Алқымнан алған вирус

Қар 27, 2025

Еліміз бойынша балалар арасында жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмау өршіп тұр. Ата-аналар апталап түспейтін дене қызуы мен ұзақ сақталатын құрғақ жөтелмен күресуге дәрменсіз. Көпшілігі дәріханадан қажетті препаратты таппай әбігерге түсуде. Емдеу мекемелерінде орын саны тапшы. Жауапты мамандар симптомы жылдағыдан ерекше вирусты қалыпты ЖРВИ деп сендіріп отыр.

Дене қызуы түспейді

Павлодар қаласының тұрғыны Гүлия Қылышбекқызы өткен аптада 3 баласының қатар ауырып қалғанын айтады. Күйеуі тек аяқ басқан 8-ші дәріханадан жөтел мен вирусқа қарсы препаратты тапқан. Оның өзінде соңғы қорабына үлгерген.

— Сабақтан, балабақшадан келген үш қызымның бір уақытта жөтелі басталып, дене қызуы көтерілді. Жолдасым дәрі-ханадан вирусқа қарсы «Номидес» препаратын көп іздеді. Тіпті, температураны көрсететін қызуөлшегішті (градусник) таба алмады. Амалсыздан көршімнен  уақытша алуға тура келді. Дәріханаларда қызуөлшегіштің жоқтығынан-ақ, вирустың симптомы қатты екенін көруге болады. Көпбалалы ана болғандықтан балалардың жылына бірнеше мәрте ЖРВИ-мен ауыратынын білемін. Ал мұндай ауыр симптомды коронавирус өршіген уақытта көрген едім, — дейді Гүлия Қылышбекқызы.

Дәрігерлер сендіріп отырған қалыпты ЖРВИ болса, ата-аналар қауымы шарасыз күйге түсіп, әлеуметтік желіге өзгелерден баланы қалай емдеп жатқанын сұрар ма еді? Айтуларынша, 40 градусқа дейін көтерілетін дене қызуы «Ибуфен» препаратының көмегімен 38-ге дейін әрең түседі. 1,5-2 сағаттың ішінде қайтадан 40-қа жетеді. Күні-түні температурасы көтерілген бала тез жүдеп, тамаққа деген тәбеті де болмайды. Ас ішпесе де құсып, бойын әлсіздік билейді.

— Қызымның дене қызуы бір апта түспеді. Дәрінің көмегімен тек
38,3-38,5-ке дейін ғана түсіре алдым. Жөтел де көп уақыт басылмады. Учаскелік дәрігеріміз қажетті емді тағайындады. «Эликсир» препаратын жазып берді, антибиотик те іштік. Ем соңында «Пульмикорт» ерітіндісімен ингаляция жасадық. Оған қоса ұлым да ауырды, өзім де вирус жұқтырдым. Балаларым екі апта көлемінде ем қабылдады. Қызым вирустан кейін тез шаршап қалатын болды. Ағзасы әлсіреді. Далаға шықса болды, шаршадым деп мазасы кететін. Екі балам да ауырған кезде бастары ауыратындарын айтып, көп ұйықтай берді. Тамақтан бас тартты. Өзім ауырғанда бастың қалай шыдатпай ауыратынын түсіндім. Бұған дейін ЖРВИ кезінде дәл осындай симптомдар болған емес. Баласы ауырып қалған барлық ата-анаға сабырлық, шыдамдылық тілеймін, —
дейді  Павлодар қаласының тұрғыны Гүлнәз Оразбек.

