Елімізде жыл сайын өзектілігін жоймай келе жатқан тақырыптың бірі – медицина саласындағы кадр тапшылығы. Дәрігер жетіспеушілігі – ауылдарда күйіп тұрған мәселе. Қазіргі уақытта емдеу мекемелерінде жұмыс істеп жатқан медициналық қызметкерлердің ішінде зейнет жасындағы мамандардың  үлесі көп. Бұл жағдай да мәселенің өткір тұрғанын көрсетеді.

Оқуға он жыл арнайды

Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміз бойынша 4 мыңнан астам дәрігер қажет. Қазіргі жұмыс істеп жүрген медициналық қызметкерлердің 30 пайызы – зейнет жасындағы мамандар. Демек, саладағы тапшылық тағы көбеюі мүмкін.

Енді аймағымыздағы ахуалға тоқталайық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймағымызға 167 дәрігер қажет. Оның ішінде аудандарға 57 дәрігер жетпейді. Әсіресе, неврология, кардиология, онкология, радиология, педиатрия,  оториноларингология, фтизиатрия,  акушерлік және гинекология, травматология ортопедиясы, эндокринология, жалпы хирургия, терапия неонатология, ангиохирургия,  аллергология сынды салаларда маман тапшы. Қазіргі уақытта емдеу мекемелерінде жұмыс істеп жүрген 2054 дәрігердің 221-і – зейнеткер. Сонымен қатар, 166 дәрігер декреттік демалыста.

Көп жағдайда мәселенің себебін анықтағанда жас мамандарды қолдау, жұмыспен және баспанамен қамту, мемлекеттік грант бөлу, еңбекақыны көтеру сынды жағдайларға мән береміз. Бүгінгі мақалада жылдар бойы өзектілігін жоймай келе жатқан өткір тақырыптың мәніне басқа қырынан үңіліп көрдік.

Ресми деректерге сүйенсек, медицина саласында білім алатын жастардың арасында жалпы тәжірибе дәрігері мамандығын таңдайтындардың қатары көп. Өкінішке қарай, өзге салалық мамандыққа баратындардың қатары сиреп барады. Оған себеп  жоқ емес. Қазіргі уақытта жалпы тәжірибе дәрігері атану үшін 5 жыл бакалавр және 2 жыл интернатура оқу қажет. Интернатурадан бас тартқан студенттер осы мамандық бойынша еңбек ете алмайды. Сондықтан 7 жыл білім алуға міндетті. Ал кардиолог, хирург, терапевт, невролог сындыөзге саланы меңгеру үшін тағы 2-5 жыл аралығында резидентурада білім алуы шарт.  Яғни  хирург, травматолог, кардиолог сынды күрделі сала дәрігерін дайындау үшін кемі 10-12 жыл уақыт кетеді.

Жаңашылдық жүйені бұзды

Дипломын қолына алып, ауылға жұмыс істеуге барған жас маман Айдан-ақ Амантайқызы өзі оқыған жылдары оқу бағдарламасында бірқатар өзгеріс орын алғанын айтады. Оқу жүйесінің еуропалық стандартқа ауысуы медицина саласында оқуға түсу деңгейін күрделендіріп жіберген.

– 2019 жылы Астана қаласындағы медициналық университетте бакалавр дәрежесі бойынша 5 жыл білім алдым. Сол жылы жаңа оқу бағдарламасы бойынша бізге интернатураға 2 жылға грант берілді. Яғни, 7 жылдың ішінде жалпы тәжірибе дәрігері атандым. Ал бұған дейін 5 жыл бакалаврда оқығандар хирургия, гинекология, кардиология, педиатрия, терапия саласын таңдай алатын еді. Бірақ 2019 жылы бакалавр дәрежесін алған түлектердің бәрі 2 жыл интернатурада оқып, жалпы тәжірибе дәрігері атанды.  Бізде басқа таңдау болмады.
Одан кейін 2-5 жыл аралығында білім алуды талап ететін резидентура бар.

Терапия, хирургия, лор, неврология сынды т.б салаларда білім алу үшін тағы оқу қажет болды. Өкінішке қарай, мұндай салаға  грантқа түсу ережесі өте қиын. Ал ақылы негізде білім алуды ешкімнің қалтасы көтермейді. Бір жылғы оқу ақысы кем дегенде 1 млн теңгені құрайды. Тағы бір мәселе, резидентурада білім алатын студенттердің 70-80 пайызы отбасылы болады. Бұрын резиденттер туған жері бойынша өз қаласындағы медициналық мекемеде тәжірибеден өтіп, сырттай оқуын жалғастыратын еді. Ал
2019 жылдан бері мұндай мүмкіндікті де алып тастады. Оқудан бір күн қалуға болмайды. Салдарынан қосымша жұмыс істей алмайды. Ал түнгі уақытта еңбек ету мүмкін емес. Мұнымен қоса, студенттерге төленетін шәкіртақы көлемі аз. Резидентурада білім алатындардың шәкіртақысы университеттердегі докторанттармен бірдей есептелмейді. Соңғы 4 жылдың ішінде көте-рілгені – 180 мың теңге. Университет қабырғасында 9-11 жыл оқып жүрген студентке мұндай қаражат қайда жетеді? Оның үстіне жұмыс істей алмайтынын ескеру керек, – дейді А.Амантайқызы.

