Анықтама – электронды нұсқада

Ақп 13, 2025

Биылдан бастап еңбекке уақытша жарамсыздық парағы электронды түрде ғана қолжетімді. Стационарлық немесе амбулаторлық жағдайда емдел-
ген адамдар аталған қағазды алу үшін дәрігерге барып әуре болмайды. Мұндай жаңашылдық қағаз жүзіндегі құжаттарды онтайландыру және оны пайдалануды азайту үшін қолға алынған.

2025 жылы медициналық анықтамалардың 8 түрі электронды форматқа ауысты. Қазіргі уақытта «Амбулаториялық-емханалық көмек» ақпараттық жүйесі арқылы құжаттарды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы 1 қаңтардан бастап еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, 075/е «Медициналық анықтамасы», 026/е «Дәрігерлер кеңесінің  қорытындысы», 073/е «Көлік басқаруға рұқсат беру туралы анықтамасы,  069/е «Санаториялық-курорттық карта»,  052-2/е «Баланың денсаулық паспорты», 076/е «Қаруға рұқсат алу» құжаты, 038/е «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтамасы» қағаз жүзінде ұсынылмайды. Бұл құжаттың бәрі тек электронды форматта беріледі.

Қазіргі уақытта жергілікті емдеу мекемелері аталған анықтамаларды электронды және қағаз түрінде беруде. Ақпараттық жүйеде дербес медициналық деректер толық  ретке келтірілгеннен кейін аталған анықтамалар қағаз жүзінде көрсетілмейтін болады.

Тұрғындар жоғарыда аталған қажетті анықтаманы eGov mobile мобильдік қосымшасындағы «eDensaulyq» бөлімі және «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы бақылап, жүктей алады. Жұмыс орнына осы электронды нұсқаны ұсынады.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.