Облыста өткен жылы 20 медициналық нысанға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Оларды жөндеуге бюджеттен 2 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар, өлім-жітім, нәресте өлімі алдыңғы жылдардан қарағанда азайған.

Өңірлік коммуникациялар қызмет-інде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов аймақта жыл бойы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады. Айдар Кенжетайұлы осы жылы жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге облыстағы 18 медициналық пунктке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланғанын айтты. – Облыстық балалар ауруханасының, Ақсу қалалық ауруханасының ғимараттарын реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу басталады. Сондай-ақ, №1 қалалық аурухананың және «Зеленая роща» оңалту орталығын реконструкциялау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Облыстың даму жоспары аясында Павлодар ауданының Набережное ауылындағы дәрігерлік және Ақсу қаласының Пограничник ауылындағы фельдшерлікакушерлік пунктерінің құрылысы аяқталды. Ә.Марғұлан елді мекеніндегі медициналық пункт бойынша пайдалануға беру актісі ғана қалды, – деді ол. Денсаулық сақтау ұйымдары үшін 4,4 млрд теңгеге 400 медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде компьютерлік томограф, «ФЛЮКАР» рентгенографиялық жылжымалы кешені, 4 рентгенографиялық жүйе, 5 өкпені жасанды желдету аппараты, 10 ультрадыбыстық зерттеу аппараты, 3 анестезиялық тыныс алу аппараты, 2 көліктік кювез және басқа да медициналық жабдық бар. Облыс емханалары 12 млрд теңге сомасына 172 801 дәрілік затпен қамтамасыз етілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры дәрілік заттарды сатып алу үшін 1,3 млрд теңге сомасына көмек көрсеткен. – Өткен жылы күндізгі стационар жағдайында 68 мың адамға көмек көрсетілді. Облыстың 268 елді мекенінде тұратын 33 мыңнан астам адам жылжымалы медициналық кешендерде қаралды. Жалпы, 24 мыңнан астам диагностикалық және зертханалық зерттеу жүргізілді, – деді А.Сейітқазинов. 318 адамға санавиация желісі бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде 121 әуе және 197 жерүсті көлігімен мамандандырылған көмек көрсетілді. Өлім-жітім өткен жылдардан қарағанда 10 пайызға төмендеген. Мәселен, қатерлі ісіктерден және қан айналым жүйесі аурулары 2,6 пайызға, жазатайым оқиғалардан, уланулардан және жарақаттардан 12 пайызға азайғаны байқалады. Сонымен қатар, нәресте өлімі де азайған. – 2022 жылы сәби өлімінің 83 жағдайы тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш бес жағдайға төмендеді. Яғни, 78 нәресте өлімі тіркелді. Олардың жартысы – мерзімінен бұрын туған балалар. Шала туған нәрестелердің ағзалары толықтай қалыптасып үлгермеген. 4-5 айлық сәбидің салмағы 500 грамдай болса, оның аман қалу пайызы ықтималдылығы өте төмен, – деді басқарма басшысы. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде өңірде экстракорпоральды ұрықтандыруға 269 квота берілді. Оның ішінде Павлодар қаласы ауылдық аймақпен – 157 жұпқа, Екібастұз қаласы ауылдық аймақпен – 59 жұпқа, Ақсу қаласы ауылдық аймақпен – 17 жұпқа, ал ауылдық аудандардағы 36 жұпқа басымдықпен бөлінді. Бүгінде барлық 269 ерлі-зайыптының 100 пайызы бағдарламаларды аяқтады. Олардың 95-і оң нәтиже көрсетіп, 12 жүктілікке жалғасып 13 бала дүниеге келді. Айта кетейік, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап облысқа 119 дәрігер келген. Оның ішінде 58 резидент облыс әкімінің гранты бойынша оқуын аяқтады. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары бойынша жас мамандарға төлем 1 млн теңгеге, ал ауылдық жерлерде 1,5 млн теңге көлемінде жүргізілмек.

Айдана БОРАНБАЕВА