15 қыркүйекте елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына еркін тіркелу науқаны басталады. Емханаларға тіркелудің ерекшеліктері неде? Тіркелу тәртібіне қандай өзгерістер енгізілді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Ахметжановамен сұхбаттасқан едік.

— Емханаларға қалай тіркелуге болады?

-15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына еркін тіркелу жөніндегі жыл сайынғы науқан өтеді. ЭЦҚ болған жағдайда www.e.gov.kz электрондық үкімет порталында онлайн тіркелуге болады. «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдап, ары қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келеді.

— Медициналық ұйымға барып тіркелу қалай жүзеге асады?

— Ол үшін еркін түрде жазылған өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Алайда, емханаға зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, қорғаншылар не қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияда жазасын өтеушілер (жазасын өтеу орны бойынша), студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер ғана келіп тіркеле алады.

— Тіркелу тәртібінде қандай өзге-рістер бар?

— Биыл еңбек мигранттары үшін бекіту ережелері өзгерді. Енді шетелдіктер ерікті медициналық сақтандыру шартын немесе есептелген медициналық сақтандыру шартын ұсынуы керек. Жаңа ережелер осы жылдың 14 тамызынан бастап күшіне енді. Жаңа ережелерге сәйкес, шетелдіктер ерікті медициналық сақтандыру шарты немесе алғашқы медициналық-санитарлық көмекке есептелген медициналық сақтандыру шарты негізінде емханаға бекітіледі. Олар медициналық ұйымға шарттың қолданылу мерзіміне ғана бекітіледі, содан кейін автоматты түрде шығарылады. ҚР азаматтары, қандастар және ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін бекіту тәртібі өзгеріссіз қалады.

Қордың сайтында тіркеуге болатын емханалар тізімімен танысуға болады www.fms.kz «емхананы таңдау» бөлімінде.

— Нысанды науқан кезінде ғана ауыстыруға бола ма?

— Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Мұны жылына бір рет еркін таңдау құқығы бойынша жасауға болады. Пациент емдеу мекемесін басқа жерге қоныс аудару, жұмыс, оқу орнын ауыстыру, жазасын өтеу орнын ауыстыру себептерімен, сондай-ақ, әскери борышын өтеу кезінде, медициналық мекеме жабылса не қайта ұйымдастырылған жағдайда, тіркеуде тұрған емхана қызметіне көңілі толмаса ауыстыра алады.

— Емхананы қалай таңдауға болады?

— Тіркеу науқаны денсаулық сақтау субъектілерінің мәліметтер базасына енген, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС бойынша медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге болатын емханалар тізімін Медициналық сақтандыру қорының ресми сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінен қарауға болады.

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік емханаларға да тіркеле алады.

— Емдеу мекемесін таңдау кезінде нені ескеру қажет?

— Емхана таңдауда басты ескеретін жайт, емдеу мекемесі үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емхана аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.

— Емхананы ауыстырғаннан кейін онда бірден қарала беруге бола ма?

— Пациент жаңадан тіркелген медициналық ұйымға 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарала алады. Бұрын тіркелген емхана азаматтарға жыл соңына дейін қызмет көрсетеді. Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған ұйымда тіркелген күйі қалады және олар бұрынғыша сол емханаға қарала береді.

— Ақпаратыңызға рахмет!

Әңгімелескен — Торғын ОРАЗАЛЫ.