Көктем мезгілі басталған кезде көптеген адам аллергиядан зардап шегеді. Көк шөп гүлдегенде тынысы тарылып, мұрны бітеліп, түшкіріп, көзі жасаурап, беймаза күй кешеді. Кейбір адамдардың терісі қызарып, бөртіп кетеді. Өсімдік тозаңынан болатын мұндай аллергияда өздігінен ем қабылдауға болмайды. Аллерголог маманның қабылдауына жазылып, қажетті сараптамаларды тапсырып, ем қабылдаған жөн. Осы орайда, өзекті тақырып аясында оқырмандардың сұрауы бойынша «Тікелей желі» шарасын ұйымдастырдық. Көпшіліктің көкейіндегі сауалдарына «Семей медицина университеті» Павлодар филиалының қызметкері, Павлодар қаласының штаттан тыс педиатры, аллерголог Ақмарал Қожанова жауап берді.
Тілші сауалы:
— Ақмарал Сапарқызы, маусымдық аллергия кезінде адамдарда қандай белгілер байқалады? Аллергия неден туындайды?
— Көктем басталған уақытта көп жағдайда маусымдық конъюнк-
тивит, аллергиялық ринит мазалайды. Көз бен мұрыннан су ағып, айналасы қызарады. Мұндай белгілер ағаштар тозаңдана бастағанда пайда болады. Аймағымызда сәуір айының ортасында табиғаттың бұл құбылысы басталды. Өткен апта басында аллергиялық ринит мазалаған 5 адам қабылдауыма жазылды. Павлодар облысы аумағында өсімдіктің түр-түрі өседі. Сондықтан аллергия үш кезең бойынша өршиді. Бірінші кезең сәуірдің ортасынан мамыр-
дың соңына дейін созылады. Бұл уақытта қайың, емен, терек сияқты ағаштар тозаңданады. Көп жағдайда сәуір айының ортасынан бастап адамдардағы аллергияға қайың ағашының тозаңдануы себеп болады. Қайың ағашына ұқсайтын өсімдіктер де аллергияға әкеледі. Сонымен қатар, терек, ерен ағаштарының тозаңдануы да сырқат тудырады. Екінші кезеңде, яғни маусым-шілде айларында шабындық шөптер гүлдейді. Ал үшінші кезеңде аллергиктерді жусан иісі мазалайды. Барлық науқас түшкіріп, жөтеліп, денесі қызара бөртіп, мұрнынан су ағып, беймаза күй кешеді.
Павлодар қаласының солтүстік бөлігінде шабындық жерлер орналасқан. Шығыстан батысқа қарай соққан желдің салдарынан барлық шаң-тозаң облыс орталығына тарайды. Аллергияны тудыратын негізгі факторлар — осы.
Жалпы, адам ағзасы қоршаған ортадағы табиғи құбылыстарды қабылдай алуы тиіс. Көп жағдайда аллерген тұқым қуалайды. Жоғарыда атап өткенімдей, ағаштардың тозаңдану құбылысын көтере алмайтын ағзаны сенсибилизация деп атаймыз. Яғни, иммундық жүйенің жоғары сезімталдыққа ие болған кез келген затқа дұрыс әсер етпеу реакциясы. Егер аллерген мұрын қуысының шырышты қабығына түссе, ол ерекше заттар — гистаминдердің бөлінуіне ұласады. Олар тұмау, мұрын бітелуі, қышу және түшкіру арқылы көрініс беретін аллергиялық қабынуды тудырады.
Тілші:
— Маусымдық аллергиядан қалай сақтануға болады?
— Өсімдік тозаңына аллергиясы бар адамдар дәл осы мерзімде далаға шықпай, үйде болғандары жөн. Пәтерде тұратын адамдар бөлме ішін желдеткен кезде терезедегі торды жұқа шүберекпен қаптауға кеңес беремін. Ауа тазартатын қондырғылар болады. Сонымен қатар, ауаны ылғандандыратын құрал да жақсы көмектеседі. Десе де, таңнан кешке дейін үйден шықпай отыру мүмкін емес. Желді күні маңызды шаруа болмаса, үйде қалған дұрыс. Өйткені жел соққанда аллергия одан сайын өрши түседі. Жаңбырдан кейін далаға шығуға болады. Басқа жағдайда көшеге шыққанда
міндетті түрде бас киім, көзілдірік кию қажет. Қыздар шаштарын жинап, бас киім ішіне салғаны абзал. Өйткені ұзын шаш шаң жинайды. Ал мұрын қуысында аллергия туындамас үшін медициналық маска киген жөн. Бірақ күн ыстық кезде бетпердемен жүру ыңғайсыз. Бұл ретте «Аллергиз» препаратын қолдануға кеңес беремін. Ол — мұрынға арналған спрей. Далаға шығар алдында 15 минут бұрын мұрын қуысын сумен шайып, «Аллергиз» препаратын сепсе, аллерген мұрынға жоламайды. Күніне 5 рет пайдалануға
болады.