Жас дәрігер 2019 жылға дейін жалпы тәжірибе дәрігері мамандығын меңгергендер қалталарынан ақы төлеп, қосымша 3-6 ай және бір жыл аралығында арнайы курстан өтіп, мамандық ауыстыра алғанын айтады. Қазір ол жүйе қолданылмайды. Мұндай мүмкіндікті оқуды 2012 жылға дейін тәмамдаған дәрігерлер ғана пайдалана алады. Олардың білім алған бағдарламасы қосымша курстан өтуге мүмкіндік береді екен. Бұл ретте  тек терапия саласын меңгере алады. Ал басқа дәрігерлер оқығылары  келсе де, мұндай мүмкіндіктен қағылған. Себебі еуропалық стандартқа сай білім алған.

– Бізге қосымша саланы меңгеру үшін резидентураға түсу міндет. 7 жылдық біліммен қала-аудандардағы емдеу мекемесінде жалпы тәжірибе дәрігері болып еңбек ете аламын. Ал үлкен медициналық орталықтарда жұмыс істей алмаймын. Ол үшін резидентурада білім алу қажет, – дейді А.Амантайқызы.

2019 жылы медициналық университетте 7 жыл білім алған студенттердің бәрі  жалпы тәжірибе дәрігері атанған. Сол себепті де елімізде осы сала мамандары  көп. Яғни, оларда басқа таңдау болмаған. Сол жылы интернатура бітірген түлектердің тек 20-30 пайызы ғана резидентураға түскен. Осыдан сала дәрігерлерінің саны неге аз деген сұрақтың да жауабы шығады.

– Медицина саласында қыздарға білім алу қиын. Қатарластарымның көбі тұрмыс құрып, оқудан академиялық демалыс алып, университетті кеш бітірді. Егер оқу бағдарламасы өзгермегенде мен басқа саланы таңдайтын едім. Отбасылық жағдайға байланысты оқуымды 2022 жылы ғана аяқтадым. Енді резидентураны оқу үшін тағы 2-5 жыл аралығында уақыт жұмсағым келмейді. Кішкентайларым өсіп келеді. Шәкіртақыға күн көру мүмкін емес. Тым болмады бұрынғы қосымша курсты қайта енгізсе, сала мамандарының саны көбейер еді. Менімен бірге оқуға түскен студенттер 11 жылдан кейін енді ғана резидентураны тәмамдап жатыр. Өкінішке қарай, бәрі мұндай ұзақ оқу жолын таңдай алмайды, – дейді А.Амантайқызы.

Ертіс ауданының тумасы Алмагүл Теміржанова Астана қаласындағы медициналық университетке 2018 жылы түскен. Қазіргі уақыта жалпы медицина бөлімінің 6 курсын тәмамдаған.

– Интернатурада тағы бір жыл оқыған соң құжаттарымды  резидентураға тапсырамын. Мемлекеттік грант ұтып алу үшін барымды саламын. Кардиолог атанғым келеді. Ол үшін интернатурадан кейін тағы 3 жыл оқуым тиіс. Интернатурадағы бір жылды қосқанда әлі 4 жыл білім аламын. Оқу оңай емес. Көп білім мен еңбекті талап етеді.  Бәрі – уақыт еншісінде, – дейді А.Теміржанова.

Яғни, елімізде кардиолог атану үшін кем дегенде 10 жылды оқуға жұмсау керек. Ал хирург атану үшін 11-12 жыл қажет. Бұл – аз уақыт емес.

Министрдің шешімі өзгермейді

Кадр тапшылығын шешуде бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бұрынғы ҚР Денсааулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың алдында көтерген болатын. Депутаттар бұрынғы қосымша курсты қайта енгізуді сұраған. Бұл арқылы елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге болатыны жөнінде ұсыныстарын тастады. Өкініштісі, Ажар Ғиният бұл жағдай мүмкін емес екенін кесіп айтқан.

