Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы облыстағы бірегей «Денситометр» рентген құрылғысын сатып алды. Аймақ тұрғындары заманауи құрылғының көмегіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүгіне алады.
Денситометрия – бұл сүйек тінінің тығыздығын және сынықтар қаупін диагностикалау әдісі. Талдаудың бұл түрі арқылы сүйектегі кальций деңгейі, жалпы тығыздық пен сүйектің беткі қабатының қалыңдығы өлшенеді.
Облыстық аурухананың рентгенология бөлімінің меңгерушісі Виталий Мельниковтың айтуынша, бұл құрал сүйектің минералды тығыздығын екі критерий бойынша өлшейді. Сондай-ақ, аппарат сүйектің құрылымын өлшеп, сыну қаупін тексереді. Оның көмегімен ішкі май мен тері асты майының пайыздық мөлшерін де өлшеуге болады.
Павлодар қаласының тұрғыны, 74 жастағы Лидия Фатыхова буындардағы ауырсыну мен қаттылықты тудыратын ревматоидты артритке шалдыққан. Ол биыл аяғынан ауырып, төсектен тұра алмай қалған. Науқас алғашқылардың бірі болып, жаңа рентген аппараты арқылы тексеруден өтті.
— Қазір медицина саласында тың өзгерістер орын алуда. Бәрі біз сияқты көмекке мұқтаж халық үшін жасалуда деп ойлаймын. Аяғымдағы сүйек тамырлары тартылып, жаз айында жүре алмай қалдым. Жаңа құрылғының көмегімен дәрігерлер қажетті емді тағайындайды, — дейді науқас.
Денситометр сүйектің сыну қаупін тудыратын остеопорозды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер бұл ауру көп жағдайда қартайған адамдарда кездесетінін айтады. Егер сіздің бойыңыздың өлшемі 5 сантиметрге кемісе, аяқта остеопороз белгісі барын білдіреді. Қант диабеті, ревматологиялық және онкологиялық ауруларға шалдыққандар да осы дертпен күреседі екен. Мұндай сырқаттың алдын алу мақсатында мамандар 50 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ерлерге денситометрия құрылғысы арқылы тексеруден өтуге кеңес береді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.