Тілші:
— Аллергияны емдеу шараларына тоқталып өтсеңіз...
— Бірінші кезекте аллергенмен байланысты үзу керек. Аллергия- мен күресуге арналған гормоналды дәрі көп. Мысалы, «Аллергиздан» бөлек, «Момат рино» спрейі бар. Оның құрамында мометазон бар. Оны мұрынға күніне 1-2 рет себуге болады. Сонымен қатар, «Назевин» спрейін себуге кеңес беремін. Бұл дәрілер 12 сағат бойы аллергендерден қорғай алады. Оларды 10 күннен артық қолдануға болмайды.
Жалпы, препараттар адам ағзасындағы ауру көрсеткіштеріне байланысты жеке тағайындалады. Көп жағдайда бірінші кезекте антигистаминді препараттар ұсынылады. Бірінші топқа супрастин, димедрол, диазолин, тавегил, фенкарол, екінші топқа клоридол, лоратадин, кестин сынды өзге де дәрілер жатады. Сонымен қатар, үшінші топ бар. Яғни, дәрілік препарат көп. Бірақ оны маман ғана тағайындауы тиіс.
Аллергияны анықтау үшін арнайы тесттен өту керек. Аллергодиагностика жасалуы қажет. Тексеру шарасы облыс орталығындағы «Олимп», «Invivo» клиникалық-диагностикалық зертханаларда жүргізіледі. Бұл арқылы ағзаның жануарларға, тағамға, шаң-тозаңға, өсімдікке аллергиясы бары анықталады. Сонымен қатар, биохимиялық қан сараптамасын тапсырған кезде эозинофилия көрсеткіші асқынған болса, аллергияның барын көрсетеді. Аллергия — жұқпалы ауру емес. Сондықтан қан құрамында қабыну көреткіштері орын алмауы тиіс. Аллергологқа баратын кезде жоғарыдағы клиникалардан алдын ала Иммуноглобулин Е (IgE) сараптамасын тапсыруға кеңес беремін. Сонымен қатар, мұрыннан алынатын мазок — риноцитограмманы да жасатуға болады. Бұл сараптамалар арқылы ағзада аллергияның бар-жоғы белгілі болады.
Тілші:
— Аллергенді-спецификалық иммундық терапиясы туралы (АСИТ) толығырақ айтып берсеңіз. Емдеу курсы қанша уақыт жүреді?
— АСИТ терапиясы қыс мезгі-лінде жүргізіледі. Маусымдық аллергиямен ауыратын адамдар қыс мезгілінде өсімдік тозаңынан
болатын аллергенді кездес-тірмейтіндіктен, қыста ем қабыл-дайды. Бұл — ағзаны «алдау» терапиясы. Яғни, адам аллергия тудыратын аллергенге үйренеді. Емдеу шарасын жүргізудің тәсілі көп. Мәселен, адам ағзасына алергеннің сұйық түріндегі дозасы енгізіледі немесе адам дәрілік препарат қабылдайды. Тұрғындар қараша, желтоқсан, қаңтар айларында аллергологқа келіп, аталған дозаларды қабылдай алады. Жусанға аллергиясы бар адам қыс кезінде дәріні қабылдау арқылы ағзасын аллергенге үйрете алады. Нәтижесінде жаз шыққанда маусымдық аллергиядан жапа шекпейді. Бұл терапияны жүргізу кезінде әр аллерголог адам ағзасына байланысты түрлі препараттармен жұмыс істейді.
Айгүл, Павлодар қаласы:
— Балам 3 жаста. ЖРВИ мен ауырған кезде педиатр «Гроприносин» вирусқа қарсы дәріні тағайындаған еді. Екінші күні баламның денесі қышып, бөртпе пайда болды. Содан бері балам вирусқа қарсы дәрілерді қабылдай алмай қалды. Бұл аллергия ма?