– Бұрынғыдай салалық дәрігерді 3 айдың ішінде дайындау мүмкін емес. Бұл – менің табанды шешімім! Жыл сайын жергілікті билік және тұрғындар медициналық қызметтің сапасын арттыру мәселесін көтереді. Сапасыз білім алған медицина қызметкерлерін дайындау арқылы түсетін арыз-шағым көлемін бірнеше есе арттырамыз. Әлемде дәрігерлер 10-12 жыл білім алады. Оның ішінде 3 жыл базалық білімді меңгереді, тағы үш жыл емдеу мекемелерінде тәжірибеден өтеді. Қалған 3-5 жылды таңдаған саласы бойынша зерттеу жұмыстарына арнайды. Ал енді үш айдың ішінде терапевт дәрігерін қалай дайындаймыз? Кардиологты ше? Біз қазір сертификат беретін курстарды қарастырдық. Мәселен, хирург травматолог болғысы келсе, арнайы оқудан өтеді. Бірақ мұндай оқу бір жылдан кем болмайды. Пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне еңбекақыны арттырғанда тапшылық мәселесі туындамаған болатын. Сондықтан біз дәрігерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселесіне көңіл бөлуіміз керек, – деген еді сол тұста.

Бұл мәселеге қатысты қазіргі министр Ақмарал Әлназарованың пайымы әзірге белгісіз.

Жалпы, еліміздегі медициналық оқу орындары жыл сайын 3 мың дәрігерді дайындайды. Олардың тең жартысы – жергілікті әкімдіктің грантымен оқитындар. Мұндай дәрігерлер кем дегенде 3 жыл сол облыста еңбек етуі тиіс. Өкінішке қарай, жас мамандар оқу ақысын кері қайтарып, өзіне ұнаған медициналық орталықтарға жұмысқа тұрады. Жыл сайын 2 мыңнан астам маман аудан-ауылдарға жіберіледі. Ал олардың ішінде неше пайызы елді мекендерде қалатыны тағы да – жеке мәселе.

Бір жылда – 350 интерн

Қазір медицина саласында білім алып жатқан жастар дәрігер атануы үшін 10 жылын білімге арнауда. Ал емдеу мекемелерінде күрделі ота жүргізіп, жұртты аман алып қалып жатқан мамандардың дені – орта жастан асқандар. Олар бар-жоғы 5-7 жыл көлемінде оқыған. Мәселен, №1 Павлодар қалалық емханасының хирург дәрігері Еркін Нұрғалиев хирург атануы үшін 7 жыл білім алған. Оның ішінде 5 жыл жалпы медицина бөлімінде оқып, қалған екі жыл тек хирургиямен айналысқан. Тәжірибелі маман осы білімімен науқастарды емдеп, талай күрделі отаны жүргізген.

– Біз интернатураны меңгеріп, сала маманы атандық. Қазір еуропалық стандартқа сай резидентура деген шықты. Ол көп уақытты талап етеді. Сондықтан жастар жалпы тәжірибе дәрігері атануда. Бұл жағдай салалық мамандарға деген тапшылықты тудырып отырғаны рас. Жүйелі білім бағдарламасы ғана кадр тапшылығы мәселесін шешеді. Осы жағдайға көңіл бөлінсе, – дейді Еркін Боздақұлы.

Еліміздегі медицина саласындағы кадр тапшылығын шешіп отырған оқу орнының бірі – Семей медициналық университеті Павлодар облыстық филиалы. Білім беру ордасының басшысы Ернар Қайырханов студенттер облыстық филиалда интернатура мен резидентураны оқитынын айтады.

– Семей медициналық университетінен бакалавр дәрежесін алған жас мамандар оқуын Павлодар қаласында жалғастырады. Біздің филиал болмағанда облыстағы кадр тапшылығы мәселесі одан да өткір болар еді. Себебі бізге жыл сайын кем дегенде 350 бакалавр интернатураға түседі. 5 жыл Семейде оқып келген жастар 2 жыл интернатурада, 3-4 жыл резидентурада оқиды. Қазіргі уақытта филиалда 577 интерн-резидент білім алуда. Оның ішінде 290-ы резидентурада оқиды. Интернатурада білім алғандар жалпы тәжірибе дәрігері атанады. Одан кейін ғана резидентурада сала бойынша бөлінеді. Семей медициналық университетінің арқасында студенттерді келісімшарт аясында облыс аумағында еңбек етуге алып қалып отырмыз, – дейді Е.Қайырханов.

Жыл сайын біздің облысқа кем дегенде 350 студент интернатураға түсуге келеді екен. Яғни, олардың бәрі 2 жылдың ішінде жалпы тәжірибе дәрігері атанады. Мемлекеттік грант ұтып алғандары ғана резидентураға түседі. Оның үстіне оқуға уақытын жұмсай алатындар ғана десек, артық айтқандық емес. Себебі 7 жылдан кейін тағы 5 жыл оқуға осы жолды табанды таңдағандар ғана барады.

Түйін:

Екі жыл бойы әлемді әбігерге салған коронавирус кезінде дәрігер қажетті маман екенін көрдік. Егер білім алу жүйесі бұрынғыдай 7 жылды құраса, сала мамандары 3-5 жыл ұтады екен. Нәтижесінде осы уақыт ішінде кадр тапшылығы да шешілер ме еді? Ойланатын жағдай.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.