарламасы бойынша бейінді мамандарға облыс әкімінің 50 гранты бөлінді. Жыл соңына дейін облысқа 119 дәрігер келеді. Оның 58-і – облыс әкімінің гранты бойынша оқыған резиденттер. Қазіргі таңда 30 дәрігер келді, деді А.Мұқышева. Жалпы, өңірдегі медициналық мекемелерде отоларинголог, травматолог, офтальмолог, хирург, акушер-гинеколог сияқты бейінді мамандар жетіспейді. Кадр тапшылығы әзірге зейнеткер дәрігерлер мен толық емес жұмыс күні есебінен шешілуде. Айгүл Мұқышеваның айтуынша, бұрын студенттер медициналық жоғары оқу орындарында алты жыл және қосымша бір жыл интернатурада оқып, дәрігер біліктілігін алып шығатын. Қазір оқу мерзімі ұзағырақ. Бакалавриаттан кейін болашақ дәрігерлер екі жылға созылатын интернатураға түседі. Бейінді маман болу үшін интернатурадан кейін қосымша 2-3 жыл резидентурада оқу қажет.

– Денсаулық сақтау басқармасы ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын жүзеге асыруда. Медициналық кадрлардың тапшылығын төмендетуге, медициналық көмек сапасын арттыруға, жұмыс істейтін дәрігерлердің білімі мен тәжірибесін жетілдіруге бағытталған барлық кешенді шараларды қабылдаймыз, — деді Айгүл Мұқышева. Жас мамандарды тарту үшін өңірде оларға жалға берілетін тұрғын үй, пайызсыз несиелер, медициналық мекемелерден материалдық қолдау көрсету, сондай-ақ көтермеақылар беріледі. Бүгінде оның сомасы қалалық жас дәрігерлер үшін 500 мың теңгеден миллионға, ауыл дәрігерлері үшін 1,5 миллионға дейін ұлғайтылды. Басты талап – жас маман бес жыл бойы бір жерде жұмыс істеуі қажет. Аймағымызда мамандардың біліктіліктерін арттыруға да көп көңіл бөлінуде. Айгүл Мұқышеваның айтуынша, соңғы екі жылда павлодарлық дәрігерлерге шетелдік клиникаларда білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беріліп отыр. Өткен  жылы ультрадыбыстық диагностика бойынша 18 босандыру маманы Қазан қаласында біліктілігін арттырса, тағы 60 медицина қызметкері-неонатологтар, акушер-гинекологтар, акушерлер мен медбикелер Екатеринбург клиникалық перинаталдық орта-
лығының көшпелі дәрістер цикліне қатысқан. Биыл кардиологтар мен хирургтарды шетелге оқуға жіберу жоспарлануда. Оқу құны 25,5 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ 9 кардиолог маман Санкт-Петербург медициналық зерттеу орталығына, үш хирург Минскідегі Беларусь Республикасы Президентінің Іс Басқармасының республикалық клиникалық медициналық орталығына жіберіледі.

Т.ӘБІЛДА.