— Балаларға вирусқа қарсы дәрі беруге болмайды. Бұл препарат вирусқа қарсы иммундық жүйенің күшін азайтады. Дәрі құрамындағы қант мөлшері, бояғыштар аллергия туғызуы мүмкін. Баланы емдеу кезінде мұндай сироптар берілмеуі тиіс. ЖРВИ кезінде балаға көп мөлшерде сұйықтық ішуге кеңес береміз.
Данияр, Павлодар ауданы:
— Аллергиядан құлан-таза айығу мүмкін бе?
— Әрине. Жеңіл түрдегі аллер-гия болса, оны толық емдеп шығуға болады. Егер әйелі мен күйеуі екеуі де аллергиядан жапа шексе, балалары міндетті түрде аллергиямен ауыратын болады.
Ал ата-әжесі аллергиямен
күрессе, немерелеріне берілуі екіталай.
Жоғарыда аллергияға қарсы спрейлер де дәл солай аллергеннен уақытша ғана қорғайды. Сондықтан аллергия қайталана береді. Аллергиядан толық емделу үшін аллергенге ағзаны үйрету керек. Бұл жағдайда жоғарыда атап өткен АСИТ терапиясын қабылдаған жөн. Бұл терапия дәрі, укол арқылы да жүргізіледі.
Бақтияр, Май ауданы:
— Спорт аллергияны жеңуге көмектесе ме?
— Жоқ. Адамның физикалық қабілеті аллергиядан қорғай алмайды. Бұл ауру генетикаға байланысты. Менің қабылдауыма спортшылар көп келеді. Солардың ішінде жүзумен айналысатын бір жігіт хлорканың иісін көтере алмайды. Ол аллергенмен байланысты үзуі үшін бассейнге барудан бас тартуы тиіс. Одан басқа амал жоқ. Егер бассейнге баруын тоқтатпаса, аллергия өрши береді.
Ақбота, Аққулы ауданы:
— Кейде ойламаған жерден көмейім жыбырлап, қатты жөтел қысады. Тұншығып қала жаздаймын. Мұндай жағдай жылдың барлық мезгілінде туындай береді. Аллергия ма?
— Үй жағдайында шаң, ит, мысық немесе өсімдіктерге аллергия болуы мүмкін. Көрпе, жастық, төсегіңіздің айналасында шаң жиналуы мүмкін. Бөлмеде ылғал мөлшері де аз болуы ықтимал. Кенеттен жөтелгенде жаныңызда бар затқа мән беріңіз. Өйткені аллерген жаныңызда жүретінін естен шығармау керек.
Марат, Баянауыл ауданы:
— Екі жастағы қызымның екі көзі кейде ісіп, қызарып тұрады. Келесі күні басылады. Аллергия болуы мүмкін бе?
— Аллергия болуы мүмкін. Жуырда бір бала қабылдауыма келді. Далаға шыққанда екі көзі қызарып, үйге кіргенде басылады екен. Бұл жағдайда өсімдік тозаңынан аллергия туындайтынын анық көреміз. Сондықтан сізге аллерголог маманның қабылдауына жазылуға кеңес беремін.
Жайнагүл, Ақсу қаласы:
-Туысым жаз шықса, екі беті бөртіп, мойны қызарып кетеді. Осылай ауырып жүргеніне 10 жыл болды. Дәрігерге барып, қажетті сараптамаларды тапсырды. Бірақ нәтиже жоқ. Себебі неде?
— Туысқаныңыз аллергияның жеңіл түрімен ауырмайтыны ақиқат. Аллергиямен 10 жыл көлемінде күресіп келе жатса, дәрігер есебінде тұрғаны сөзсіз. Ол кісіде атопиялық дерматит. Егер аллергия терімен байланысты болса, демек ағзасына қандай да бір тағам жақпай тұрғанын білдіреді. Бірақ тері ауруларының түрі көп. Тәжірибелі дерматолог бірінші кезекте теріден биопсия алуы тиіс. Ағзада аллергияның туындауына қандай тамақ әсер етіп тұрғанын анықтаған кезде сол астан бас тарту қажет. Егер бұл шаралар жүргізілмесе, аллергия асқынып кеткен деп болжауға болады.
Ботагөз, Железин ауданы:
— Қазір балалардың денесінде түрлі бөртпелер шығады. Ол неден туындауы мүмкін?
