Аллергия алқымнан алады

Мау 5, 2025

Көктем мен жаз мезгілінде ауада гүл тозаңы, шөптің иісі мен шаң-тозаң көбейеді. Осы кезде маусымдық аллергияның өршитіні байқалады. Әсіресе, балалар арасында кең тараған бронхиалды астма мен аллергиялық ринит – уақытылы анықтап, емдемесе, денсаулыққа ауыр соққы тигізетін аурулар. Бұл туралы Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігер-аллергологы Рауза Джекесова айтып өтті.

Аллергологтың айтуынша, бүгінде облыс бойынша бронхиалды астма диагнозы қойылған балалардың саны екі мыңға жуықтаған. Бұл – тек ресми тіркелген жағдайлар. Ал нағыз статистика бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Себебі, ата-аналар жиі кездесетін симптомдарды тұмау немесе ЖРВИ деп қабылдап, ұзақ уақыт бойы нақты тексеріске жүгінбей жүре береді.

Бронхиалды астма – тыныс алу мүшелеріне ғана емес, баланың өмір сапасына тікелей әсер ететін дерт. Уақытылы анықталмаса, мүгедектікке, тіпті ауыр жағдайда өлімге дейін апаруы мүмкін. Дегенмен, елімізде балаларға арналған диагностика мен дәрі-дәрмек мемлекет тарапынан тегін ұсынылады. Шетелдік өндірістен шыққан заманауи препараттар мен теріге жасалатын аллергиялық сынамалар да қолжетімді.

Дәрігердің мәлімдеуінше, балалардағы аллергиялық дерттер бір-бірімен жиі  байланысты болады. Павлодар қаласындағы бір емханада жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, астма диагнозы қойылған
80 баланың көпшілігі аллергиялық ринитке де шалдыққан. Ал 12 пайызы атопиялық дерматитпен де ауырған. Осыдан-ақ, аллергия кешенді түрде көрінетін дерт екенін, бір ғана аллергенге реакцияның болуы сирек кездесетінін түсінуге болады.

Сондай-ақ, аллергия – көп жағдайда тұқым қуалайтын дерт. Егер бір ата-ана аллергик болса, баланың да аллергияға бейім болуы 50 пайызды құрайды. Ал егер ата-анасының екеуі де аллергиямен ауырса, бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін артады. Сондықтан отбасылық анамнез де үлкен рөл атқарады.

Аллергиялық аурулар жас ерекшелігіне қарай да әртүрлі сипатта көрініс береді. Мысалы, сәбиде өмірінің алғашқы айларында көбіне атопиялық дерматит, яғни терідегі бөртпелер мен қышу пайда болса, үш жастан асқан соң балаларда жиі бронх демікпесі мен аллергиялық ринит белгілері байқала бастайды. Ал мектеп жасындағы балаларда бұл аурулар тыныс тарылуы, құрғақ жөтел, мұрынның бітелуі сияқты белгілермен өрбуі мүмкін. Жас ұлғайған сайын аллергия ағзада күрделі түрде қалыптасып, сыртқы ортаға сезімталдық күшейе түседі. Осы себепті әр жаста аллергияның өзіндік «бет-бейнесі» болатынын біліп, уақытында дәрігерге қаралу – баланың денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Мамандардың айтуынша, алғашқы белгілерден-ақ дәрігерге жүгіну қажет. Бұл – елеусіз көрінетін, бірақ ескерілмесе, өмірге қауіп төндіретін дерт. Сондықтан дер кезінде тексеріліп, тиісті ем қабылдау – әр ата-ананың басты міндеті.

Әдемі КӘУКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық
университетінің студенті.