Күн жылынып, көк шөп гүлдегенде көптеген адамдардың тынысы тарылып, мұрны бітеліп, түшкіріп, көзі жасаурап, беймаза күй кешеді. Кейбір адамдардың терісі қызарып, бөртіп кетеді. Өсімдік тозаңынан болатын бұл ауру түрі – аллергия деп аталады. Бұл жағдайда аллергологтың көмегіне жүгініп, жағдайды жақсартудың маңызы зор.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында осы мәселе талқыланды. Семей медицина университеті Павлодар филиалының педиатрия кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Қожанова көктем айында маусымдық аллергия белең алғанын айтады. Жыл сайын осы дертке шалдығатындардың қатары артып келеді.

– Жаз басталып, көк шығысымен, аллергиясы бар адамдар әуреге түседі. Осындай маусымдық аллергия кезінде емханаға жүгінетін науқастардың саны күрт артады. Аллергияға шалдыққандар аллергологтың қабылдауына жазылып, тағайындаған дәрі-дәрмекті қабылдау керек. Өздігінен ем қабылдаудың қажеті жоқ. Дәрігер дәрі-дәрмекті тағайындамас бұрын нақты тексерулер жүргізеді және әр пациент үшін жеке ем тағайындайды, – дейді Ақмарал Қожанова.

Ақмарал Қожанова тұрғындарға аллергиядан сақтану үшін кеңес берді. Ең алдымен, аллергиясы бар адамдармен қарым-қатынас жасаудан сақтануға шақырды. Сондай-ақ, өсімдік тозаңдары ауа арқылы тарайтындықтан, әсіресе желді күндері, терезені жауып қойған дұрыс. Газондарды тегістеп орып жатқан жерлерді айналып өту керек. Жаздыгүндері ормандар мен тоғайға бармаған абзал. Демалу үшін сулы, өсімдігі аз теңіз жағалауын таңдау қажет. Өсімдіктердің гүлінен таңғы 5-7 және кешкісін – 17-19 аралығында тозаң бөлінеді. Осы кездерде асығыс шаруа болмаса, көшеге шықпай, үйде болуға тырысқан жөн. Бөлме шаңын ылғалды шүберекпен сүртіп, жиі тазалап отыру маңызды. Ал көшеден келгенде сырт киімді ауыстыру керек.

Аллергия тұқым қуалайды және жүре пайда болады. Бірақ мамандар тұқым қуалайтын жағдай басым екенін айтады. Жүре пайда болатын аллергия химиялық заттардан, өсімдіктерден, тамақтан, қоспалардан және сұлулық салондарында қолданылатын бояулардан пайда болуы мүмкін.

Ақмарал Қожанова өңірде аллерголог мамандарының тапшы екенін жасырмады. Олар көп жағдайда жекеменшік клиникаларда жұмыс істейді. Сондықтан көп жағдайда тұрғындарға дәрігерге қарану үшін қалтасынан ақша шығаурына тура келеді.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.