— Бұл жағдайға тағам әсер етуі мүмкін. Біздің ішкі ағзамызға қажеттіліктің бәрі ішек жолдары арқылы таралады. Егер біз дұрыс тамақтанбасақ, ішек жолдары дұрыс жұмыс істемейді. Қазіргі ата-аналар балалары газды сусын, шырын, бояғышы көп тәттілерді бергенді жөн санайды. Тәттілерді көп көлемде қабылдап үйренген ағза басқа асты қорыта алмай қалады. Салдарынан бала терісінде түрлі бөртпелер пайда болады. Бұдан бөлек, баланың үстіндегі киім де теріні қышытуы мүмкін. Киім-кешекті жуғанда иісі күшті түрлі ұнтақтар мен сабындарды қолданады. Бұл дұрыс емес. Мейлінше, қарапайым, балаларға арналған кір жуғыш заттарды қолданған дұрыс.
Жадыра, Павлодар қаласы:
— Қазіргі балалар слайм, косметикалық топырақпен жиі ойнайды. Бұл зат аллергия шақыра ма?
— Әрине. Мұндай заттар бояғыштарға толы. Сондықтан аллергия туындап, балалардың қолы қышиды. Бөртпелер пайда болады. Балалар ойнайтын орындарда осындай слаймдар толып тұрады. 20-30 бала қолымен езіп, түрлі формалар жасап отырады. Тазалық та жоқ. Сондықтан ата-аналарға ұл-қызына мұндай заттарды әпермеуді сұраймын.
Жанат, Екібастұз қаласы:
— Аллергияға қарсы вакцина бар ма?
— Аллергияға қарсы вакцина жоқ. АСИТ терапиясы ғана көмектесе алады.
Тілші:
— Қыс мезгілінде аллергия неден туындайды?
— Маусымдық аллергияны қоздыратын факторлар қатары тек өсімдіктермен шектелмейді. Қыстың қақаған суығы да қауіпті аллергендер тізіміне жатады. Бұл —
өте сирек кездесетін аллергия түрі. Мұндай кезде аллергиясы бар адамдарға аязды күндері өте жылы киіну керек. Қолғапсыз, мойын орағыш тақпай, бетперде кимей далаға шығуға болмайды.
Сәния, Екібастұз қаласы:
— Әкемнің кейде мұрны тоқтамай қышиды. 2 сағат бойы мазалауы мүмкін. Не істесе болады?
— Жоғарыда атап өткенімдей, үй жағдайындағы заттар аллергия тудыруы мүмкін. Нақты неден аллергия екенін аллерголог маман анықтайды.
Әміржан, Ертіс ауданы:
— Қарбыз жесем болды ертеңінде көзім жасаурап, тамағым жыбырлайды. Не істеуге болады?
— Қазір дүкендерде қарбыз сатылымға шыққан. Біздің облыста қазіргі уақытта қарбыз жеу мүмкін емес. Өйткені олар табиғи жолмен піспеген. Жылыжайда өсіріп, түрлі қоспалар мен бояғыштарға толы. Сіз қарбыздан емес, сол бояғыш, қоспалардан жапа шегуіңіз мүмкін. Сондықтан күз мезгілі жетпей, қарбыз жемеуге кеңес беремін.
Әйгерім, Баянауыл ауданы:
— Ауылдағы анам 20 жыл сиыр сауады. Соңғы 2 жылда сиыр сауған кезде қолына жара шығатын болған. Аллергия деуге келе ме?
— Дәрігер ретінде анаңыздан түрлі сараптама алу керектігін айтқым келеді. Нәтижесі арқылы аллергия барын не жоғын анықтай аламыз. Кейде сиырдың желіні жарылуы мүмкін. Оған түрлі майлар жағып, емдеп жатады. Бәлкім, сол дәрілер анаңыздың қолына жақпауы ықтимал.
Дамир, Тереңкөл ауданы:
— Менің 4 жастағы ұлым күннен қашады. Далаға шықса болды күн сәулесіне қарсы көзілдірік киеді. Оны шешсе, көзі жасаурайды. Мұнымен қалай күресуге болады?
— Күн сәулесіне аллергия болуы мүмкін. Бұл жағдайда дененің ашық бөлігі – қол, аяқ та қызаруы керек. Сізге балаңызды окулист маманына апаруға кеңес беремін. Бәлкім көзінде жас тудыратын ауру белгісі болуы мүмкін.
Түйін:
«Тікелей желі» шарасында кезінде оқырмандардан 50-ге жуық сұрақ түсті. Кейбір сауалдардың мағынасы қайталанатын болғандықтан, қысқартылып берілді. Аллерголог жұртты толғандырған сұрақтарға тұшымды жауап берді деген ойдамыз.
«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.