Ми да, бүйрек те зақымдалады

Еліміз бойынша 3 мыңнан астам сынып қашықтан оқуға көшірілген. Павлодар облысы бойынша 479 сыныптың оқушылары сабақты онлайн форматта оқуда. Қазіргі уақытта облыста 14 жасқа дейінгі 32,8 мың бала ЖРВИ-ге шалдыққан. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері күніне қабылдауға 100-120 бала келетінін айтады. Емдеу мекемесі директорының   жұқпалы аурулар стационары бойынша орынбасары  Әсел Байғанованың айтуынша, эпидемиологиялық маусым басталғалы балалар арасында ЖРВИ мен тұмау өршіген. Бөлімше 225 орынға шақталған. Қазіргі уақытта ЖРВИ жұқтырған 174 бала емделуде. 15 бала пневмонияға шалдыққан. Жансақтау бөлімінде жатқан бала жоқ. Егер ауыратын балалардың саны артатын болса қосымша төсек-орын қарастырылатын болады. Дәрігер ата-аналардан медициналық маска киюді, адам көп жиналатын орындардан және ауырып жүрген адамдармен байланыс орнатудан аулақ болуды, қолды сабынмен жиі жууды сұрайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар инфек-ционисі Динагүл Баешева ата-аналар назарына жіті респираторлық вирустың асқыну белгілерін атады.

— 5 жасқа дейінгі балалардың ата-анасына вирус симптомдарын білу өте маңызды. Кез келген инфекция кезінде бала тамақ пен су ішпесе, жағдайы нашарлап, дене қызуы түспесе, демігіп, қалтыраса, тоқтаусыз жыласа немесе ұйқыдан бас алмай, маужыраған күйде болса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Бұл аурудың ауыр өтіп жатқанын білдіреді.  Асқыну әр түрлі болады. ЖРВИ кезінде тыныс жолдары сыр беріп, бронхиолит, бронхит, пневмония, құлақ, бет сүйегінің мұрынға жалғасқан қуыстары қабынуы мүмкін. Тұмау кезінде ми, жүрек, өкпе, бүйрек те зақымдалуы мүмкін. Сондықтан тұмауға бейжай қарауға болмайды, — деді маман.

«Жаңа вирус емес!»

Қалың көпшілік күресіп жатқан вирусты Гонконг тұмауымен байланыстырады. Ал Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Гонконг тұмауы жаңа штамм емес екенін мәлім етті.

— Әлеуметтік желіде Гонконг тұмауы деген вирустың тарап жатқаны туралы қауесет тарап жатыр. Гонконг тұмауы деп жүрген АH3N2 вирусы жаңа вирус емес. Ол алғаш рет 1968 жылы тіркеліп, Қазақстан аумағында талай жылдан бері кездесіп келеді. Оның таралу кезеңі — қалыпты тұмау маусымының бір бөлігі. Биыл тұмаудың таралуы қазан айының алғашқы жартысында басталды, — деді ол.

Вице-министр тұмаудың алдын алу үшін вакцина салдыруға болатынын еске салды.

Аурушаңдық өсуімен қатар кей өңір-лерде вирусқа қарсы препараттармен қамтуда уақытша қиындықтар байқалып отыр. Астанада тұрғындар кейбір дәрілерге сұраныс артқанын әрі дәріханаларда жоқ екеніне шағымданған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселенің бірқатар препаратқа сұраныстың күрт артуымен байланысты деп түсіндірді.

— Жағдай бақылауда. Дене қызуын түсіретін, қабынуға қарсы дәрілер және басқа да препараттар бойынша екі айдан артық жеткілікті қор бар. Алайда  «Флувир» мен «Флукап» препараттарына сұраныс артты. Бірқатар дәріханада олар уақытша болмады. Бірақ алдағы күндері ірі көлемдегі жеткізілімдер күтіліп отыр, — деп хабарлады Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласының Бас мемлекеттік санита-
риялық дәрігері Айгүл Шағалтаева
жіті респираторлық вирустық инфек-циялар (ЖРВИ) мен тұмаудың өсуіне байланысты санитариялық індетке қарсы (профилактикалық) іс-шараларды күшейту туралы қаулы қабылдады.

Эпидемиологтар алдағы айларда ел аумағында A(H3N2), A(H1N1) және B вирустарының тарауы қайта күшейетінін айтады. Мутацияға бейімділігі жоғары H3N2 штамы әлі де толық болжанбайтын вирус болып қалып отыр. Мамандардың болжамынша, тұмаудың таралу қарқыны желтоқсан айының ортасында бәсеңдей бастайды. Дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын назардан тыс қалды-рмауға және профилактиканы ұмытпауға шақырады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.