Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша былтыр әлемде қызылшаның 155 мыңнан астам жағдайы тіркелген. 2023 жылдың басында қызылша ауруы жақын шет елдерде Украина, Қырғызстан, Ресей Федерациясында байқалды. Қауіпті вирус біздің елде де кеңінен тарай бастады.

Қызылша – ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Жұқпа адамнан адамға ауа арқылы жөтелу, түшкіру кезінде беріледі. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе жұқтырған адамдардың мұрнының немесе тамағының бөлінісімен тікелей байланыста болады. Қызылша — адамдар үшін аса контагиозды жұқпалардың бірі, өйткені инфекция көзімен жақын қарым-қатынаста болғаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдардың 90 пайыздан астамы ауырады . Мамандардың айтуынша, қызылша вирусы ағзаға тыныс алу жолдары арқылы енеді және негізінен жасушаларында көбейетін шырышты қабатта бір жерге жиналады. Содан кейін вирус қан арқылы әртүрлі мүшелерге таралады. Вирус бадамша бездерге, бауырға, өкпеге, сондай-ақ, сүйек кемігіне әсер етуі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері — жөтел, дене температурасының көтерілуі, көзден жас ағу, жарыққа сезімталдық және бөртпе. Ол бастапқыда бетте, құлақтың артында, содан кейін бүкіл денеде пайда болады. Аурудың ауыр ағымында асқынулар дамиды. Мысалы, құлақ, өкпе, кеңірдек, бронхтың, тіпті мидың қабынуы болуы мүмкін. Науқас кез келген қабыну мен асқынудан өліп кетуі ықтимал.

— Көбінесе асқынулар 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде дамиды. Ең ауыр асқынуларға соқырлық, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін жұқпа), ауыр диарея, құлақ жұқпалары және пневмония сияқты ауыр тыныс жолдарының жұқпалары жатады, — дейді эпидемиологтар. Павлодар облысының сани-тарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуынан сақтандыратын жалғыз тиімді құрал тек екпе екенін ескертеді. Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жаста және 6 жаста 2 рет жасалады. Бұл адамдарда өмір бойы болатын вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы екпенің әрбір дозасы баланың иммунитетін күшейтеді. Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Эпидемиологтар аурудың белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдемей, дәрігерді үйге шақыру және дәрігердің тағайындауы бойынша емделудің маңызы зор екенін ескертеді. Сондай-ақ, үйде болып, жұмыс және қоғамдық орындарға бармауы тиіс. Ауырған балаларды мектепке, балабақшаға жібермеген жөн. Қазіргі таңда Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылықтың артқаны байқалады. Ал Павлодар облысында қызылшаға шалдыққандар саны үш есеге жуық өскен. Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бастап елімізде қызылшаның 11 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 80 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі.

– Облыста қыркүйек-қазан айларында сырқаттанушылық үш есеге жуық өсті. Сырқаттанушылық вакцина алмаған бала-лардың есебінен тіркеледі. Олардың үлесі сырқаттанған балалар санының 70 пайызын құрайды, оның 60 пайызы – ата-аналары вакцина алудан бас тартқан балалар, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова. Облыстық балалар ауруханасында бес бала қызылша диагнозымен ем қабылдауда. Олардың ішіндегі бір бала қызылша ауруының асқынуы салдарынан пневманиялық дертке шалдыққан. Баланың жағдайы күрделеніп, реанимацияда ем қабылдауда.

 

Өз тілшіміз.