Павлодар облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ауылдағы тұрғындарға қызмет көрсету үшін жолға шықты. Жуырда 26 дәрігер мінген пойыз алғашқы аялдама — Шідерті ауылына тоқтады.
28 тамызда шалғайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеруді бастаған медициналық кешен өз жұмысын бүгін аяқтайды. Яғни, дәрігерлер ауылдағы ағайынға бір апта бойы қызмет көрсетті. Медициналық пойыз бүгінде 7 аймақты аралап шыққан.
– «Саламатты Қазақстан» пойызы еліміз бойынша өз саяхатын 21 мамырда бастады. Осы уақыт аралығында шамамен 32-33 мың адамның денсаулығы тексеріліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Елді мекен тұрғындары салалық дәрігерлерге тексерілу үшін жолға шығып, кезек күтуге мәжбүр болады. Медициналық пойыз қабылдап қана қоймай, зертханалық сараптамаларды да жүргізеді. Біз 6 ай көлемінде облыстағы ауылдарды аралаймыз. Жылжымалы медициналық кешен өз жұмысын желтоқсан айында аяқтайды, — дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының аға дәрігері Елнұр Маханов.
Бригада құрамындағы дәрігерлер 15 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл ретте жұртшылық терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, офтальмолог, тіс дәрігері, кардиолог, гинеколог, психолог, отоларинголог, ультрадыбыстық маман, рентгенологтың көмегін ала алады.
– Қатардағы дәрігерлердің бәрінде екі сертификат бар. Олар ересектерге де, балаларға да көмек көрсете алады. Ультрадыбыстық зерттеу, рентген, маммография, электрокардиография құрылғылары да бар. Жылжымалы медициналық кешенде науқасқа дұрыс диагноз қойып, қажетті талдаулар жүргіземіз. Қажет болған жағдайда
әрі қарай тексерілуі үшін бағыт береміз, — дейді аға дәрігер.
Медициналық пойыз 4 вагоннан тұрады. Дәрігерлердің кеңесі мен көмегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, емделуші қалтасынан ақы төлемейді. Елнұр Маханов пойызға келген науқас өзімен бірге жеке куәлігін немесе төлқұжатын әкелуі тиіс екенін айтады. Тіркеу бөлімінен қажетті салалық дәрігерлерді таңдай алады. Дәрігер қабылдауына кіріп, қажетті зертханалық сараптама тапсырады. Сәйкесінше, ем тағайындалады.
Биыл жылжымалы медициналық кешен жұмысына жаңашылдық енгізілген.
– Биылдан бастап пойыздағы дәрігерлер науқастарды үйлеріне барып тексере алады. Төрт маманнан тұратын мобильді бригада денсаулық жағдайына байланысты өздігінен пойызға келе алмайтын науқастарды үйлерінде қабылдайды. Мұндай көмектің өзі ауыл халқы үшін таптырмас мүмкіндік, – дейді Елнұр Маханов.
Шідерті ауылында 3 мыңнан астам адам тұрады. Елді мекенде дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Салалық дәрігерлерге жазылғысы келетін тұрғындар Екібастұз қаласындағы №3 емханаға барады.
29 тамызда «Саламатты Қазақстан» пойызы Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінде, 30 тамызда Ақсу қаласына қарасты Спутник ауылына тоқтаса, 31 тамыз — 1 қыркүйек аралығында Шарбақты ауданында, 2-3 қыркүйекте Май ауданындағы Көктөбе ауылында қызмет көрсетті. Бүгін аталмыш аудандағы Жұмыскер ауылының халқына қызмет көрсетуде. Емделушілерді қабылдау таңғы сағат 09.00-де басталып, кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.